Елімізде бизнес бастауға ынталандыратын көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен гранттар бар екені белгілі. Адамдар осы жайлы естіп, айтып жүргенімен, шынайы іске келгенде күмәнданып та жатады. Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасының басшысы Айтуар Қошмамбетовтың айтуынша, мемлекет грантын алып, жеке кәсіп бастауға мүмкіндік мол.
– Егер тауар сатсаңыз, тауар қайдан келеді, оны қалай қабылдау, рәсімдеу, сату, қайда сақтау қажеттігін білуі керек. Осы процестердің бәрін игеріп, барлық сұрақтардың жауабын білген соң, қызметіңізді бөліп, кәсіби мамандарды жалдай аласыз, – дейді Айтуар Қошмамбетов.
Палата басшысының сөзінше, әрбір бағыт бойынша нақты оқу курстары бар. Мәселен, кәсіпкер SMM немесе бухгалтерлік есептілікті білсе, Atameken Аcademy порталынан оқуға қатысуға болады.
– Бұдан бөлек, «Бастау Бизнес» арнайы бағдарламасы бар. Үш апта бойы тыңдаушы кәсіпкерлік негіздерін оқиды, содан кейін 200 АЕК көлемінде грант немесе жылдық 6 пайызбен несие алуға мүмкіндігі болады. Сонымен қатар 5 млн теңгеге дейін инновациялық грант алуға да мүмкіндік берілген, – дейді.
2020 жылы «Бастау Бизнес» бойынша Алматыда 2000 адамды оқыту жоспарланып отыр. Сонымен қатар құны 200 АЕК (583 мың теңге) болатын 1000 грант қарастырылған. Бұл жобаға қатысып, кәсіпкерлік негізін игергісі келген кез-келген азамат жеке куәлігін алып жұмыспен қамту орталығына баруы шарт.
Қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Диляра Иманқұлованың айтуынша, 2020 жылы шаһарда 34 855 адам жұмысқа тұрған. Оның 10 мыңнан астамы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» арқылы кәсіп тапқан. Иманқұлова IT саласында сұраныстың артып келе жатқанын айтады. 2021 жылы 20 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр.