Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел экономикасының жетекші саласы – ауыл шаруашылығын көтеруге, соның ішінде ата кәсібіміз мал өсіруге әрдайым ерекше назар аударғандықтан, елде төрт түліктің барлық түрі көбейді. Мемлекет қолдауының арқасында ауылдарда шаруашылық құрып, мал ұстап отырғандар көп. Ондайлар қала айналасында да аз емес.
Мен де осындай талаппен жылқы бағып, болашақта кәсіп аясын кеңейтуді қалағандардың бірімін. Бірақ қораға мал біткеннен бастап, оны сақтау, көбейтуге кедергі де кездесе беретіні бар. Түздің тағысы мен адамның ұрысына алдырмаймын деп алаңдаумен жүру мал баққандардың бәріне таныс ахуал шығар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ақ-адал малды қолды қылғандарға заң жүзінде жаза күшейтілсе де, жанын қинамай нан тапқысы келгендер әлі де табылады. Әрине, қоғамның қауіпсіздігін бақылау мен ұрлықты тыю, алдын алу – полицейлердің міндеті. Бірақ тұрғындар да сол жағдайды болдырмаудың амалын жасауы тиіс. Мысалы, ұрлықтың көбі өрісте болады. Нағыз «Айдап салдан аз өлді, көре келден көп өлдінің» кері. Қараусыз малға қару кезейтіндер жайлы да естіп жүрміз. Еркінсіген ұрылардың оңай тапқан олжасын өрісте сойып алған кезі де көп.
Тіпті қорадағы малды жетектеп кететін «жанкештілер» де кездесіп қалады. Мысалы, былтыр жазда Сырдария ауданында сондай бір оқиғаның болғанын естідік. Тез арада іске кіріскен полицейлер ұрыны жедел анықтап, арызданушыға малын қайтарып бергенін білгенде көңіліміз орнына түсті. «Мал ашуы – жан ашуы» деген бар, суық қолдылардың тайраңын тыйған полицейлерге ризамыз.
Соңғы жылдары полицейлер мен ауыл әкімдіктерінің бірлесіп жасаған жұмыстары арқасында паданы ұйымдастыру бір жолға қойылды. Малды кезекпен бағуға мән беріле бастады. Осының нәтижесінде былтыр мал ұрлау дерегі едәуір азайыпты.
Аймақта өткен жылы 282 мал ұрлығы дерегі тіркеліп, 20 қылмыстық топ құрықталған. Жүзден астам адамға заң аясында шара көрілген. Ал жыл басынан бері 26 мал қолды болыпты.
Осы жылдың 11 ақпаны күні жайылымда жүрген 72 жылқым жоғалып, қалалық полиция басқармасына хабарластым. Мұндайда өзің іздеп уақыт оздырмаған жөн.
Аталған хабарлама бойынша қалалық полиция басқармасына қарасты Ақсай бөлімшесінің жеке құрамы жұмылдырылып, тиісті бағыт-бағдармен полицейлер барлық елді мекендегі шаруа қожалықтарын, жайылымдық жерлерді аралады.
Олардың шұғыл қызметіне көңілім толып тұрса да, бейнеттеніп бағып отырған малымның табыларына аса сенбей алаңдай бергенімді жасырмаймын. Бірақ көп кешікпей учаскелік полиция инспекторларының тынымсыз еңбегінің арқасында жоғым табылып, көңілім орнына түсті.
Құқық қорғаушылардың тұрғындарға үнемі малдарын бақылауды күшейтуді ескертіп, азаматтарды қырағылық танытуға, жайылымдарда малды қараусыз қалдырмауға шақыруының себепсіз емес екенін осыдан кейін ұғына түстім. Малыңыз қолды болса немесе сондай қылмыстың куәсі болсаңыз, дереу полиция қызметкерлеріне хабар бергеніңіз жөн.
Қылмыстың алдын алу мен болдырмау, тұрғындардың талап-тілегін орындау жолында құқық қорғаушылар әрдайым қырағы қызмет етіп келеді. Адал еңбегімен ел көңілінен шыққан оларға деген тұрғындар алғысы ерекше.
Жалпы, полиция – қоғамдық тәртіптің сақшысы, ел қорғаны. Басына қиындық түскен жұрт, ең алдымен, құқық қорғаушылардың көмегіне сүйенеді.
Құқық қорғаушылардың жедел қызметіне, өзі ісін жете меңгерген шеберліктеріне, халықтың арыз-шағымына жауапкершілікпен қарайтын қасиетіне ризамын.
Ибадулла МҰСТАФАЕВ,
Қызылорда қаласының тұрғыны