• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Желтоқсан, 2013

Алтын діңгек ана

620 рет
көрсетілді

Міне, енді, бірнеше күннен соң анамыз Нұрбүбі Жұмағұлқызы Медеуова 90 жасқа келеді. Бәріміз де жұмыр басты пендеміз ғой, оның үстіне көпшіліктің құрметіне бөленген аяулы анамен бір шаңырақ астында ұзақ жыл түтін түтетіп келеміз. Әрине ұрпақ өсіріп, келер күндерге үмітпен қарап ғұмыр кешкен соң ғазиз жанның ұзақ жасауында қандай құпия-сыр жатыр деп те ойға берілемін.

Айтқандай, мен осы үйдің кенже келінімін. Менің алдымдағы абысындарым да өте бір жақсы адамдар болып кезікті. Алты келін анау-мынау күйкі тіршілікте түсінбестіктің қамытын киіп, бір-бірімен ешқашан жүз шайысқан емес. Мен оны осы құтты шаңыраққа келін болған күннен бастап жақсы білемін. Осы сыйластықтың бір ұшы өнегелі отбасының мәуелі бәйтерегіне айналған Нұрбүбі анамыздың тәлім-тәрбиесінде жатса керек. Былайғы жұртқа қайдам, ене дегеннен гөрі ол кісіні өз басым ана деп айтуды жақсы көремін, өйткені, жүрекке жақын әрі ыңғайлы.

Иә, әлгі ойыма қайта айналып соғайын, өмірдегі бір адам бастан өткеруге тиісті барлық қиыншылықты көрген, сонау ашаршылықтың ащы дәмін татқан. Ұлы Отан соғысының ауыртпалығын иығымен көтеріп, соғыстан кейінгі қираған шаруашылықты қалпына келтіруге атсалысқан. Сонымен, анамыздың осынша ұзақ жасауының сыры неде? Сірә, бірден жауап беру кім-кімге де оңай бола қоймас. Оның үстіне соншама өмір ауыртпалығына шыдап жүріп, дүниеге он перзент әкелген қайсар мінезін қалайша айтпасқа. Он перзент! Бүгін тоқсанның төріне шыққан анамыз он перзентінен өрген отыздан астам немересі мен отыздан астам шөбересінің ортасында маңдайы жарқырап, жүзінен нұры төгіліп, әулетіміздің алтын діңгегіндей жапырақ жайып, мамыра-жай тірлік кешіп жатқан жа­йы бар. Иә, күллі Жетісу, оның ішінде Қарасай ауда­ны, Қаскелең мен Шамалған өзендерінің ортасын мекендеген дүйім елге Медеуовтер әулеті жақсы таныс.

Атамыз Өміржан Медеуұлы да осы өңірдің тумасы. Көргені көп, ел-жұрттың қошеметіне бөленген үлкен жүректі азамат еді. Бертінде, 2000 жылдың басында дүниеден өтті. Өз бауырынан тараған ұл-қыздарына тәлімді тәрбие берді, біреудің ала жібін аттамайтын адал, шыншыл болуға үйретті. Ал келіндерін туған қыздарындай еркелетті.

Енем мен атамның дәл Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан тұста үйленіп, шаңырақ құрғандары да өз алдына таусылмайтын бір шежіре. Ол кісі 1941 жылы Алматыдағы педучилищені тәмамдады. Содан бас­тап туған жері бұрынғы Ворошилов колхозы, қазіргі Жандосов ауылында табан аудармай 34 жыл ұстаздық қызмет атқарды. Елуінші жылдардың басында Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтын сырттай оқып тауысты.

Нұрбүбі анамыздың ұзақ жылғы еңбегі лайықты бағаланды. Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің үздігі атанып, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ресей Федерациясының «Великая Екатерина» орденіне ие болды. Кеудесіне «Ардақты ана» алтын жұлдызын жарқыратып тақты. Тағдыр оны атпал азамат Өміржан Медеуұлымен табыстырды. Өміржан ата Ұлы Отан соғысының ардагері. Қанды майданда хас батырларша шайқасты. Атамыз соғыс аяқталғаннан кейін қираған шаруашылықты қалпына келтіру жұмыстарына белсене араласты. Шамалған ауылдық кеңесінің төрағасы, қазіргі Қарасай аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. Одан соң Шамалғандағы тұтыну қоғамы мекемесінде 30 жыл абыройлы еңбек етті. Ең бастысы, Нұрбүбі анамызбен алпыс жыл бойы тату-тәтті ғұмыр кешті.

Енді қайынағаларым мен жеңгелерім жайында сөз айтудың жөні келгендей. Өміржан атам мен Нұрбүбі анамыздан тараған олар: алты ұл –Аманкелді, Есенкелді, Үсенкелді, Рыскелді, Дәулеткелді, Қыдыркелді, төрт қыз – Ханымбүбі, Гауһар, Гүлнар, Мейрамгүл. Аманкелді аға жоғары лауазымды қызметтер істеді. Көптеген шәкірттер тәрбиеледі, әлі де қатардан қалған жоқ. Есенкелді Медеуов Оңтүстік Қазақстан, Талдықорған мемлекеттік университеттерінің ректоры болып табысты еңбек етті. Академик атанды. Үсенкелді Медеуов Респуб­лика Парламенті Мәжілісінің депутаты. Қыдыркелді Алматы облысындағы Райымбек ауданының әкімі болып қызмет атқарады. Ал үлкен шаңырақтың тұңғыш келіні Нүкен Нүсіпбаева еді. Ол кісі қазір арамызда жоқ. Өмірден озып кетті. Бәрімізге ақылшы болатын. Есенкелді ағамыздың жары Гүлнәр Жандосова. Белгілі қоғам, мемлекет қайраткері Ораз Жандосовтың немересі. Ханымбүбінің қосағы Молдағали жездеміз де жаны жайсаң адам. Үсенкелдінің зайыбы Карима жеңгеміз де қайырымды, қазақы салт-дәстүрді жақсы білетін инабатты келін еді. Өкінішке қарай, ол да қазір ортамызда жоқ. Рыскелді мен Бейбіттен өсіп-өнген ұл-қыздар еліміздің әр түкпірінде жауапты қызметтер атқарып жүр. Шүкіршілік, Дәулеткелді мен Ританың ұрпақтары да ел қатарына қосылды. Гауһардың қосағы Түгелбай жездеміз аузын ашса жүрегі көрінетін азамат. Гүлнәрдің жұбайы Еркін Сығаевтың да орны бөлек. Ал Қыдыркелді болса менің отағасым. Жұрт оны «атамның аузынан түсіп қалған айнымаған ұлы» деп атайды. Мейрамгүлдің жолдасы Шайзидин Мадияров жоғары білімді кәсіпкер. Осымен енді тоқтайын, олардан тараған ұрпақтары ертең анамыздың тоқсан жылдық мерейтойында жиналып, үлкен дастарқанда бас қосады. Қалған қызық сонда жалғасады...

Тоқсанға келген ардақты анамызға әрдайым амандық тілейміз. Біздің берекеміз бен мерекемізге айналып, Медеуовтер әулетінің алтын діңгегі атанып, Алла бұйыртқан жасын жасай берсін!

Күлбағила МЕДЕУОВА.

Алматы облысы.

Соңғы жаңалықтар