• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экология 25 Ақпан, 2021

Іле-Алатау ұлттық табиғи паркіне - 25 жыл

592 рет
көрсетілді

Онлайн-форматта ұйымның құрылғанына 25 жыл толуына арналған «Биоалуантүрлілікті сақтау, экожүйелерді тұрақты басқару мәселелері және Іле-Алатау ұлттық табиғи паркінде экотуризмді дамыту перспективалары» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Конференция жұмысына Экология министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің, Іле-Алатау МҰТП, БҰҰДБ, түрлі экологиялық қоғамдық ұйымдардың, сондай-ақ жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

Конференция барысында Іле-Алатау МҰТП-нің биоалуантүрлілігінің қазіргі жағдайына қатысты мәселелер қозғалды.

Іс-шараға қатысушылардың алдында Іле-Алатау МҰТП бас директорының орынбасары Дархан Исабеков сөз бастап, парктің 1996 жылы 22 ақпанда құрылғанын еске салды. Д. Исабеков баяндамасында парктің жалпы ауданы 199 185 га құрайтыны, оның ішінде қорық 62 137 га (31,2%), туристік-рекреациялық қызмет аймағы - 15 408 га-ды (7,8%) алып жатқаны баяндалды.

Ұлттық паркті құрудың негізгі мақсаты – бірегей табиғи кешендер мен экожүйелерді сақтау болып табылады.

Айта кету керек, саябақтың флорасы мен фаунасы бай және алуан түрлі. Мұнда омыртқалы жануарлардың 270-ке жуық түрі мекендейді, олардың 16-сы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Саябақта өсетін өсімдіктердің 2000-нан астам түрінің 37-сі «Қызыл кітап»-қа енгізілген. Сонымен қатар, МҰТП аумағында 5000-нан астам жәндіктер мен өрмекшілер мекендейді.

Паркте жануарлар дүниесін қорғау және өсімін молайту үш негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады: күзет, есепке алу және биотехникалық шаралар. Қазіргі уақытта қолданыстағы заңнамаға сәйкес саябақта аң аулау қызметі жүргізілмейді.

Биоалуантүрлілікті зерттеу және ұлттық парктің экожүйелеріне мониторинг жүргізу үшін түрлі бағыттар бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

Баяндамашы сондай-ақ саябақта орналасқан апорттың алма бағын жаңғырту мәселелеріне жиналғандардың назарын аударды. Жобаны барлық мүдделі тараптарды, ғалымдарды, жергілікті қоғамдастықтар мен мамандарды тарта отырып, парктің биоалуантүрлілігін тұрақты басқару негізінде іске асыруға болады. Қазіргі уақытта саябақтағы ескі алма бақтарының ауданы 200 га-ды құрайды.

Парктегі экотуризмді дамытудың тағы бір маңызды жобасы жылу көздері болуы мүмкін. Тұщы су көздерін ашу және жақсарту МҰТП-ның перспективалық міндеттері ретінде белгіленген.

Конференция аясында экотуризм мен елдегі саябақтарды дамыту перспективалары туралы мәселелер талқыланып, келген баяндамашылар өз баяндамаларын осы тақырып аясында тарқатты.