Облыс орталығындағы Балалар көркемсурет мектебінде осы білім ұясының ұстазы, суретші Алтын Қисамединованың «Әр суретте – өмір сәулесі» атты жеке көрмесі өтті. Көрмеге «Қазақ әйелдері», «Менің қалам», «Қала көшелері, «Алматы» және Үлкен Алматы көлінің жанындағы табиғат көріністеріне арналған 20-дан астам сурет қойылған.
Өзіміз көргендей, сурет көрмесіне «Әр суретте – өмір сәулесі» тақырыбындағы қазақ әйелдерінің түрлі портреттері, ғимараттар, тау және ландшафттар, табиғат көріністері бейнеленген жұмыстар қойылыпты.
Портреттерде ұлттық киімдегі қазақ қыздарының бейнелері ұсынылған. Бұлар арқылы автордың қазақ әйелдерінің жан дүние сұлулығын, нәзіктігін, мейірімділігін көрсеткені байқалады.
Өзінің айтуынша, ол көбінесе майлы кескіндеме, пастель сияқты графикалық техникада жұмыс істейді. Майлы бояумен салынған «Алматы», «Павлодар» бөліміндегі картиналары да ерекше тәсілмен бейнеленіпті.
– Алматы тақырыбына келсек, 2015 жылы бір топ суретшімен бірге осы қала маңындағы тау ішінде, бақтарда болып, табиғатты тамашалаған едік. Суретші үшін бұл шығармашылық шабыт тудыратын көркем көріністер ғой. Бізге сол жолы Үлкен Алматы көлінің маңайында этюдтер, эскиздер, фото материалдар негізінде сурет салуға мүмкіндік берілді. Нобайлар акварельмен, гуашпен жазылды, одан әрі осы эскиздер негізінде суреттемелер жасалды, ал осы суреттемелер майлы кескіндеме техникасында кенепте орындалды, – дейді Алтын Ибрайқызы.
Суретші Алтын Қисамединованың «Кереку – Павлодар» атты 30-ға жуық суреті бар, ал бұл көрмеден облыс орталығының ескі аумағына арналған «Чехов драма театры», «Көне қаланың күзі», «Алюминстрой ауданы», «Саяжай шағын ауданы», «Қарлы қыс» тақырыбындағы суреттерімен таныстық.
Алтын Ибрайқызы Семейдегі педагогикалық институттың мектептердегі көркемсурет пәнінің мұғалімдерін даярлайтын бөлімін бітірген. Кішкентайынан Ертіс өзенінің жағасында туып-өскен қыз суретші болсам деген арманын осылай жүзеге асырды. Оқу бітірген соң, Павлодарға қайта оралып мектептерде, колледждерде оқушыларға, студенттерге сабақ берді. Суретші талантты шәкірттер тәрбиеледі.
Павлодар