Алматы қаласында қос қарияның қанын мойнына жүктеген қаскүнемге қатысты сот үкімі шықты. 81 және 89 жастағы қарт кісілерді тонап, айуандықпен ажал құштырған антұрған өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Жаға ұстатар жағдай өткен жылдың жаз айында орын алған. Ерлі-зайыпты зейнеткерлерге қарақшылық шабуыл жасау дерегі бойынша тіркелген іс қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралды.
«2020 жылы шілде айында О. есімді сотталушы көлік сатып алу мақсатында ерлі-зайыпты К. және А. атты зейнеткердің пәтеріне заңсыз кіріп, оларға шабуыл жасап, пышақпен қорқытып, ақша талап еткен. Егде жастағы қариялар қарсылық көрсеткенде, сотталушы оларға бірнеше рет пышақ салған. Қариялар оқиға орнында көз жұмды. Кейіннен сотталушы 500 доллар және 360 мың теңге мен ұялы телефонды ұрлап кеткен», деп хабарлады қалалық соттың баспасөз қызметі.
Сотта прокурор айыпталушыны 20 жылға бас бостандығынан айыруды ұсынды. Ал жәбірленуші тарап өкілдері болса, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Қылмыскер кінәсін ішінара мойындаған.
«Сот үкімімен О. екі адамды өлтіргені және қарақшылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі ең қатаң жазаға кесілді. Қатаң жаза тағайындау барысында сотталушының бұрын да қарақшылық үшін сотталғаны және ол әрекетінен сабақ алмағаны ескерілген», деп хабарлады қалалық соттың баспасөз қызметі.
АЛМАТЫ