Ұлтына, тіліне, дініне қарамай, өзге этнос өкілдерін бауырына басқан қазақ халқының дархан мінезі, кеңпейіл болмысы кейінгі ұрпаққа үлгі деп білемін. Адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы, сыйластығы, түсіністік сияқты құндылықтардың да әрдайым орны ерекше.
Бұл ретте Алғыс айту күнінің маңызы зор. Бұл айтулы күн еліміздегі бейбітшілік пен татулықты дәріптейтін айшықты мейрам. Алғыс айту арқылы адамдар арасындағы түсіністік пен сыйластық нығая түседі. Қашанда этносаралық келісім – ел дамуының өзегі, ел бірлігі – өркендеуіміздің басты шарты болып қала береді.
Мейірімділік, қайырымдылық сияқты игі қасиеттер қазіргі кезде де қоғамда көрініс табуда. Әсіресе, коронавирус індеті кезінде еліміздегі азаматтар өзінің ауызбіршілігін, татулығын көрсетті. Бір-біріне жанашыр бола білді. Мәселен, республикалық «Біз біргеміз!» қайырымдылық акциясы аясында Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнгендер қауымдастығының мәдени орталығы 1 100 000 теңгеге 120 отбасыға азық-түлік себеттерін және 100 000 теңгеге 2000 медициналық маска таратты. Аталған бірлестіктің өкілі Руслан Исмазовтың бастамасымен Алматы қаласында тұратын аз қамтылған отбасыларға 4 500 000 теңгеге 35 тонна азық-түлік түріндегі гуманитарлық көмек жіберілді. Мұның барлығы да қазақ жеріндегі татулықты, бірлікті көрсетеді. Сондай-ақ елімізде бастау алған «Біз біргеміз!» акциясы аясында Жамбыл ауданының тұрғындарына 1 000 000 теңгеге 7 тонна азық-түлік таратылды. Осы ауданға қарасты Гродеково және Жалпақтөбе ауылдарындағы дүнген этносының өкілдері ауылдардағы бақылау бекетінде тұрған медицина, әскери және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне күніне түскі ас ұйымдастырды. Сонымен қатар Қордай ауданы, Сортөбе ауылының әкімдігі мен еріктілері бірлесіп, Сортөбе, Қаракемер, Ауқатты, Қарасай және Еңбек ауылдарындағы 305 отбасына 1 200 000 теңгеге және Ауқатты, Масанчи мен Бұлар батыр ауылдарындағы аз қамтылған 72 отбасына 220 000 теңгеге қайырымдылық көмек көрсетті.
Жалпы, еліміздегі бастау алған әрбір жоба біз үшін өзінің өміршеңдігімен, мағынасымен құнды. Бұл бастамалардың бәрі де бізге мемлекеттің беріп отырған мүмкіндігі. Сонымен қатар елдің ауызбіршілігін, татулығын айғақтайтын дүние. Бір-біріне қайырымдылық жасау арқылы адам баласы ұлттың болмысындағы ұлы құндылықтарды сақтап қалады. Сондай-ақ бұл ұрпақтар сабақтастығына да қажет дүние.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін барлық мүмкіндікті қарастырып келеді. Еліміздегі түрлі оқиғаларға байланысты жедел шаралар қабылдап, оның оң шешілуіне тиісті тапсырмалар беруде. Әсіресе, Қазақстанда тұратын өзге этнос өкілдеріне деген құрметтері ерекше.
Қарапайым халық арасындағы бір-бірін жақсылыққа шақыру, татулыққа үндеу, бейбітшілікті насихаттау сияқты үрдістер бізбен қатар, болашақ ұрпаққа да пайдалы дүние деп білемін. Қай кезде де адамдар бір-бірін құрметтеп, бір-біріне алғыс айтып жүрген жерде ешқандай да келіспеушілік болмайды деп ойлаймын.
Біз үшін татулық пен бірліктен асқан құндылық жоқ. Себебі Қазақстан – бәріміздің ортақ Отанымыз. Ортақ Отанымызда бейбітшілік пен татулық салтанат құрған кезде, әрқайсысымыз осы құндылықты әрі қарай дамытуға, ұстап тұруға міндеттіміз. Сондықтан Алғыс айту күні мерекесі де елдің ынтымағын арттыратын айтулы күннің бірі.
Мемлекеттің тұтастығынан, адамдардың татулығынан асқан құндылық жоқ. Мен де ел тәуелсіздігінің мәңгі, баянды болуын тілеймін! Қазақ еліне алғыс айтамын! Елімізде әрдайым бейбітшілік пен тыныштық болсын! Үнемі адамдарға алғысымызды айтып жүрейік!
Аиша ИДЫБО,
«Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнгендер ассоциациясының мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы