Шымкентте коронавирусқа қарсы «Спутник V» екпесінің ерікті вакцинациялау науқанының екінші компоненті басталды. Қалаға вакцинаның тағы 1000 дозасы жеткізіліп, төрт екпе бекетінде жүргізіліп отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов вакцинаның екінші компонентін салдырды. Әуелі №3 емханада дәрігердің тексеруінен өтіп, қарсы көрсеткіштер анықталмағандықтан екпенің екінші дозасы салынды. Қазір шаһар басшысының денсаулық жағдайы жақсы.
Шымкент қаласында 1-19 ақпан аралығында «Спутник V» вакцинасының бірінші компоненті салынған болатын. Бұған дейін вакцина алғандар екіншісін де алу қажет.
Қалаға жеткізілген вакцинаның екінші компоненті коронавирус инфекциясымен алдыңғы қатарда күресетін медицина қызметкерлері алады. Мұнан кейін жоспар бойынша ерікті түрде мұғалімдер мен полицейлерге салынады.
Вакцинацияға келген адам міндетті түрде дәрігер тексеруінен өтеді. Мұндай профилактикалық егуге қарсы көрсеткіштері жоқ адамдар ғана жіберіледі.