• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Ақпан, 2021

Ақтөбе облысында 10 мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі

652 рет
көрсетілді

Бұл туралы Ақтөбе облыстық мәслихаттың кезекті екінші сессиясында  белгілі болды деп  хабарлайды Egemen.kz.

Өткен жылғы бюджеттен үнемделген 13 миллиард теңге қаржы мен салықтан түскен  қосымша 6 миллиард теңгеге Мұғалжар ауданының Талдысай және Алтынды, Қобда ауданының Терісаққан,  Ырғыз ауданының Жарма  елді мекендерінде төрт мектеп құрылысы басталатын болды. Соның ішінде  Талдысай ауылындағы 100 орындық орта мектеп құрылысына 150 миллион теңге,  қалған 60 орындық үш мектептің әрқайсысына  100 миллион теңгеден бөлінді.

Әйтеке би, Байғанин, Хромтау аудандарындағы алты мектеп, Темір, Мұғалжар аудандарынан екі мектеп, Ақтөбе қаласындағы №33  орта мектеп пен  политехникалық колледж ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Өткен жылдан  үнемделген қаржыға  алыс елді мекендердің балаларын  мектепке таситын 15  автобус сатып алуға облыстық бюджеттен 269 миллион 584 мың теңге бөлінді. Биылғы жыл бюджетінде  әрбір жаңа автобустың құны 17 миллион 208 мың теңгеге бағаланған. Қазіргі уақытта 9 аудандағы 18 мектеп автобусы жарақсыз күйде тұр.  2009 жылы шығарылған бірнеше  ресейлік «ПАЗ –32053»  көліктері  істен шыққан. Мәселен,  Әйтеке би ауданындағы Жағалау елді мекенінен Қарабұтақтағы Т. Шевченко атындағы орта мектепке ауылдағы 7 баланы таситын автобус  сынып тұр. Екі ауылдың арасы 7  километр. Сол сияқты Қарғалы ауданындағы мектебі жоқ Кемпірсай ауылының  9 оқушысы  аудан орталығы Бадамша елді мекеніндегі №2 орта мектепке барып оқуға мәжбүр. Кемпірсай мен Бадамшаның арасы 7 километр.

Тұрғындар санының аздығы мен ірі елді мекенге жақын орналасқандықтан, мұндай шағын ауылдарда  мектеп салу жоспарға енгізілмеген. Десек те, қашықтағы елді мекендердің балаларын таситын  бір автобусқа жұмсалатын шығын мөлшері  жылына 7 миллион теңгеден артық. Оған жүргізушінің жалақысы,  көлік бөлшектерін сатып алу мен жөндеуге, жанармайға  жұмсалатын шығындар кіреді. 

Осы кезге дейін оқушыларды көлікпен тасымалдауды  ауыл әкімдері ұйымдастырып келсе,  биылғы жылдан бастап  осы жұмыс облыстық білім басқармасының құзырына енгізілді.

Айта кету керек, Ақтөбе қаласы мен аудандарында үйлері мектептен 3 километрден артық қашықтықта орналасқан 14 мың 323 оқушы бар.  Ал,  3621 мектеп оқушысын 53  автобус күнделікті тасымалдайды.