Талай сын сағаттарда қазақ халқы ынтымағын бұзбай, сырттан еріксіз келген елдің өзегіне теппей, кең болудың, мейірімді болудың озық үлгісін көрсетті. Қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, елімізде этносаралық келісімді қамтамасыз етуде қазақтың осы жүрек елжіретер өнеге-үлгісі әрдайым жарқырай көрінеді.
Мен үнемі жырдай айтып жүретін, бүкіл қазақ ұлтына басымды игізген бір жайт бар.
1944 жылы 8 наурызда өз халқымен бірге, балқар жазба әдебиетінің негізін қалаушы, ақын, ағартушы Кязим Мечиевке де қазақ дәмі бұйырыпты. Тоқсаннан асқан ақсақал, бір жылдан кейін дүниеден өтіп, «Сүйегімді туған жерге қойыңдар» деп аманат етті. Жарты ғасыр өткен соң, артында қалған ұрпағы есін жиып, қарияның аманатын орындау мақсатында Алматы облысы, Қаратал ауданы Қалпе ауылына келді. Өлі емес, тірілердің өмірі түкке тұрмай жатқан сол бір бұлыңғыр тұста, «ауып келген халық» деп моласын бұзбай, керісінше, қолға түскен нәрсемен қорымды қоршап, оны аяқасты етпей қорғап отырған ауыл тұрғындарының қасиетіне қатты тебірендім.
Ұлы қазақтың қасиеті сол, барлық халықты жамандыққа қиған жоқ, содан болар, көптеген жұрт қиыншылықта қорған болған қазақ жеріне алғысын жаудырады. Біздер, сол аға буынның кеңдігінен, сабырлы парасатынан құнар алып, тамырланған ұрпақпыз. Құрметіміз бен адалдығымызды паш етіп, сол ұрпақтың жалғасы ретінде бүгінгі қазақ ұлтының айналасында ұйысып, бірге жасап келеміз.
Біз тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, жалғыз Отанымызбен бірге өркендеп, алғысты жерімізде тамырлап бірге гүлденуіміз керек. Өйткені тағдырымыз бір халықпыз.
Өткен ғасырдың алғашқы жартысында қазақтың да талайына небір ауыр сынақ түсті. Алға шыққан азаматтарын жойып жіберіп, сананың сәулесін өшірді, қасақана жасалған аштықтан халық баудай қырылды, жалпыны шарпыған соғыс өрті тағы бар... Бір саусағы бүгулі саясаттың кесірінен көп құндылық өзгеріске түсті. Алайда мұның бәрі қазақ деген халықтың құтын қашырмады, қасиетін жоя алмады. Баршамыздың бастан кешірген қиыншылығымыз бізді біріктірді. Бір-бірімізді сыйлап, құрметтеуге үйретті.
Қазіргі таңда барша қазақстандықтар Алғыс айту күні мерекесін атап өтуде. Бұл – бірліктің, татулықтың, жаңғырудың мерекесі. Қазақстан халқын осынау шапағатты мерекемен құттықтаймын.
Людмила ХОЧИЕВА,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қарашай-балқар ұлттық мәдени орталығының төрайымы