• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
28 Желтоқсан, 2013

Ертеңі еңселі елорда

397 рет
көрсетілді

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы, елордадағы мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылуы мәселелеріне арналған брифинг болып өтті. Онда қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов баяндама жасап, БАҚ өкілдерінің қойған сан-салалы сұрақтарына жауап берді.

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы, елордадағы мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылуы мәселелеріне арналған брифинг болып өтті. Онда қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов баяндама жасап, БАҚ өкілдерінің қойған сан-салалы сұрақтарына жауап берді.

Жиындағы кіріспе сөзінде Иманғали Тасмағамбетов елор­даның әлеуметтік-экономикалық дамуының нақты көрсеткіштеріне тоқталып, әр саладағы қол жет­кізген жетістіктер хақында жан-жақты баяндады. «2013 жылы қаламыздың ішкі жалпы өнімі 7 пайызға өсіп, 2 триллион 7 миллиард теңгеден асады деп күтілуде. Орташа жалақы мөлшері 165 мың теңге болады. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың нәтижесінде биыл олар өндіретін өнім көлемі алғаш рет 1 триллион 100 миллиард теңгеге жетті», деді әкім.

Бұдан бөлек, қала әкімі емхана­лардағы ұзын-сонар кезекті алдағы жылдың соңына қарай болдырмау мәселесі туралы айтты. Денсаулық сақтау саласында қала әкімдігінің барлық күш-жігері емханалық буындағы жүктемені жеңілдетуге бағытталғанын атап өтті. Бір жыл бұрын емханалар екі есе жүктемемен жұмыс істеген екен. Емдеу мекемелерінің тапшылығын шешу мақсатында өткен жылы екі ауруханадан бөлек, бір емхана тапсырылды. Биылғы желтоқсанда тағы бір амбулаториялық-емханалық кешен ашылды. Осы емхананың пайдалануға берілуімен және Сол жағалауда 2014 жылдың екінші жартысында амбулаториялық-емханалық кешеннің, сондай-ақ, Ильинка елді мекені мен Досмұхамедов көшесі бойында емханалардың ашылуымен елордада тұрғындарды емханалық қызметпен қамту нормативті қалыпты жағдайға көшеді. «Яғни, біз 2014 жылдың соңына қарай емханаларда мұндай ұзын-сонар кезек болмайды деп жоспарлаудамыз», деп нақтылады әкім.

Қала басшысы мектептер мәселесіне тоқтала келе, бұл салада 23 мың оқушы орны тапшы болып отырғандығын, биылғы оқу жылының өзінде Астанаға мектеп жасындағы 5 мыңға тарта бала келгенін жеткізді.

Соңғы жылдары елордаға сырттан келетін адамдар қатары артып, ішкі миг­рация күрделі мәселеге айналып отыр. Мәселен, жыл басынан бері ХҚО-ларда еліміздің басқа өңірлерінен елордаға келген 101 283 адам тіркелген, ал тіркеуден шық­қандар саны 22 747 адам. Яғни, жыл басы­нан бері елордаға келген адамдардың 78 мың­нан астамы осында тұрақтап қалған.

«Әрине, қарқынды даму үрдісі елорданы еліміздің барша өңірлерінің адамдары үшін тұрғылықты жер ретінде тартымды етуде. Олардың өздерінің болашағын Астанамен байланыстыру ниеті ауқымды ішкі көші-қонға себеп болуда. Осы орайда, бұл әлеуметтік салаға күрделі ауыртпалық түсіреді. Өз кезегінде осының нәтижесі балабақшалардағы орындардың жеткіліксіздігіне соқтырады», – деді әкім. Бүгінде қалада алты жасқа дейінгі 110 мыңнан астам бала бар. Қала мүмкіндігін ескерсек, балабақшаға 32 684 бала орна­ластырылған. Жалпы, қазіргі кезде кезектегі балалар саны 72 мыңға жуық. Белгілі болғандай, соңғы 4 жылда елордада 80 балабақша салынған. 2014 жылы тағы 17 мектепке дейінгі мекемені пай­далануға беру жоспарланған.

Қала әкіміне қойылған сауалдардың бірқатары жеке тұрғын үй құрылысына жер телімдерін бөлу мен қала маңындағы ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту мәселесі төңірегінде болды. Иманғали Тасмағамбетов атап көрсеткендей, Астана қаласы аумағының жер көлемі 71 мың гектар. Қаладан 60 шақырым қашықтықтағы 80 ауылда 156 мың адам тұрады. Алайда, олардың кейбірі Қарағанды облысына, ал кейбірі Ақмола облысына қарайды. «Оларды қазір коммуникациямен, жолмен, әлеуметтік мәселелермен, яғни балабақшамен қамтамасыз ету менің құзырымда емес. Бұл – екі облыстың шаруасы. Мен оларды ысырып тастап отырған жоқпын, өйткені, ауылдарда тұратын халықтың көбісі Астанада жұмыс істейді. Көбісі қалада балаларын оқытып, денсаулық сақтау мекемелерінде ем қабылдайды. Сондықтан бұл бағытта арнайы бағдарлама қабылданды. Қазір бұл ауылдарда халық саны 156 мың болса, орта есеппен 250 мыңға дейін өсуіне жағдай болады», деп тоқталды әкім.

Астанаға қосылған 20 ауыл бар. Осыдан үш жыл бұрын мәслихат қабылдаған шешімге сәйкес, аталған ауылдардың күрделі мәселелерін шешу назарға алынды. «Бүгінде 6 ауылдағы мәселелер толықтай шешілді, ал басқаларында қаражатқа байланысты жұмысы жүріп жатыр. Сондықтан біздің алдымызға қойып отырған міндет қалаға қосылған 20 ауылдағы қордаланған мәселелерді шешу. Қалған ауылдардағы проблемалар облыстың жағдайына байланысты», деді И.Тасмағамбетов. Осы орайда, қала әкімі жер телімін алған азаматтар үй салып алғаннан кейін қажетті инфрақұрылым болмағандықтан, көптеген қиындықтарға тап болатынын тілге тиек етті. Сондықтан қажетті инфрақұрылым тартылмаған аумақтардан жер телімі берілмейтіндігін атап көрсетті.

Иманғали Тасмағамбетов «Егемен Қазақстан» газеті тілшісінің қойған сұрағына байланысты осы басылымның 26 желтоқсан күнгі санында «Үкімет назарына» атты айдармен жарық көрген «ПИК – күрмеуі күрделі кооператив» атты проблемалық мақалаға байланысты өзінің ойын білдірді. Әкім атап көрсеткендей, қаламыздағы пәтер иелері кооперативтерінің жұмысы ешбір сын көтермейді. Олар халықтан жиналған миллиондаған қаржыны мақсатсыз жұмсап, көпқабатты тұрғын үйлердің инженерлік-коммуникациялық жүйелерінің ескіруін туындатып отыр. Жарғылары бойынша қоғамдық ұйым болып табылатын ПИК-тердің жұмысын реттеп, бақылау жасауға әкімдіктің құзыры жоқ. Алдағы уақытта бұл мәселені мемлекеттік тұрғыдан шешу қажет.

Иманғали Тасмағамбетов өз сөзінде Астана қаласының өзін өзі толық қам­тамасыз етуге қаржысы жететін қала дәрежесіне көтерілгендігін ерекше айтты. 2015 жылдан бастап елорда рес­пуб­ликамыздағы донор өңірлердің төрт­тігінің құрамына кіреді. Әкім бұл қала экономикасының үлкен жетістігі екен­дігін атап өтті.

Кеше Астана әкімі өзінің алым­ды­лы­ғын да, сөзінің шалымдылығын да кемел көрсетті. Журналистермен екі жарым сағат бойы етене сырласа сөйлескен, қала тіршілігін алақанында ойнатқан аза­матты БАҚ үшін жабық адам ретінде си­пат­таудың тіпті жөнсіздігі айдан анық.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар