Қостанай облысында ақпанның екінші жартысынан бастап кәріне мінген ақтүтек боранның астында қалған жолаушыларды құтқару жұмыстары әлі де жалғасуда. 22-ақпаннан бері облыс аумағындағы автожолдарда азаматтық қорғаныс, полиция қызметі және жол мекемелері өкілдерінен жасақталған жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Басты міндет – қар құрсауында қалған адамдардың өмірін арашалап қалу.
Ақпанның ақ боранынан көлік жарығы таяқ тастам жерден әріге аспайтын күре жолдың үстінде соңғы екі күн ішінде бірлескен құтқару қызметтері 14 апаттық-құтқару операциясын, 2 іздестіру шарасын жүргізген. Нәтижесінде, жол бойында қар құрсауында қалған, ішінде он шақты бала бар, 169 адам құтқарылды.
«Автокөлік жолдарында қалың қарға батып қалған 25 автокөлікті сүйреп шығарып, қауіпсіз жерге жеткіздік. Жалпы, соңғы екі күн ішінде қарлы боранның салдарын жою жұмыстарына 55 құтқарушы, ТЖД мен полиция департаментінің 116 техникасы қатысты. 37 арнайы техника мен жол қызметінің 50 жұмысшысы автокөлік жолдарындағы қар үрлеп тастаған жерлерді аршу жұмыстарымен айналысып жатыр», - деді төтенше жағдай департаментінің бастығы Біржан Кәрімов.
Соңғы екі күн ішінде қарлы боранның салдарынан күре жолдарда көлік қақтығысы да жиіледі. Мәселен, 23 ақпан күні сағат 14:00 шамасында Қостанай – Қарабұтақ бағытындағы күре жолдың бойындағы Әйет өзенінен өтетін көпірдің үстінде 5 бірдей автокөліктің соқтығысып қалды. Облыстық полиция департаменті басшысының кеңесшісі Елена Кашаринаның айтуынша, ЖКО нәтижесінде «Лексус» автокөлігінің жүргізушісі дене жарақатын алған. «Әуелі «Фольксваген» автокөлігі мен шағын автобус соқтығысып қалады. Жол апатына түскендердің жағдайын білмек болып тағы бір шағын автобус келіп тоқтағанда, оның артынан қытайлық жүк көлігі келіп соққан. Кейін төртеуіне «Лексус» келіп соғылады» - деді Е.Кашарина.
Құтқарушылар ақпанның ажал үрлеген дүлей боранынан арашалап қалған жолаушының бірі – Жітіқара қаласының тұрғыны Күләш Көбенова. Ол 23-ақпан күні боран енді басталып жатқанда таксиге мініп Қостанайдан Жітіқараға қарай жолға шыққан. Біраздан кейін айнала ақтүтекке айналып, жолды көру қиынға соға бастайды. Жітіқараға 30 шақырым қалғанда төрт жолаушы мінгескен «ВАЗ 21114» автокөлігі бағытын жоғалтып, жол шетіне шығып кетеді. Биік жолдың шетіндегі қалың қарға жартылай батып қалған көлікті адам күшімен сүйреп шығару мүмкін емес.
«Біз Жітіқара қаласының полиция бөліміне хабарласып көмек сұрадық. Кезекші: «Күтіңіздер, қазір құтқару жасағы жолға шығады» - деді. Айтқандай-ақ, құтқарушылар да тез жетті», - дейді К.Көбенова.
Қар құрсауында қалған жолаушылардан хабар түсісімен Жітіқарада аудандық полиция бөлімі бастығының жетекшілік етуімен арнайы топ құрылып, құтқарушылар дереу жолға шығады. Оқиға орнына екі «УАЗ» көлігімен жеткен құтқару тобы қар құрсауында қалған жолаушыларды өз көліктеріне мінгестіріп, кері қайтады. Бірақ көліктері күртік қарға қайта-қайта батып қала берген соң, полицейлердің өздері көліктен түсіп жаяу жүруге тура келген. Екі шақырымнан кейін Пригородное елді мекеніне жеткен құтқарушылар жолаушыларды жергілікті кәсіпкердің күзет ғимаратына орналастырады.
«Құтқарушылар келіп жетпегенде, аман қалуымыз екіталай еді. Өйткені, алғаш жол шетіндегі қалың қарға жартылай батып қалған көлігімізді боран әп сәтте көрсетпей тастады. Көліктің есігін ашпақ тұрмақ, жанына жақындай алмай қалдық. Аяқ-қолымыздан жан кетіп, үміт үзіле бастағанда құтқарушылар да жетті», - деді жолаушылардың бірі Татьяна Мыслик.
Жол күзетіндегі тәртіп сақшылары соңғы тәуліктің ішінде 40-тан астам автокөлікті қар құрсауынан алып шыққан.
Облыстық төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, қарлы боранға байланысты өңірде республикалық және облыстық маңызы бар 19 автокөлік жолының жекелеген учаскелерінде әлі де көлік қозғалысына рұқсат жоқ.