Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылы ақпан айында 1 наурызды Алғыс айту күні деп жариялау туралы Жарлыққа қол қойды. Міне, содан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған көктемнің алғашқы күні республикамызда тұратын әртүрлі ұлт өкілдерінің өзара достығын, ынтымақтастығын сипаттайтын ізгілік мерекесі ретінде атап өтілуде.
Биыл алтыншы рет ресми аталып жатқан бұл мейрам, былай қарағанда, жаңадай көрінгенімен, ол – мән-мағынасы жағынан өте терең, тарихы тұрғысынан да ежелгі мереке. Мен бұл ретте тарихы терең деп шежіресі ХVІІ ғасырдан басталатын Солтүстік Америкадағы алғыс айту мерекелерін меңзеп тұрған жоқпын. Тек жас кезімнен санамда қалыптасқан ұғымдарға, өзім куә болған кейбір оқиғаларға негіздей отырып, осындай байламға келіп тұрмын.
Біз – мұсылмандар, соның ішінде жалпы әдет-ғұрыптары бір-бірінен онша ерекшеленіп кетпейтін қазақ, ұйғыр, қырғыз, өзбек және басқа да ұлт өкілдері, балалық шағымыздан күніне жоқ дегенде бір рет үлкендердің ас қайырып, бата бергенін көріп өстік десем, артық айтқандық болмас. Өйткені үйімізде үнемі тамақ ішіліп болған соң, атамыздың немесе әжеміздің, әкеміздің немесе шешеміздің, қысқасы отбасы мүшелерінің ең үлкенінің ас қайыруы күнделікті әдетке айналған. Ас қайырылып, бата берілгенге дейін дастарқан басынан тұрып кету әдепсіздік, тәрбие көрмегендік болып саналады. Сондықтан ата-бабаларымыз бұл мәселеге ерекше көңіл аударған. Ойлап қарасақ, міне, сол ас қайырудың өзі – ризашылықтың, алғыс айтудың бір түрі. Бата берушінің алдымен ырысынан айырмаған ұлы Аллаға шүкіршілік етіп, рахмет айтуын, одан кейін адал еңбегімен тапқан нығметін дайындап, сый-құрметпен алдына қойған ұл-қыздарына, келін-күйеу балаларына амандық тілеп, ризашылық білдіруін басқаша түсіну мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Демек, көпұлтты Қазақстанда Алғыс айту күнінің ресми мереке болып бекітілгеніне бар-жоғы алты жыл болғанымен, ол – біздің санамызға ата-бабаларымыз тарапынан бұрыннан сіңірілген және жылдар өткен сайын едәуір шыңдалған ұзақ тарихы бар қасиетті ұғым.
Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде «Қазақ халқына мың алғыс!» ескерткіштері еңселеніп тұрғанын білеміз. Оның себебі – мемлекетіміздегі барша этнос өкілі осы елде тату өмір сүріп, дәулетті тіршілік құруға ұмтылып жатқаны үшін Ұлы даладағы достықты сақтаудың ұйытқысына айналған, қиын жылдарда қолындағы бір таба нанын көшіп келушілерге бөліп берген, тар шаңырағынан ығысып орын босатқан қазақ халқының кең жүрегіне ризашылықты, алғысты жеткізуді орынды көреді.
Менің әкем Һемитахун Тохтасунов – саналы ғұмырын білім беру саласына арнап, көптеген шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. Алматы қаласы мен Алматы облысының әртүрлі өңірлерінде қызмет еткен әкемнің достары өте көп еді. Олардың арасында басқа ұлт өкілдері де көп болды. Мен олардың арасындағы ізет-құрметке, шынайылыққа бір жағынан таңдансам, екінші жағынан сүйсінетін едім. Сондай кездерде көпті көрген әкем, дәл менің ішкі сезімімді біліп қойғандай: «Иә, ұлым, біз – соғыс жылдарында бір қасық талқанды тең бөліп, қиыншылықты бірге еңсерген достармыз. Есіңде болсын, кімнің кім екені басыңа күн түскенде білінеді. Ондай кезде қолұшын берген адам – сен үшін нағыз дос!» деп айтатын. Тағы да сол әкем ұйғыр халқының «Адам еткенге тағзым ет» деген мақалын көп қолданатын. Яғни бұл оның «саған жақсылық жасаған, сенің адам болуыңа өз үлесін қосқан жандарға тағзым етуді, рахмет айтуды ұмытпа» дегені еді. Өзі өмір бақи сол мақалға бағынып өтті. Әр қадамында, әсіресе жасы келіп, ақсақал атанған өмірінің соңғы жылдарында, әке-шешесінің, ұстаздарының, бірге істеген әріптестерінің, жақын араласқан достарының және басқа да таныстарының Отаны, халқы, ел-жұрты үшін жасаған ізгі істерін ерекше атап, жастарға үлгі-өнеге етіп көрсетуге тырысты. Ұлы Алладан жерлестерінің, ұрпағының тату-тәтті, тыныштықта өмір сүруін сұрап, бата жасап жүрді.
«Болмасаң да ұқсап бақ...» деп Абай атамыз айтқандай, мен де өмірде әкем сияқты болуға, сол секілді ғұмыр кешуге тырысып жүрмін. 1975 жылы Алматы қалалық жылу тарату мекемесінде қарапайым шебер болудан басталған жарты ғасырға жуық еңбек жолымда «Алматыоблтеплокоммунэнерго», «Алматытеплокоммунэнерго», «ЖетісуОблГаз» секілді ірі мекемелердің басшысы, Алматы облысы Ұйғыр ауданының әкімі сияқты жауапкершілігі жоғары қызметтерді атқардым. Сол жылдар ішінде мен түрлі кезеңдерді бастан кешірдім. Рухани күйзеліске душар болған, материалдық тұрғыдан қысылған күндерімнің болғанын да жоққа шығармаймын. Алайда бір қуанарлық жайт, тағдыр маған өте жақсы адамдарды жолықтырды. Олардың кейбіреулері ақыл-парасаты, білім әлеуеті арқылы жол көрсетуге тырысса, кейбіреулер мол іс-тәжірибесімен ортақтасу нәтижесінде менің талай «тар жол, тайғақ кешулерден» өтуіме белгілі деңгейде септігін тигізді. Солардың көмегі арқылы қандай салада еңбек етсем де, түрлі этнос пен конфессияның достық мекеніне айналған Қазақстандай жас мемлекеттің өсіп-өркендеуі, халқының жарқын өмір сүруі жолында қызмет ету мүмкіндігіне ие болдым деп ойлаймын. Сол үшін де бүгін өзімнің қоғамға жарамды азамат ретінде қалыптасуыма лайықты үлесін қосқан барлық адамға, бірінші кезекте, марқұм әкем мен жасы тоқсанға таяп қалған анама, туған-туыстарыма, ұстаздарыма, жерлестеріме, халқыма және, әлбетте, Отаныма шексіз ризашылығымды білдіргім келеді.
Биыл Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің сайлауы өтті. Осы сайлауда елімізде тұратын 130-дан астам этнос өкілінің басын біріктірген киелі шаңырақ – Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан 9 адам мемлекетіміздің ең жоғары заң шығарушы органына депутат болып сайланды. Міне, сол тоғыз депутаттың бірі ретінде маған сенім білдірген Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа және барлық сайлаушыға шын жүректен алғысымды айтпақшымын. Бірақ ел сеніміне қол жеткізу – бір бөлек, ол сенімнің үдесінен шығу – өзінше бөлек мәселе. Бұл – жауапкершілігі өте жоғары міндет.
Біз қазір жаһандану заманында өмір сүрудеміз. Ғылымның дамуы, жаңа технологиялардың енгізілуі нәтижесінде дүниетанымымыз, өмір салтымыз өзгеруде. Соған байланысты кейбір ұлттық құндылықтарымызға деген сұраныстың төмендеп бара жатқаны да ешкімге жасырын сыр емес. Мұндай жағдайда, құдды мұхиттардағы үлкен балықтар айналасындағы ұсақ балықтарды жұтып қоятынындай, кіші мәдениеттердің үлкен мәдениеттердің аясында жойылып кету қарқыны артатыны даусыз. Оның үстіне, табиғи ресурстарға бай Қазақстан сияқты мемлекетке сес көрсетіп жатқан алып елдер де жоқ деп айта алмаймыз. Сондықтан біз Нұрсұлтан Назарбаев секілді дана басшы іргетасын қалап берген, бүгінгі таңда Қасым-Жомарт Тоқаевтай кемел саясаткер басшылығында шыңдалып жатқан еліміздің болашағы үшін бір тудың астына, бір отбасының мүшелеріндей бірлесіп, еңбек етуіміз қажет. Оны келешекте күллі әлем сүйсініп қарайтын, достық пен ынтымақтың шынайы үлгісі болған, барлық азаматтың тең құқылығы кепілдендірілген, «озық отыздықтың» қатарындағы дамыған демократиялық мемлекетке айналдыру – тек өзіміздің қолымызда.
Рас, тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстанда көптеген жұмыс атқарылды. Ол жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында күнде дерлік айтылып жатқандықтан, жан-жақты тоқталып өтудің қажеті болмаса керек. Алайда бұл өркениеттің биік шыңына шықтық деген сөз емес. Алда біз атқаруға тиісті жұмыс әлі де көп. Сол себептен болса керек, кейде жекелеген адамдардың, топтардың сыни пікірлерін де естіп жүрміз. Бірақ өмірде талап ету мен орындаудың арасында өте үлкен айырмашылық бар. Барлық нәрсені бірден, қысқа уақыттың ішінде жүзеге асыру мүмкін емес. Оның барлығы – уақыт еншісіндегі жұмыстар.
Мысалы, мен өзім туып-өскен және еңбек еткен Жетісу өңірін алайық. Осыдан 20-30 жыл бұрын, сол өңірдегі шалғайдағы ауылдар былай тұрсын, аудан орталықтары тұрғындарының өздері газ, ғаламтор секілді игіліктерді көз алдына елестеткен бе еді? Жоқ! Ал қазір ше? Қазір ауылдардың 80-90 пайызында таза ауыз су, ғаламтор, телефон мәселелері шешілген. Кеңес Одағы кезінде асфальт көрмеген көшелер жөнделіп, кейбір ауылдарға газ құбырлары тартылған. Демек, біз осындай елде тұрып жатқанымыз үшін, өзімізге жасалып жатқан қолайлы жағдайлар үшін алғыс айтуымыз керек.
Егер біз болашақта мемлекетіміздің өсіп-өркендеуінің кепілі болып отырған саяси тұрақтылық пен этносаралық келісімді бұрынғыдан да нығайта түсіп, қолда бар мүмкіндіктерді дұрыс пайдалана білсек, бүгінгідей дүние жүзін коронавирус індеті өз құрсауына алған күрделі заманда бір-бірімізді дұрыс түсініп, кез келген қауіп-қатерге бірлігіміз, достығымыз арқылы қарсы тұра алсақ, бұдан да үлкен жетістіктерге қол жеткізетінімізге сенімдімін және де көпшілікті сол жолда аянбай еңбек етуге шақырамын.
Владимир ТОХТАСУНОВ,
Парламент Мәжілісіне
Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутат