Өлең сөздің дүлдүлі, жыршы, жырау Жамбыл Жабаевтың шығармашылығы хақындағы зерттеулер бүгінде отандық ғылым саласы ғана емес, алыс-жақын шетел ғалымдарының да назарында. Жыр алыбының туғанына 175 жыл толуына орай М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұйымдастырған «Жамбыл шығармалары – ұлт руханиятының айнасы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференцияда халық жыршысының мұрасын зерттеу, насихаттауға байланысты ғалымдар ой қозғады.
Конференцияны М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов ашып, ақын шығармаларының жинақталуы, жарыққа шығуы, насихатталуына қатысты институт қабырғасында өріс алған жұмыстар барысына тоқталып өтті. Ендігі мақсат – Жамбылдың шығармаларына жаңа көзқараспен қарау. Осы орайда институт ғалымдары ақынның мерейтойына орайластырып Жамбыл Жабаев шығармаларының академиялық толық жинағын шығаруды жоспарлап отыр.
«Қазақ жырауларының сарқыны ретінде бүкіл шығармашылық ерекшеліктерін бойына сіңірген дана жыршы – Жамбыл мұрасын тұтастай алып қарастыру қажеттігі тұр. Өз жырларында бүкіл батырларды түгендеп шығуы Жамбылдың халықтық ақын екенін, халық шығармашылығының қайнары екенін айқындай түседі. Сондықтан да Жамбыл мұрасы классикалық тұрғыдағы ақын-жыраулардың айқын үлгісі ретінде халқымызбен бірге жасайтынына ешқандай күмән болмауға тиіс», деп атап өтті Кенжехан Матыжанов.
«Жамбылдың жыршылық дара өрісі қаншалықты қайран қалдырарлық төтен құбылыс болса, осындай сұрапыл жыршылық қазақтың ауызша әдебиет тарихындағы соншалықты жоталы айғақтардың бірі болатын. Жамбылдың өз аузынан жазылып алынған сөз қазақ арасына рухани ізгілік себуде тарихи миссия атқарған авторлық ауызша әдебиеттің төлтума, жалпыға тән және бір артықшылығын растай түседі», деп атап өтті Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Қанипаш Мәдібай. Ғалым атап өткендей, жүз жасаған жыр жүйрігінің ғұмыр ғибраты туралы кеңістікке шығып, кеңінен шолып сөйлеуге мүмкіндік туғызатын елеулі деректік, дәйектік фактілер қорының жалпы қазақ әдебиетінің тарихындағы авторлық ауызша әдебиеттің дара негіздерін ұғынып, сіңіру, таныту ауқымындағы мәні айрықша.
Жамбыл шығармаларының 1938 жылдан Мажарстанда ғана емес, мажар қандастар тұратын елдерде – Словакияда, Югославияда, Румынияда аударылып, жарыққа шыққандағы туралы баяндаған Мадияр-Тұран қауымдастығының үйлестірушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Бабақұмар Хинаят Жамбылдың 1946-1951 жылдары өте көп жарияланған танымал ақындар қатарында болғандығына тоқталды. Ғалымның айтуынша, «Мажарстандағы түрлі антология, жинақтарда Жамбыл туындылары 1980 жылдарға дейін үзбей жарияланып келген. Университеттердің арнайы бағдарламалары мен энциклопедиялардан орын алып, ғылыми-зерттеу нысанына айналды. «Жамбыл шетел, Кеңес ақындарының ішінде ең көп жарияланған ақындардың қатарында болды. Жамбыл мұрасының арнайы академиялық институтта зерттелуіне үлкен үлес қосқан ғалым – академик Тренчени-Вальдапфель Имре. Ғалым ақын шығармаларын зерттеп, гректің антикалық ақындарымен, Гесиод заманындағы ақындармен шендестіріп, ортақ сипаттарын айтады».
Тіптен академик Тренчени-Вальдапфель Имре Жамбыл шығармаларын зерттеу үшін қазақ тілін үйреніп, арнайы Алматыға келіп, ақын-жазушылармен, әдеби ортамен етене жақын болғандығы, оқтын-оқтын насихаттап, көптеген шара өткізіп тұрған деген де деректер бар. Бірақ өткен ғасырдың 70-жылдары зерттеуші-ғалым қайтыс болғаннан кейін бұл шаралар біраз саябырсып қалған.
Жамбыл мұрасын жастар арасында насихаттаудың маңыздылығына тоқталған Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, филология ғылымдарының докторы, «Жамбыл әлемі» газетінің бас редакторы Темірхан Тебегенов ақынның толғауларын, айтыс, дастандарын мектептер мен жоғары оқу орындарының оқулықтарына енгізу, «Музыкалық мұрасы» арнаулы оқу құралын, Жамбылдың ақындық мектеп дәстүріне арналған жинақтар, зерттеулерін жарыққа шығару мен таңдамалы шығармаларын әлем тілдеріне аудару қажет деген ой түйеді. Осы орайда Жамбыл шығармаларын оқытуда рухани құндылықтарды қалыптастыруға байланысты ой қозғап, жастарға ұлттық тәрбие берудегі маңыздылығына тоқталған Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Болатхан Сарбасов «Жамбыл – айтыскер ақын ғана емес, абыз жырау, жауынгер жыршы. Ол шын мағынасындағы биік парасатты өнерпаз, азаматтық саяси поэзияны қалыптастырушы. Ақын жыраулардың байтақ эпикалық дәстүрін, қазақ сөз өнеріндегі ғажайып импровизациялық үрдісті бүтіндей жаңа арнаға бұрып, оған жаңа мазмұн дарытты», деп атап өтті.
Ал Жамбылдың ақындық қызметінде айтыстың елеулі орын алғандығын баяндамасына арқау еткен Қырғыз-Қазақ университетінің Қазақстандағы филиалының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анарбай Бұлдыбайдың айтуынша, «Ол өзіне дейінгі ертеде өмір сүрген атақты жыраулардың, өзімен қатарлас айтулы ақындар мен жыршылардың мұрасын, күллі халық поэзиясын толық меңгерген, өз шығармашылығына да негіз еткен. Жамбылды жыр даңғылы десек, оның басқа ақындармен сөз жарыстыруы иә қағысу машықтары, иә болмаса дидарласа табысқан, танысқан өлеңдері де ел санасынан өшірілмей, қайта дәуір толқынымен жаңа арнаға құйылмағы хақ».
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш «Жамбыл мен Тоқтоғұлдың жауаптасуы» баяндамасына қазақ даласының ұлы жыршысы Жамбыл ақынның қырғыздың үлкен ақыны Тоқтоғұл Сатылғановпен адами достығы және шығармашылық байланысын арқау етті. Ғалымның айтуынша, қырғыз елінде «Тоқтоғұлтану» ғылымы жақсы жолға қойылған. Елінің ұлы ақыны жөнінде бүге-шігесіне дейін зерттеліп, қатталып отырады екен. Осы тұста әдебиеттанушы ғалым Омор Соороновтың қолына түскен деректердің маңызы зор. Сондай құнды жазбалардың бірінде «Тоқтоғұлдың Жамбылмен жолығышқаны» деген он төрт шумақтан тұратын жыр жолдары бар. Бұл жазба Иманбай Кенжеғұлұлы дегеннің Қырғыз КСР академиясының қолжазбалар қорына 1956 жылы өткізген материалдарының ішінен табылған екен. Жыр шумағымен таныса келе, оның қырғызша айтқанда жай «жолығышу» емес, екі атақты ақынның сөз қағысуы екендігін, өлеңмен жауаптасу екендігін аңғарамыз», деп атап өтті Нұрдәулет Ақыш.
Үнемі ақиқат пен әділдікті ту еткен ақынның тұлғалық болмысы мен мұрасы әлі де зерттеуді қажет етеді, деп атап өткен Жамбылдың шөбересі Бұлан Жамбылов жастар тәрбиесіндегі маңыздылығын ескеріп, имандылық, руханият тұрғысындағы мәселелерге мән беру керектігіне тоқталды.
Жамбыл шығармашылығын әлем әдебиеті контекстінде қарастыру мен қазіргі әдебиеттанудың жетістіктері тұрғысынан зерделеуді мақсат еткен конференция үш сессияны қамтыды. Жамбыл Жабаев шығармаларының әлемдік поэзиямен үндестігі, жас ғалымдардың зерттеулеріндегі ақын мұрасының бүгіні мен келешегі, Жамбылтану мен филология пәндерін оқытудың инновациялық әдістемесіне қатысты айтылған тұшымды ойлар ғылыми іс-шараның мәнін толықтыра түсті.
АЛМАТЫ