• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Ақпан, 2021

Облыстық ассамблея алғыс гимнін шырқады

151 рет
көрсетілді

Рудный қаласындағы №2 мектеп-гимназияның өнерпаздар ұжымы Алғыс күнінің гимнін жазып шықты. Көктемнің алғашқы күні облыстық ассамблеяда орындалатын Алғыс гимні осыдан бір ай бұрын жарияланған «Алғыс әуені» байқауын қорытындылау барысында анықталды.

Байқауға облыстың әр өңірінен 20-дан астам музыкалық туынды келіп түскен. Алғыс айту күніне арналған ең үздік шығармалардың авторлары «Достық үйінде» өткен салтанатты жиында  марапатталды.

 - Байқау жеңімпаздарын анықтау оңай болған жоқ. Озық тұрған бірнеше туындының қайсысын таңдап аламыз деп көп ойландық. Ақыры  Рудный қаласындағы № 2 гимназияның ұстаздары мен оқушылары шығарған патриоттық әнді  таңдап алдық. Байқаудың бас жүлдесін ардагер ұстаз Наталья Буньковскаяның «Қазақстаным менің» өлеңіне жазылған Валерий Обруч пен Елена Ариновичтің әні  жеңіп алды. Оны жоғарғы сынып оқушылары Полина  Касымская мен Елизавета Мальцева нақышына келтіріп тамаша орындап шықты, - деді қазылар алқасының төрағасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Светлана Обухова.

- Біз шығармашылық топ болып бірге ізденіп, бір жарым аптаның ішінде жазып шықтық. Қазылар алқасы әнімізді Алғыс айту күні мерекесінің гимні деп жоғары баға берді. Бүгінде бұл ән мектебімізде жиі айтылып айтылып жүр. Өйткені мәтіні тез жатталып қалады, әуені де жағымды, жеңіл, айтуға оңай. Ұлы ақын Абайдың сөзімен айтар болсақ, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» туынды шығардық,  еңбегіміздің елеусіз қалмағаны қуантады, - дейді туынды авторларының бірі Елена Аринович. 

Достық үйінде, сонымен қатар, оқушылар арасында өткен «Алғыс айту күніне арналған үздік логотип» байқауының жеңімпаздары да анықталды. Бқл байқауға бір ай ішінде 100-ден астам автордың қолынан шыққан логотип үлгілері қабылданыпты.  Қазылар алқасының шешімімен, Алғыс айту күніне арналған үздік логотип авторы атағына Қарабалық кентінің оқушысы Ростислав Фоменко лайық деп танылды. Екінші орын Амангелді ауданының оқушысы Інжу Мақсұтова мен Әулиекөл ауданынан келген Әлібек Исмағамбетов, Жансая Мәкеноваларға бұйырды.  Ал Рудный қаласында оқитын Юрий Рыбаков,  Қостанай ауданының оқушысы Чемдуж Анастасия және Әулиекөл ауданының өрендері Бекеева Гүлназ, Демянчук Эстэль, Ясунскайте Алина үшінші орынды өзара бөлісіп алды.  

Байқау жеңімпаздарына арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар берілді. Сондай-ақ, байқауға қатысқандардың бәріне облыстық Ассамблеяның атынан  дипломдар мен ескерткіш сыйлықтар табыс етілді.

Салтанатты жиынның соңында Достық үйіне жиналған қауым мен шараға онлайн режімде қатысып отырған қалың көпшілік қосылып «Алғыс әуені» гимнін әуелетті.

 

Қостанай облысы