• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 27 Ақпан, 2021

Қай салада жалақы өсті?

507 рет
көрсетілді

2020 жылдың төртінші тоқсанында денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер саласында жалақы айтарлықтай өсім көрсеткен. Нақтырақ айтқанда, бір жылда 32 пайызға артқан.

Аталған салаларда жылдың соңғы тоқсанындағы орташа жалақы 197,4 мың теңге, алдыңғы жылмен салыстырғанда 32,1 пайызға жоғары болған. Бұл 2015 жылдан бері тіркелген ең жоғарғы жылдық өсім. Инфляцияны есептегенде төлем қабілетінің шынайы өсімі 23,1 пайызды құраған.

Ranking.kz агенттігі елімізде орташа айлық жалақының 14,3 пайыз немесе 233,1 мың теңгеге өскенін хабарлайды. Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер саласындағы айлық жалақы елдегі орташа жалақыдан 15 пайызға аз.

Денсаулық сақтау министрлігі мен Қазақстан салалық кәсіподақ ұйымы арасында қол қойылған келісімге сәйкес 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап дәрігерлердің орташа айлық жалақысы 30, медициналық қызметкерлер жалақысы 20 пайызға көбеюі тиіс болған. 2021-2023 жылдары әлеуметтік сала жұмысшыларының жалақысы екі есе көбеймек: 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 50, 2022 жылдан бастап – 25, 2023 жылдан бастап тағы 25 пайызға. Министр Алексей Цойдың айтуынша, 2023 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы елдегі орташа жалақыдан 2 есе жоғары болады.

Өңірлер бөлінісі бойынша, ең көп жалақыны Маңғыстау облысы (207,2 мың теңге), Алматы қаласы (209,9 мың теңге), Жамбыл облысы (156,2 мың теңге) және Нұр-Сұлтан қаласының (281,7 мың теңге) дәрігерлері алады. 2021 жылдың қаңтар айындағы жағдай бойынша, Қазақстанда денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет саласында 8,2 мың компания тіркелген. Оның 6,8 мыңы шын мәнінде жұмыс істеп тұрған мекемелер. Олардың 6 мыңға жуығы шағын компаниялар, ірі кәсіпорындар саны 549 болса, орта деңгейдегі кәсіпорындар саны – 395.

Осы екі салада еңбек ететін жұмысшылар саны шамамен 426,4 мың адам. Олар елдегі барлық жұмысшылардың 12,1 пайызын құрайды.