1991 жылғы 1 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің алғашқы бүкілхалықтық сайлауы өтті. Бұл күн қазақстандықтардың алғаш рет өз Президентін өзі таңдап, ел дербестігі демократиялық сайлау арқылы мақұлданған айтулы күн ретінде тарихта қалды. Шын мәнінде дәл осы күні еліміздің тарихында алғаш рет нағыз демократия талаптарына сәйкес келетін бүкілхалықтық сайлау өткен еді.
Осылайша, Қазақстан халқы өзінің тағдырын, мемлекеттің болашағын Президентке сеніп тапсыра алатынын алғаш рет айқын сезіне алды. Нақтылай айтқанда, 1991 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тарихында жаңа қоғамдық-саяси кезеңге сәтті қадам жасалып, ел еңсесі көтеріліп қалды. Сайлау нәтижесі тек ел Президентін айқындап қана қойған жоқ, сонымен бірге Қазақстанның өз тәуелсіздігін жариялау мәселесін күн тәртібіне шығаруына кеңінен жол ашты. Бұл тәуелсіздік тарихындағы ең шешуші қадамның бірі – Тұңғыш Президент сайлауы болғанын анық аңғартады.
Аталған бүкілхалықтық сайлауда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сайлауға қатысқан дауыс берушілердің 98,7 пайызының дауысына ие болды. Сайлауға дауыс беру құқығы бар азаматтардың 88,2 пайызы қатысып, қазақстандықтар зор саяси белсенділік танытты.
Сол күндердің атмосферасы әлі күнге дейін есімде. Кеңес Одағының соңғы күндері еді, одақтас республикалар бірінен соң бірі өз егемендігін жариялап жатты. Мұның өзі бұрынғы шаруашылық байланыстардың үзіліп, экономиканың көз алдымызда құлдырап, кәсіпорындардың тоқтауына, жұмыссыздық ұлғайып, адамдардың әлеуметтік жағдайы күрт нашарлауына әкеліп соқты.
Осындай қиын-қыстау кезеңде Нұрсұлтан Назарбаев халық пен мемлекеттің тағдырына қатысты барлық жауапкершілікті өз мойнына алды. Оған жаңа тәуелсіз мемлекетті қалыптастырудың бастауында тұрудың аса жауапты миссиясы жүктелді.
1991 жылы тікелей және бүкілхалықтық Президент сайлауы жарияланған кезде Қазақстан халқы оны мақұлдай отырып қабыл алды. Сайлау азаматтардың белсенділігін бұрын-соңды болмаған деңгейде арттыра түсті. Ал олардың Қазақстанның Тұңғыш Президентін сайлауға нақты қатысуы Отан тағдыры үшін жауапкершілік сезімін арттырып, патриотизм мен рухани өрлеудің шарықтауына жол ашты.
Жаппай барлық жерде Нұрсұлтан Әбішұлының кандидатурасын қолдауда бастамашыл топтар құрыла бастады. Кандидаттың сенімді тұлғаларының ішінде қоғамның көптеген жарқын өкілі болды. Сол кездегі барлық әрекет етуші саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар, діни қайраткерлер, зиялы қауым, жастар, мұғалімдер мен дәрігерлер, көптеген еңбек ұжымы Нұрсұлтан Назарбаевты қуана қолдайтындарын білдірді. Сайлау үрдісі заманауи сайлау технологияларын қолданбай-ақ, демократиялық тұрғыда өткенін ерекше атап өткім келеді.
Президент сайлауына қатысушы және ұйымдастырушы ретінде мен барлық өңірдегі сайлаушылардың өздері сенім артқан кандидатын – Нұрсұлтан Назарбаевты қалай қарсы алғанына куә болдым. Адамдар стадиондарда, зауыттарда, фабрикаларда көптеп жиналып, өзекті мәселелерді көтерді. Олар балаларының болашағы, елдің болашағы үшін алаңдаушылық таныта отырып, өз ұсыныстары мен аманаттарын айтты.
Сайлаушылар алдында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Әбішұлы алдағы жылдарда туындайтын қиындықтарды жасырмады, КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстанды не күтіп тұрғанын ашық айтты. Оның республиканы дамытудың негізі ретінде қоғамда этносаралық және діни келісімді сақтауға, бірлікке шақыруы барша жұрттың тарапынан толық түсіністік пен қолдауға ие болды. Ол коммунистік жүйенің қайтып келмейтінін, жаңа кезеңдер туатынын айта келіп, бұлармен бірге күтпеген жаңа өзгерістер де туындайтынына, алда жақсы күндер күтіп тұрғанына сенім білдірді. Сонымен қатар Елбасы экономикалық басымдықтар, саяси өзгерістер жолдары және ел дамуының рухани-идеологиялық модельдері туралы өз көзқарасын ортаға салды.
Куәгерлер мен сайлауға қатысушылар осы күнге дейін 1991 жылғы 1 желтоқсанда барлық сайлау учаскесінде, қалалар мен ауылдарда жалпыхалықтық мереке болғанын естерінен шығармайды. Себебі басқаша болуы да мүмкін емес еді, өйткені Қазақстан халқы қазіргі заманғы тарихта тұңғыш рет мемлекеттің бірінші басшысын өзі сайлады.
Бұл ретте Нұрсұлтан Әбішұлының өзіндік дара харизмалық тұлғасы маңызды рөл атқарғанын айта кеткен жөн. Оның әңгіме жүргізу қабілеті, қарапайым адамдардың өмірін терең түсіне білуі, елдің ішкі және сыртқы саясатының болашағын тап баса болжай білу қасиеті, әлемдік саяси-экономикалық үрдістерді, заман ағымын саралай алатын білімділігі, өз ісінің дұрыстығына деген берік сенімі, алғырлығы, саяси ерік-жігері әрқашан да шынайы таңдануды тудырды.
Кейін егемен еліміздің тарихындағы айтулы датаға айналған 1 желтоқсан жаңа мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні болып бекітілді. Әрине, ол заңды да. Нақты айтар болсам, 2011 жылдың 10 желтоқсанында Парламент Сенаты депутаттарының бастамасымен «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтыру енгізу туралы» заң қабылданды.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің бірлігін, Ата заңын, адам мен адамзаттың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз еткен жаңа тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы тұлға екені дау тудырмайды. Бұл – анық та ақиқат жайт. Сондықтан аталған Заңның қабылдануы арқылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мемлекетімізге сіңірген өлшеусіз еңбегі нақты танылды. Сондай-ақ бұл шешім арқылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанға, өз халқына сіңірген еңбегіне баға беріліп қана қойылған жоқ, тәуелсіз Қазақстанның даму жолындағы Президент институтының мәртебесіне, оның маңыздылығына баса назар аударылды. Барша қазақстандықтардың, халқымыздың Президент институтының, президенттік басқарудың өте қажеттігін терең түсініп, оны таңдағанына, яғни халық таңдауына аталған заң арқылы баға беріліп, лайықты құрмет көрсетілді деуге болады. Сондықтан да барша қазақстандық аталған шешімді оң қабылдап, жыл сайын 1 желтоқсанды Тұңғыш Президент күні ретінде ерекше жағдайда атап өтіп келеді.
Осы мереке туралы Заңның қабылдануы үшін дауыс бергенде, менің бойымды дәл сол 1991 жылдағыдай өз елім үшін мақтаныш сезімі кернеді. Қазақстан тәуелсіздік жылдарында Елбасының саяси бағытымен ілгерілей отырып, әлемде танымал әрі құрметті, қазіргі заманғы, серпінді дамып келе жатқан, әлеуметтік бағдарланған ХХІ ғасыр мемлекетіне айналды.
Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері