Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында үш ауысымдағы оқу мәселесі реттелді. Бұл туралы «24 kz» хабарлады.
«Шаһарды кешенді дамыту» бағдарламасына сәйкес, қала орталығында 900 оқушыға арналған жаңа білім ордасы пайдалануға берілді. Жаңаөзенге қарасты Рахат кентінің тұрғындарына да жаңа жылдық тамаша тарту жасалды. Отыз мың халқы бар ауылда заман талабына сай салынған емхана ел игілігіне қызмет жасайтын болды.
Жаңа мектепте оқушылардың сапалы білім алуына толық жағдай жасалған. Бұл жерде 3 бірдей компьютер сыныбы, интерактивті тақталармен жабдықталған бірнеше кабинет, жаратылыстану пәндері үшін арнайы зертханалар бар. Қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған спорт залдары мен кітапхана жұмыс істеп тұр. Білім ошағын салуға мемлекет қазынасынан 1,5 млрд. теңге бөлінген екен. «Енді бір ауысымда оқып, түстен кейін ҰБТ-ға дайындалудың мүмкіндігі туды. Жалпы айтқанда, бұл игі іс барлық оқушылардың көптен күткен қуанышы еді», - дейді оқушы Тілектес Сапарбаева.
Жаңаөзен қалалық білім бөлімінің басшысы Гүләйім Азанның мәлімдеуінше, жаңа оқу жылы басында Бостандық шағын ауданында 624 орындық мектеп пайдалануға берілген. Арада санаулы уақыт өткенде Теңге ауылында 900 орындық мектеп өз оқушыларына есігін айқара ашты. Осының негізінде үш ауысымда оқу мәселесі ретке келтірілген.
Бақытбек Кенешұлы.
Дереккөз: «24 kz»
Фото: Nomad.su