Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының бастамасымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында «Тәуелсіздіктің төл құрдастары» жобасы басталды.
Тәуелсіздік құрдастары жыл бойы жетім балаларға тәлімгер ретінде көмектесіп, елордаға 30 мың түп ағаш отырғызумен, мүмкіндігі шектеулі балаларға тренинг пен танымдық экскурсия ұйымдастырумен және басқа да 30 түрлі қайырымдылық шаралармен айналысады.
Сол қайырымдылық шарасының бірі – «Қайырымды істер марафоны» акциясы. «Тәуелсіздіктің төл құрдастары» жобасы аясында Сарыарқа ауданы бойынша аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты қарттарға азық-түлік себеттері тара-тылды.
Себеттер ең қажет азық-түлікке толы. Мұқтаж жандар ұн, күріш, картоп, пияз, май, шай және басқа да заттар алды. Акция аясында жыл бойы 300-ге жуық отбасыны қамту жоспарланған.
Жобаның негізгі мақсаты – жастардың басын бір ортаға топтастыру, ортақ жобаларға жұмылдыру, Тәуелсіздікпен құрдас, биік белестерді бағындырып, жетістікке жеткен азаматтарды көпшілікке таныту.