Қазақстандық, әлемнің 28-ракеткасы Юлия Путинцева Аделаида турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды Egemen.kz Ұлттық олимпиада комитетінің сайтына сілтеме жасап.
Осы жарыстың 7-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 54-орында тұрған германиялық Лаура Зигемундпен кездесті.
Бірінші партияда Ю. Путинцева брейк жасап, жеңіске жете алды. Есеп 6:4 болды. Екінші сетте есеп 2:1 болған мезетте қазақстандық теннисші брейкке қол жеткізді. Алайда Л. Зигемунд сол бойда қарымта қайырып, таразы басын теңестірді – 3:3.
Дегенмен Ю. Путинцева матчты тағы бір брейкпен бітірді – 6:4. Біршама тартысты өткен бәсеке 1 сағат 49 минутқа созылды. Юлия ширек финалға шығу үшін рейтингте 292-сатыдағы аустралиялық Сторм Сэндерспен таласады.