Неміс футболының жарық жұлдызы Харальд Шумахердің есімі жанкүйерлерге жақсы таныс. Өткен ғасырдың жетпісінші және сексенінші жылдары ол «Кельн» клубы мен Германия ұлттық құрамасының тасқамал қақпашысы болды. Әріптестері оны «Тони» деп еркелететін.
Тони 1954 жылы Германия Федеративтік Республикасының (ГФР) батысында орналасқан Дюрен деп аталатын шағын қалада дүниеге келді. Жергілікті футбол клубында шеберлігін шыңдаған бозбала көп ұзамай майталман мамандардың назарына ілікті. 1972 жылы Шумахер «Кельн» клубымен келсімшартқа отырды. Сол кезден бастап оның жұлдызы жарқырай жанды. 1977 және 1978 жылдары айтулы команда қатарынан екі рет ГФР кубогын иеленіп, ел чемпионы атанғаннан кейін Тони ұлттық құрама сапына шақырылды.
Шумахердің халықаралық аренада қол жеткізген табыстарына тоқталатын болсақ, ол 1980 жылы Еуропа чемпионы, 1982 және 1986 жылдары әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Бундеслигада 422 кездесу өткізіп, Германия чемпионатында бір алтын, бір күміс және бір қола медальды олжалады. Кубоктық бәсекеде үш мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. 1984 және 1986 жылдары Шумахер Германияның ең үздік футболшысы деп танылды. Сол кезеңде үш рет Еуропаның теңдессіз футболшысы атағынан үміткерлер тізімінде болды. Алайда «Алтын доп» оған бұйырмады. Есесіне, 1986 жылы «Күміс доп» пен әлем чемпионатының ең үздік қақпашысына тиесілі «Алтын қолғабын» иеленді. Сонымен қатар әлемнің шартты құрамасына енді. Міне, қысқа қайырсақ, Тонидің қол жеткізген табыстары осындай.
1980 жылы Еуропа чемпионаты барысында өткен жаттығулардың бірінде Тони саусағын сындырып алды. Жарақат алғаны жайында ол тек өзінің досы Рюдигер Шмитцқа ғана айтады. Басқалары бұл жағдайдан бейхабар еді. Досы екеуі ақылдасып, ақыры жаңа қолғап ойлап табады. Онда сау саусақ сынған саусақты тіреп тұрады. Сол қолғаппен қақпашы финалдық матчқа шығады. Италиядағы доп додасындағы Тонидің тамаша ойынының арқасында Германия Еуропа чемпионы атанды.
1982 жылы Испанияда ұйымдастырылған әлем чемпионатында Шумахер дөрекілігімен көзге түсті. Франциямен өткен жартылай финалдық сайыста өзімен бетпе-бет келген Патрик Баттистонды шалып құлатып, барлық салмағымен үстіне жата кетеді. Ол ес-түссіз жерге құлайды. Дәрігерлер ойыншыны зембілге салып әкетеді. Кейіннен Баттистонның қасқа тістері сынып, миы шайқалғаны белгілі болады. Ауруханаға жеткізілгенде мойын омыртқалары сынғаны анықталады. Тонидің осындай қатыгездікке барғанына көрермендер кәдімгідей шамданады. Тіптен атына лағынет айтқан фанаттар да жоқ емес. Неміс қақпашысы алғашында түк болмағандай бейқам жүреді. Бірақ кейіннен айналысындағы адамдардың оған деген көзқарасы өзгергенін сезеді. Содан ол кеш болса да Баттистоннан кешірім сұрайды. Францияның футболшысы оған еш кек сақтамағанын айтады. Екеуі қол алысып, бір-бірінің арқасынан қағады. Тек содан кейін ғана жанкүйерлердің жүрегі жібіп, Шумахер қайта жанкүйерлердің сүйіктісіне айналады.
Дамыған мемлекеттің қай-қайсысын алсаңыздар да, футболға қаражатты үйіп-төгіп бөліп жатыр. Ал ақша бар жерде арамзалар мен алаяқтардың да жүретіні белгілі. Олар ел спортының мүддесін емес, жеке бастарының қамын күйттеп, өздерінің құдықтай құлқындарын толтыруды ойлайды. Содан алдын ала келісіп алып, халықты алдауға кіріседі. Оның барлығы да жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған букмекерлік кеңселердің кесірі.
1987 жылы Тони Шумахердің өмірін күрт өзгерткен бір оқиға болды. Жоғарыдағы жайттардың барлығын зерттеп, зерделей келе «Ысқырық» деп аталатын кітап жазды. Онда тек өзінің өмірбаянын баяндап қана қоймай, Германия футболын жемқорлық жайлағаны жайында кеңінен әңгімелейді. Неміс футбол одағындағы шенеуніктердің былығын жасырмай жазып, бұлжытпас айғақтарды алға тартады. Мәселен, 1984/85 жылғы маусымда УЕФА кубогы жолындағы кездесуде Мәскеудің «Спартагына» қарсы кездесуде «Кельннің» ойыншылары жасыл алаңға допинг қолданып шыққанын тілге тиек етеді.
«Ысқырық» жүздеген мың тиражбен әлемнің көптеген еліне тарады. Бұл кітапты ел-жұрт іздеп жүріп оқыды. Сол оқиғадан соң Шумахер жазушылық қырынан танылғанымен, қақпашы ретінде бағы байланады. Атап айтсақ, ол өзі талай жылдар өнер көрсеткен «Кельннен» қуылып, ұлттық құрама сапынан ығыстырылды. Қудалауға ұшырап, кәдімгідей теперіш көрді. Содан Тони елден кетіп, Түркияға қоныс аударады.1988-1991 жылдар аралығында ол Ыстанбұлдың «Фенербахчесінде» өнер көрсетеді. Бұл жерде Шумахер де олжаға кенелді. Өз командасымен бірге Түркия чемпионатын ұтып, ел суперкубогын иеленді. Сол жарыстарда бірнеше рет жүлделі орындарды еншіледі. Бірақ жоғарыдағы оқиғадан кейін Германияның бас командасына ол бірде-бір рет шақырылмады.
Уақыт өте жағдай біраз тұрақталған соң Шумахер қайта Германияға оралды. Бірде Мюнхенннің «Бавариясы», бірде Дортмундтың «Боруссиясының» қақпасын қорғады. Алайда ол бұрынғы деңгейінде өнер көрсете алмады. Содан 1996 жылы 42 жастағы атышулы қақпашы үлкен спорттан қол үзді. Міне, кезінде керемет өнерімен көзге түсіп, кейіннен шындықты айтып шырылдаған Харальд «Тони» Шумахердің тағдыры осындай.
АЛМАТЫ