«Көп түрік енші алысып тарасқанда,Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?», деген жыр жасыны Мағжан Жұмабаевтың бұл екі жолының түп тамырында – әлімсақтан келе жатқан тек тірегіміз, ұлттық жүрек лүпілі жатқаны анық. Түркі дүниесі қара шаңырақ деп таныған бүгінгі Қазақ елін, әлемнің қырықтан аса мемлекетінде тарыдай шашылып жүрген қандастарымыз да құт мекені санайды. Олар осы қасиетті қара шаңырағына арқа тіреп, басын сүйеп, бүкіл өмірін біте қайнастыру жолындағы ұмтылысын күн-түн ой-санасынан шығармай отырғаны да ақиқат.
Кімге де екі Отанының болуы екі талай, болса қауіпті. Екі Отаным бар дегеннің бір күні жүзі жарық болғанымен, аяқ астынан аунап түсер заман туса, беті шарық болып қалуы да ғажап емес. Оны Отаны жоқ ала көңіл, сырты бүтін, іші түтін, түйткілі көп біраз ұлттардың қас-қабағынан аңғару қиын болмаса керек. Бұл жағынан келгенде, бар қазақ шүкіршілік етеріміз сөзсіз. Себебі қара шаңыраққа ие болған қазақтың арманы жоқ, көңілі бүтін, ниеті асқақ десек, артық айтқандық болмас.
Әр отбасының өз қара шаңырағы болады. Ол киелі саналады. Қара шаңырақ екенін біліп барған адам, әсіресе сол отбасынан өсіп, өнген ұрпақ бұрын иіліп кіріп, көстеңдемей именіп отыратын болған. Сапарға шықса, не бір тілек жолына аттанарда, қиналған тұста, қысылған сәтте қара шаңыраққа кіріп тәу етуді парыз санаған.
Сол қара шаңырақтың түпкі мәні не дегенге келсек, ол – содан тараған барлық отбасы, ағайын ынтымағы, баба салтын сақтауы, ата-ана үлгісін үкілеуі, сол жолды жалғастыруы, сөйтіп, ауыл бірлігін, ел бірлігін арттыруы. Мұны ұлт ұйтқысына айналдыру, іркіттей ірітпей, қалыбын бұзбай кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдыру. Бұл арқылы қара шаңырақтың қоздап жататын отын сөндірмей, сөлін құртып, күлін шашып, құрдымға жібермей, дәстүрді толқын-толқын ұрпақ көкейіне берік сіңіру. Олардың әрқайсысы «ұл – қоныс, қыз – өріс» дегенді көкейлерінде жаңғыртып, қара шаңырақтың иесі ұл екенін, ұл болғанда ананың ақ сүтін сарқып емген кенже ұл екенін естен шығармайтын шындыққа бағыну.
Атадан жалғасқан әкенің қара шаңырағын ұстап қалған ұл мен келінге басқалардың ілтипаты ерекше болған. Бар дүние кенже баланың еншісі деп, оған ашкөздену ағаттық деп ұққан. Атаулы күндерде, Айт пен Наурыз мерекелерінде қара шаңырақтан аттап өтпей, сол үйден қадам ашуды бүкіл ауыл жұрты ойларына бекем ұстанған. Әсіресе, келіндер жағы қара шаңыраққа сәлем салып, қиып өтпей, кіріп тұруды қарыз деп білген. Тіпті қара шаңырақтың қасынан өтіп бара жатқандар ойқастамай ат тізгінін тартып, киелі үй, қасиетті мекен деп әйелдер жағы аттан түсіп, атын жетекке алып жаяу жүретін болған.
Сол қара шаңырақтан енші алған, өз алдына шаңырақ көтергендер үлкен- кішісіне қарай үлкен үй, үлкен отау, кіші отау, тағы да басқа деп жөніне қарай реттелген.
Қара шаңырақ – қазақ үшін алтын діңгек, үзілмей келе жатқан арқау еді. Қара шаңырақ – құс қонған айдын көл, асқар бел болып, айбыны да асқақ тұрар еді.
Сол қара шаңырақтың бүгінгі жай-күйі қалай екен деген сұрақ, көп жағдайда мазаны ала береді. Керек десеңіз, қара шаңырақты ұмытқан қазақтар да жоқ емес секілді.
Заманға қарай үйдің формасы да, тұрмыс-тіршілік те өзгерді. Бірақ түр-түсіміз, тіл, дін, діліміз қалыбында. Бұрынғылар бидің үйі болмаса да, би түсетін үй болсын деген аталы сөз қалдырған екен. Иә, тілдегі, ділдегі, діндегі ала-құлалықтың бары белгілі. Бірақ ұлттық мүддеге келгенде, оны бұрынғыша көш жүре түзеледіге салып, береке-бірлікке табан тіресек, ынтымақты істі алға оздырсақ ұтылмаймыз.
Несін жасырамыз, қара шаңырақ қасиетті дегенді көбіміз ауызша тамсанып айтамыз. Бірақ сол қара шаңыраққа қарауыл болып отырғандар ауылда бар, қалада көк сүттей сұйылып бара жатқаны рас. Уақытты, дәуірді, жан бағысты көлденең тартып көлгірситіндер табылады. Оны да жөнсіз дей алмаймыз, ұғамыз, түсінеміз. Дегенмен, ұлт ісі – ұлы іс екені еске түскенде, бәрін жиып қойып, керегесі сықырлап, шаңырағы шайқалып тұрған қара шаңырақты қайтсек қалпына келтіреміз деп бұлқынасың. Қолдан келетіні – қаламға жабысып, қағазға үңілу. Басқаға қауқар кем.
Кейде өркениетті елдерге жүгіне қаламыз. Дегенмен, сол өркениетті елдердің сыры ашылып, сықпыты көрініп, ала-құла қоғамындағы қолайсыздықтар алып ұшқан көңілді су сепкендей басады. Тіпті сол үрейді ұшыратын жат қылықтарын көре тұрып, өз жақсымызды әспеттеуге келгенде таршылық танытатынымыз да анық. Ұлт екенімізді ұқсақ әлгіндей «әй, кәпір-ай»-лардан бой тартуымыз керек. Егер сырттың мүддесін ішкі мүддеден жоғары қойсақ, ұрпақты келешекте аямай аздырып алуымыз кәдік. Беті аулақ, әйтсе де сақтанбасақ, көлгірси берсек, қара шаңырақтай киелі ұғымды архаизмге жіберіп тынуымыз да мүмкін ғой.
Ұлтты сақтайтын – ұлттық құндылық, ұлттық үлгі, өнеге, бабалар дәстүрі, салт-сана. Осы ерекшеліктерімізбен қазақ болып көріне аламыз.
Қара шаңырақтың иесі мен дейтін ұл мен келін, расында осылар дейтін оның төңірегіндегілер де азайып барады. Кенже, кенже келінмен бірге тұратын ата-ана да кеміп барады. Оны айтасыз, қос мемлекет секілді ала көздесіп күн кешетіндер де баршылық.
Осындай әдеттен бе, қара шаңырақты былай қойып, жас шаңырақтардың ойраны шығып, ажырасу жағынан өзге жұрттардың алдына шығып кететін сәттер де жиіледі. Кемпір-шал күзетіп отырған қара шаңырақты «басып» алып, әлгі «күзетшілерді» жылатып, еңіретіп қарттар үйіне орналастыратындар да азаятын түрі жоқ. Бұл қазаққа жат қылық еді, әлде қара шаңырақтың киесін білмей, қасиетін кетірген соң, осыған жеткізіп отыр ма екен?
Сұмырайдай сықиып келіп, дендеп еніп бара жатқан Еуропаның, қазірше елеусіздеу көрінетін үрейлі дәстүрсымақтары жан шошытады. Оны айтасыз, етіміздің өлгені сонша, көз шіркінің көнгені сонша, қатігездікке, жат әдетке немқұрайды қарайтын болып алдық. Бізден аулақ, басқа да ғой дей саламыз. Осындайда Абайдың жиіркене айтатын өзімшілдік туралы байламы еске түседі.
Шынына келсек, түркінің қара шаңырағына ие қазақ жұртында оғаш әдет пен әдеп байқалмауы тиіс. Қара шаңырақты айтпағанда, Ресейдің білімдар ғалымы М.Шевченко «...Қазақтар – түркілердің атасы. Қазақстан ежелгі түркі жұртының бірден бір мұрагері болып табылады», деген байламы еске түскенде, мұраГер неге соған сай болмайды деуге тура келеді.
Бұл заман емес, бодан кезде сол мұрагерге, яғни қазақтарға қарағандар «е, қойшы» демесін деп, «Қазақ – баладай аңғал, сүттен ақ, судан таза, бүлінбеген халық» екенін айтып, соның тұнығын лайламай, бастау басында сақтап қалуы үшін өздерін құрбандыққа байлап, «Бізді ұлтшыл қылған нәрсе – біздің кемдікте, қорлықта жүргеніміз, көрінгеннен соққы жегеніміз», деген Әлихан Бөкейханның халқым деген берік байламын орнықтыру, қара шаңырақты сақтап қалу: «Шын бақ – ата-ананың махаббаты мен балалардың таза жүрегінде», деген Шәкәрімнің түйіні ақиқаттың ақ жолы деп білеміз.
Ендеше, «Біз қазақ халқы деп тудық, сол халық деп дүниеден өтеміз де. Басқа ой-пікір болған емес, болмайды да», деп алмастай жарқылдаған Алаштың қайраткері Әлімхан Ермекұлы айтпақшы, әр қазақ қазақ екенін намыспен ойлап, армен топшыласа елдігіміз мәңгілік болары хақ. Сонда ғана қара шаңырақ шайқалмай, сақталады. Киесі шаңырағына қайта қонып, қасиеті артып, қадірі ұрпақтың ой-санасында бекіп, қарттар үйіне қазақтың ақ сақалды атасы мен ақ жаулықты анасы түрлі сылтаулармен тоғытылмайды, сүйрелеп апарып өткізе салу тыйылады. Ата-ана, келін-бала төртеуі түгенденіп, қара шаңырақтың берекесі кіреді. Ар алға озып, қара шаңырақтың уығы сиремейтін болады.
Сүлеймен МӘМЕТ,
журналист