Ел Президентінің қатысуымен өткен Ұлттық қоғамдық кеңес отырысында бүгінгі күнгі өзекті деген бірқатар мәселе талқыға түсті. Басқосуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың назарында жүрген мәселелер жөнінде маңызды мәлімдеме жасады.
Бұл мәлімдеме еліміздегі саяси реформалардың жалғасы болып отыр. Яғни бұл партиялардың парламентке өту межесінің азаюы, сонымен қатар бюллетеньдердің барлығына «қарсы» деген норманың енгізілуі заң бойынша әрі қарай жалғасын табады деген сөз.
Келелі басқосуда ауыл әкімдерін сайлау жөніндегі нақты мерзім анықталып, 2024 жылдан бастап аудан әкімдерін сайлайтын тетіктер енгізілмек. Бұл біздің еліміздегі саяси көзқарастың қалыптасқанын білдіреді. Қазақстандықтарды толғандырған ең басты жайт – жерді шетелдіктерге жалға беру-бермеу мәселесіне нүкте қойылды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстандағы шетелдік азаматтарға жерді жалға беруге, сатуға толық тыйым салу жөніндегі заң нормасы енгізілетінін айтты. Бұл біздің еліміздегі жер мәселесіне қатысты жалпыұлттық дискуссияға нүкте қойылғандығын көрсетеді. Яғни жер ресурстары тек Қазақстан азаматтарына қызмет ететін болады. Дегенмен жер – экономикалық ресурс. Ол біздің халқымызға игілік әкелуі керек. Біздің еліміздегі жер ресурстарын мемлекеттің дамуы үшін пайдалану жөнінде мәселені шешу үшін Үкімет жанынан қоғамдық комиссия құрылады. Бұл қоғамдық комиссия жер мәселесін пысықтайтын болады. Жылдың аяғына дейін Үкімет бұл мәселеге қатысты өз ұсыныстарын енгізуі қажет. Қазақстанның жер ресурстарына байланысты мәселелері бүгінгі таңдағы ең негізгі екені ешкімге жасырын емес. Сол себепті бұл мәселе жан-жақты пысықталып, түйткілдері толық анықталуы қажет.
Басқосуда Кеңестің мемлекетіміздің, ел азаматтарының мүддесі үшін жұмыс істейтіндігін тағы бір байқадық. Бүгінгі таңда Ұлттық кеңестің тек қоғамдық ұйым емес, еліміздегі саяси-экономикалық реформалардың басты алаңына айналғанын да аңғару қиын емес.
Ерлан САИРОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты,
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі