Сенатор Ақылбек Күрішбаев кеше парламентте пандемия және экономикалық дағдарыстың салдарынан елдегі өмір сүру деңгейі төмендегенін, отбасылық табыстың негізгі бөлігі азық-түлік алуға ғана кететінін, біздің азаматтарымыз үшін азық-түлік бағасын мемлекеттік реттеу, олардың маусымдық қымбаттауын төмендету мәселесі күн тәртібінде тұрғанын айтты
Сенатар нақтылап айтып өткендей, ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, бұл мақсатқа бюджеттен 30 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. «Алғашында, бағаны тұрақты ұстап тұру үшін, өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар ауылшаруашылық өнімдерін тікелей отандық тауар өндірушілерден қажетті көлемде сатып алып, олардың сақталуын қамтамасыз етіп, азық-түлікке баға көтерілген кезеңде нарыққа сатуға шығарып отырды. Қазір кейбір облыстар, әсіресе, ірі қалалар сауда субьектілеріне пайызы өте төмен (0,01%) несие беруге көше бастады. Ал сауда орталықтары өз кезегінде кейбір тауарларды белгілі бір уақыт аралығында бекітілген бағамен сатуға ғана міндеттеледі. Бұл ретте көптеген сұрақтар туындайды», –дейді сенатор.
Сондай–ақ сауда орталықтарын таңдау принципі түсініксіз болып отырғаны сенатордың назарынан тыс қалмады.
- Екіншіден, азық-түлік тауарлары бағасының елеулі құбылуы кезінде оның ең төменгі шегін алдын ала болжау өте қиын. Өйткені ауылшаруашылық өнімдерінің бағасы тек маусым бойынша ғана емес, әрбір жылда өзгеріп отырады. Ауа райы қолайлы, өнімді жылдары фермерлік бағалар, әдетте, төмендейді. Оған қоса, азық-түлік тауарларының ағымдағы бағаларын анықтайтын мониторинг жүйесінің де біраз дәлсіздіктері бар. Сондықтан бұл жобада сауда орталықтары үшін алдын-ала белгіленген бағалардың дұрыстығы күмән тудырады, –дейді сенатор.
Үшіншіден, сенатордың айтып өткеніндей, тұрақтандыру қорында азық-түліктің көптеген түрлерінің көлемі ең төменгі тұтыну нормаларының 1-7 пайызынан аспайды, (медициналық немесе нақты емес тұтыну нормаларын айтпағанда). «Мұндай жағдаймен нарықты тиімді реттеу мүмкін емес. Төртіншіден, бұл схемада сауда орталықтары тек отандық ауылшаруашылық тауарларын алуға міндеттелмеген. Басқаша айтқанда, қазақстандық фермерлер өз өнімдерін өткізе алмай жүргенде, бюджет қаражаты шетелдік өндірушілерді қаржыландыруға жұмсалуда» дейді сенатор.
Сондай-ақ А. Күрішбаев тұрақтандыру қорының бағаны реттеуге, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға деген пәрменділігі де күмән келтіретінін, онда сыбайлас жемқорлық көріністері басым екенін айтты.
– Менің ойымша, бұл мәселемен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі шындап айналысуы керек. Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып және осы жұмыстың қоғам үшін ерекше маңыздылығын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының негізгі түрлеріне бағаны тұрақтандырудың тұжырымдамасын түбегейлі өзгерту керек деп санаймын.
Бағаны реттеу жөніндегі мемлекеттік шаралар барлық тұрғындарға пайдалы болуы үшін, осы қорға сатып алынатын азық-түлік тауарларының көлемін ұлғайту маңызды. Егер аталған мақсаттарға бюджет қаражатын көбейту мүмкіндігі болмаса, ақшаны бұлай шашпай, тікелей аз қамтылған отбасылар санатын қолдауға көшкен дұрыс. «Ол үшін халықтың аз қамтылған топтарына арнап, әлеуметтік азық-түлік тауарларынан қор қалыптастыру қажет. Оны ұйымдастыру мен қолдану келесі шарттарға негізделуі тиіс, – дейді сенатор.
Азық-түлік тауарларын сатып алуды және оларды сақтау, тасымалдау, өткізу жөніндегі қызметтерді фьючерстік келісім-шартпен конкурстық негізде тек отандық тауар өндірушілермен жасау қажеттігін ескерткен А. Күрішбаев бұл мақсаттарға ұзақ және жеңілдетілген бюджеттік несиелерді қарастыру тиімді екенін, мұндай тәсіл бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттырып қана қоймай, бірінші кезекте, мұқтаж халықтың нақты топтарын атаулы түрде қолдауға мүмкіндік беретінін айтты.