Бөрте ханым – әлемді билеген әйгілі Шыңғыс қағанның сүйікті жары, сенімді серігі әрі дана кеңесшісі. Ұлы қағанның атының тұяғы жетіп, құлашы қармаған күллі империясын мұрагерлікпен билеген осы Бөрте ханымнан туған төрт ұлы – Жошы, Шағатай, Үгедей, Төле. Бір ханға сүйікті жар, төрт ханға қадірлі ана болған Бөртедей арудың қасиет-қадірі ерекше. Сондықтан да оның есімі ұлы қағанмен қатар аталып, мерейі үстем болды.
Тарихи жылнамаларға, фольклор мұраларына жүгінсек, Бөрте ханым Қоңырат тайпасының белгілі де беделді адамы Дай-шешеннің қызы. Шамамен 1154-1230 жж. аралығында өмір сүрген. Ата-баба жолымен Қият тайпасының батыры Есукейдің ұлы Темучинге атастырылады. Есукей батыр ерте қайтыс болып, Шыңғыс атастырылған қалыңдығын уақыты келгенде ұзатып әкеледі.
Бөрте ханым Шыңғыс ханның атағы шықпай тұрып-ақ сенімді серігіне айналған. Қиын кезеңдерде де, алғаш жауға аттанып, жеңіске жеткенде де қасында жүріп, ұлы қағанның айнымас сүйіспеншілігіне ие болған арудың тағдыр талайы оңай бола қоймаған.
Бөрте туралы тарихи жазбалар көп емес. Ақ жібектен киініп, шашына алтын тиын тағынып жүретін көркіне ақылы сай ханым ретінде сипатталатын тым аз дерек бар.
Тарихшы Зардыхан Қинаяттың жазғанына сүйенсек, ХІ-ХІІ ғасырларда, моңғол даласында түркі, моңғол тайпа бірліктері тығыз байланыста өмір сүрді. Олардың салт-дәстүрі, тілі, мәдениеті бір-бірлеріне ұқсас келеді. Ру-тайпалар арасындағы құда түсу салты тайпалар ынтымақтастығын нығайтып, бейбіт қатар өмір сүруге ұйтқы болды. Міне, осы салтты ұстанған хамаг тайпасының батыры әрі көсемі Есукей батыр ұлы Темучинге (Шыңғысқа) нағашы жұрты олхунуд тайпасынан қыз айттыруға жолға шығады. Бірақ әкелі-балалы екеуі діттеген жерге жетпей, жол-жөнекей қоңырат тайпасының көсемі Дай-шешенге (Дей-шешен) жолығып қалады. (Қинаят З. Жошы ханның ата-тегі төңірегіндегі ақиқат. // «Шыңжаң қоғамдық ғылымы» журналы. 2000 ж, № 1.)
«Моңғолдың құпия шежіресінде» бұл оқиға былай баяндалады:
«61. Есүкей батыр Темүжін тоғызға келген кезде, Уәлін шешесінің төркіні олқұноуыт елінен, нағашы жұртынан қыз іздейін деп, оны ертіп барады. Жолай Сексір мен Шікіркудің арасында отырған Қоңыраттың Дей шешеніне кезігеді.
Дей шешен бүй дейді: «Есүкей құда, қайда барасыз?» Сонда Есүкей батыр: «Менің ұлымның нағашысы – олқұноуыт елінен қыз сұрамақ болып бара жатырмын», – дейді. Дей шешен: «Мына ұлыңның көзі отты, беті алмасты», – екен дейді. «Есүкей құда, өткен түнде түс көрдім. Түсімде ай мен күнді шеңгелдеп ұстаған бір аппақ сұңқар қолыма қонған екен... Ай мен Күнді біз көзбен көруші едік. Ал, ай мен күнді ақ сұңқар шеңгелдеп әкеліп, менің қолыма қонуы неткен ғажап! «Қандай жақсылық кезігер екен» деп мен басқаларға да айтқан едім. Есукей құда, балаңызды ертіп келгеніңіз менің осы түсімнің жоруы болғай, қият руының киесі маған түс болып көрінген болар. Біздің Қоңырат ежелденЖиені сұлу,
Қызы өңді ел.
Басқаның жерін жауламай,
Болдырмай, сірә, дау-дамай,
Бидай өңді қыздарды,
Былқылдақ күйме мінгізіп,
Жетелетіп біз нарды,
Желдіртекеп жүргізіп,
Желегін бүркей тұрғызып,
Құтты қосақ еткенбіз...
Қоңырат сынды жұртымыз,
Қашаннан да сыйтымыз,
Қатын сұсы болатын,
Қыздың мысы болатын
Жиеннің түсі болатын,
Солай сынға толатын.
Ер ұғұлұм,Елді аралап
Ақылды қыздың
Ажарын байқағай.
Есүкей құда, үйге барайық. Титімдей қызымды да көріңіз», – деп Дей шешен Есукейді үйіне ертіп барады.
Дей шешеннің қызын көрсе: беті ажарлы, көзі отты екен. Есукей батырға ұнайды. Қыздың есімі – Бөрте екен. Темүжіннен бір жас үлкен, онда екен...» (Моңғолдың құпия шежіресі. Аударған М.Сұлтанияұлы. Алматы: Өнер, 1998. 34-36 бб.). Есүкей батыр сол кездегі салтты сақтап, ұлын уақытша болашақ құдасының үйінде қалдырып, үйіне қайтады. Жолда дұшпандары берген удан қайтыс болады...«Құпия шежіренің» баяндауында, Шыңғыс есейе келе Бөртені алуға барғанда Дей-шешен батасын беріп, қызын қосады. Дей- шешеннің бәйбішесі, Бөртенің анасы Сотан бәйбіше жас жұбайлармен бірге Шыңғыстың еліне келеді. Енесі еліне қайтқан соң Шыңғыс Бөртенің ақыл қосуымен, қасына жанашыр туыс-достарын ертіп, Сотан әжей китке әкелген қара бұлғын ішікті алып, әкесі Есукейдің досы болған керейдің Оң (Тұғырыл) ханына келеді. «Сізді әкемдей көріп, енем әкелген бұлғын ішікті Сізге әкеліп отырмын» деп, тарту етеді. Оң хан болса бар ықыласымен:
Қара бұлғын ішігің
Қар боп текке кетпесін,
Тозғындаған еліңді
Топтастырып берейін,
Бытыраған еліңді
Біріктіріп берейін,
Ай дейтін болсын ажасы,
Қой дейтін болсын қожасы, – деп риза болады. (Моңғолдың құпия шежіресі. Аударған М.Сұлтанияұлы. Алматы: Өнер, 1998. 47-48-бб.)
Шыңғыс хан мен Бөрте ханымның бас қосқан уақыты, түркітанушы ғалым Л.Гумилев деректерінде 1178-1179 жж. шамасы. Бұл деректің шындыққа жақын екенін бекіте түсетін Саган Сэценнің 1663 жылы жазылған «Құнды қазына» («Эрдэнийн товч») атты тарихи жылнамасы. Бұл кітапта Шыңғыстың он жеті жасында он сегіз жасар Бөртеге үйленгені айтылады.
З.Қинаяттың түсіндіруінде, Бөрте және Шыңғыс ханның анасы Өлун екеуі «ежен» (үжін) деп аталады. «Ежен» (үжін) сөзі яғни «хан ана», «ханды туған ана» деген ұғым береді. Шыңғыс әулеті тарихында «ежен» («үжін») атанған осы екі ана ғана.
Жазба деректерде және ел жадында жатталған әңгімелерде ең көп айтылатын оқиға – Бөрте ханымның жау қолына түсуі. Рашид-ад-диннің «Жамиғ-ат-тауарих» кітабында, моңғолдың «Құпия шежіресінде» Бөрте сұлуды меркіттердің тұтқын етіп алып кетуі туралы айтылады. Осы оқиға, кейбір деректер бойынша, кейіннен Шыңғыс пен Жошы ара қатынасының күрделенуіне әкеп соғады. Шыңғыс хан тұлғасы арқау болған көркем туындыларда да бұл мотивке ерекше мән беріледі...
Рашид-ад-Диннің баяндауында, Бөрте фуджин (ханым) Жошыға аяғы ауыр кезінде меркіттер тұтқиылдан ауылды шауып, тұтқындап әкетеді. Меркіттер Бөртені бұрыннан араздықта болса да, дәл сол кезде татулықта болған Керейдің Оң ханына жібереді. Шыңғыстың әкесі Есукеймен дос болған Оң хан Бөрте ханымды құрметтеп, келіндерінің қатарында, күтімде ұстайды. Бұл туралы білген соң Шыңғыс Оң ханға Жалайыр тайпасынан шыққан әмірі Сабаны аттандырады. Оң хан Бөртені Сабамен бірге жолға салады. Осы жолдың үстінде келе жатқанда Бөрте босанып, дүниеге ұл баланы әкеледі. Жол үстінде туғандықтан балаға Жошы есімі берілген екен.
Моңғолдың «Құпия шежіресінің» баянында бұл оқиға сәл басқаша баяндалады. Бөртенің жау тұтқынына түсу оқиғасы Шыңғыстың жаңа үйленген кезі делінеді. Оқшау тұрып жатқан аз үйлі ауылға меркіт тайпасы тарапынан шабуыл жасалып, жаңа түскен жас келін Шыңғыстың әкесі Есукейдің ескі дұшпандарына тұтқын болып кетеді. Кезінде Есукей баһадүр меркіт Чиләдүден Өлүн үжінді тартып әкеткен болатын. Шыңғыс осы Өлүн үжіннен туады. Соның қарымтасы ретінде меркіттер Бөртені Чиләдүдің інісі Чилэгэр балуанға береді. Шыңғыс хан әйелін қайтарып алу үшін Керей ханы Оңнан (Тұғырыл) көмек сұрайды. Сонда Оң хан баяғы сөзінде тұрып:
Жетемін мен сөзіме,
Жебеу келді кезіне.
Бүкіл меркітті быт-шыт қып,
Бөрте-үжінді
Бергізейін өзіңе.
Қалың меркітті қопа қып
Ханша Бөртеңді
Қайтарайын өзіңе, –
деп жауап берген екен. (Моңғолдың құпия шежіресі. Аударған М.Сұлтанияұлы. Алматы: Өнер, 1998. 52-бб.)
Жамұқа мен Оң ханның екі түмен әскері күш қосып, Шыңғыс ханның адамдарымен бірігіп, меркіттерді тас-талқан етіп жеңеді. Сөйтіп, Бөртені қайтарып алады. Бөрте ханымның тұтқыннан азат болып, Шыңғыспен қауышуы «Құпия шежіреде» өте әсерлі баяндалған. Селеңгі өзенін бойлап, түн ішінде үрке қашқан меркіт ауылының соңына түскен Шыңғыс қашқан елдің ішінен Бөртені іздеп, «Бөрте! Бөрте!» деп айғайлаумен болады. Шыңғысты дауысынан таныған Бөрте күймеден түсе жүгіріп, Шыңғыстың шылбырына оралады. «Айдың жарығымен таныған Темүжін оны құшақтап аймалайды... Бөрте-үжін меркіттердің шеңгелінен шығып, Темүжінмен осылай кездескен еді», деп суреттейді «Құпия шежіре» (Моңғолдың құпия шежіресі. Аударған М.Сұлтанияұлы. Алматы: Өнер, 1998. 57- бб.).
Күллі дүниені қаһарымен тітіреткен Шыңғыс хан да абзал анадан туған, алған жарын барынша қадір тұтып, сүйген жан. Оның Бөртені құтқару жолындағы әрекеті әрине, әуелі намыс, содан соң жастай қосылған қосағына деген ерекше сүйіспеншілігі десек болар.
Белгілі ғалым Зейнолла Сәнік Моңғолдың «Құпия шежіресі» туралы зерттеуінде былай деп жазады:
ХІІІ ғасырдың басында, тышқан жылының күзінде Шыңғыс хан меркіттің Тоқта бегін жеңеді. Убас Меркіттің зәңгісі Дайыр ұсұн Шыңғыспен соғысудан бас тартып, қызы Құланды қағанға береді. Жылдан аса уақыт Құлан қатынды қасына ертіп, жорықта жүрген Шыңғыс ордасына бет түзер алдында Бөртеден рұқсат сұрау үшін серігі Мұқалиды жұмсайды. Бұл оқиға «Алтын шежіреде» былай баяндалады:
«Боғда иеміз: «Бөрте ханым жас кезімде жолыққан жарым еді. Енді бетін көруім қиын болды. Үйіне тура кірсем, жөні қалай болады? Алдымен жөнін білмей, барған кезде, оның ашуланып бұлқан-талқан болғанын көру ұят іс секілді. Тоғыз кеңесшімнің бірі барып, сөз сап келгені оңды болар деп ойлап отырмын», – деді» (Лувсанзадан. Алтын шежіре. Моңғол тілінен ауд. А.Мауқараұлы. Алматы: Өнер, 1998. 129-б.). Ұлы қағанның бұл тапсырмасын орындау Жалайыр Мұқаға (Мұқали) жүктеледі. «Мұқали Бөрте ханымның алдына барып, бас иді. Ол: «Ием есен бе, сен мұнда не үшін келдің?» – деп сұрады. Мұқали бүй деді: «Хан ием сізге әмірімді жеткіз деп мені жіберді. Айтқан әмірі мынау:
«Өзім құрған өкіметке көнбедім,
Өктем тұрған өкіметке
берілмедім.
Ақыл қосқан билеріме сенбедім,
Ақ орданың сәндігіне кенелдім.
Ару Құлан ханыммен
Тағдыр қосып келемін!»
Сонда Бөрте ханым:
«Хан иемнің құдіреті бұл –
Қалың Моңғолдың еркіндігі.
Боғда иемнің кереметі бұл –
Бар дүниенің есендігі.
Көлде жүзген аққу-қаз бар,
Көңілінің қалағанын
Хан ием өзі таңдап аулар.
Байтақ елде
Қыз-келіншек көп дейді,
Қалағанын
Хан ием өзі таңдап алар.
Қамыс көлдің
Қаз бен құсы көп дейді,
Қаншасын ауласа да,
Хан ием өзі білер!
...Артық болса, несі жаман?
Кемдік етсе, несі жақсы.
Қабат шапан тоңдырмас
Қабат арқан тоздырмас!», –
деп, ықыласын беріпті. (Лувсанзадан. Алтын шежіре. Моңғол тілінен ауд. А.Мауқараұлы. Алматы: Өнер, 1998. 130-б.).
Бөртенің ерін сыйлап, қадірлеуі, ару анаға тән асқан ақылы Шыңғыстың ұлы жорықтарының жеңіспен аяқталуына ықпал еткені сөзсіз. Асыл ананың алтын құрсағынан өрбіген төрт ұлдың дүниенің төрт тарабына билік жүргізуінің өзі Бөрте ханымның тұлғасын асқақтата түспей ме?!
Ел жадындағы мұңлы аңыз, домбыра шанағынан төгілген зарлы күй, жырау көмейінен ақтарылған шерлі толғау болып бүгінге жеткен Жошы ханның қазасы – ұлы қаған мен Бөрте-үжін үшін ауыр соққы еді. Ұлы қағанға айбарынан өзі іштей сескенетін жаужүрек, қаһарман ұлының мезгілсіз ажал құшуы өте ауыр болды. Әйгілі Кетбұқа жыраумен жауаптасуында:
Теңіз бастан былғанса,
Тұндырар ұлым Жошы-дүр,
Терек түптен жығылса,
Тұрғызар ұлым Жошы-дүр, –
деп, ерекше сенім артқан, арқа тұтқан ұлының қазасынан соң қырық күн өткенде өзі де дүниеден өтеді... Одан бұрын, аяулы жары Бөрте-үжінге сүйікті перзенті, тұла бойы тұңғышы Жошының қазасын тура естіртуге жүрегі дауаламай, кеңесшісі Елюй Чу Цайға: «Хан ұлым Жошы Қыпшақ даласының бір үстіртінде, ата-бабасының жұртында дүниеден өтіпті. Жошы аты затына сай алланың әмірімен бізге жіберген қонағы екен, міне ол тәңіріне қайтты», – деген мазмұнда арнайы жарлық жаздырады.
Күллі әлемге даңқы жайылған, алып империяның айбарлы билеушісі болған ұлы қаған Шыңғыстың бұл қарекеті кімнің болмасын жүрегін шым еткізбей қоймас.
Сайын даланы аңыздың сарыны әлдилеп келгенін, біз, сан буын ұрпақ жақсы білеміз. Сол аңыз сарынын құлағымызға құйып, санамызға сіңіріп өстік. Сондай аңыздардың бірі – Бөрте үжіннің Шыңғыс ханға тоқтау салуы. Қазақтың күй өнерін зерттеген көрнекті энограф ғалым Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» атты еңбегінде келтірілген аңыз былай дейді:
«Қаралы хабар жеткен соң, Шыңғыс хан өзін-өзі іштей қажап, өкініштің уына белшесінен батып, үш күн, үш түн дөңбекшиді. Ешбір басу сөзге жұбанбай, қайғы өзегін өртеп, құмыға береді. Сонда Шыңғыс ханның бәйбішесі, ақылы кемел Бөрте алдымен ес жиып, болған іске беріктік танытып, күйеуіне былай деген екен:
– Хан ием, сен қайғырып жатқанда халқың ғау-ғау көтеріп, бүлік шығарғалы жатыр!
– Е, менің халқым бүлік шығаратындай не болыпты?! – дейді Шыңғысхан.
– Сенің халқыңды екі дай етіп, егеске түсірген дау бар көрінеді, – депті Бөрте, – оның себебі, бір бай өзінің ықыласы ауып, көңілі жарасқан тамырына ат басындай алтын сыйлаған екен. Сәті түсіп, орайы келгенде қарымтасын қайтарар деп ойлайды бай. Бірақ арада біраз уақыт өтсе де, тамыры қарымта қайтаратын шырай танытпайды. Сонда бай ренжіп, өз алтынын қайта сұрайды. Тамыры бермей, дау болып, төрелету үшін биге жүгінсе, билер де әділдік қылмай, жартысы «бергенін қайтарсын» дейді, жартысы «қайтармауға тиісті» дейді. Осымен елдің арасы екі дай болып тұр.
Мұны естігенде Шыңғыс хан ренжіп:
– Ах, бұлары қалай! Билік әділ болмаған екен. Сыйды ала білген кісі, бере де білсе керек емес пе! – депті.
Бөртенің де күткені осы болса керек:
– Хан ием, сабыр қыл! Тәңірім саған бала беріп еді, оны уақыты жеткенде өзі алды. Құдіреттің ісіне көну керек. Тәңірі саған Жошыны сыйлап еді, енді сол сыйын мерзімі келгенде сен де қиналмай қайтара біл! – деген екен.
Шыңғыс хан Бөрте бәйбішенің осы бір басу сөзінен кейін есін жиып, еңсесін көтереді» (Сейдімбек А. Қазақтың күй өнері. Монография. Астана: «Күлтегін» баспасы, 2002.275-276-бб.).
Аңыз анасы – шындық. Солай болар. Солай болмағанның өзінде Бөртенің кезі келгенде қағанға ақыл-кеңес беруі, қолтығынан демеуі шындық. Ақыл-парасаты кемел ару ананың еріне сенімді серік болғанын бізге жеткен осындай аңыз сарындары да айғақтай түссе керек.
Дәуірден даңқын оздырған ұлы тұлғаға ақыл қосар аяулы жар, жөн айта алар ақылшы болған Бөрте ханымның ата жолымен жастай қосылған қосағының ғұмыр бойғы сарқылмас сүйіспеншілігі мен таусылмас мейір-ықыласына бөленіп өткеніне біз келтірген деректер куәлік ете алса керек.
Бөрте ханымның аяулы бейнесі Шыңғыс хан туралы өнер туындыларының бәрінде дерлік орын алып, ерекше болмысымен, ақыл-парасатымен көрінген. В.Янның «Шыңғыс хан» романында және М.Мағауиннің «Шыңғыс хан» эпопеясында, сондай-ақ ұлы қаған туралы киноларда Бөрте ханымның образына ерекше мән берілген. Жазушы Сәуірбек Бақбергенов «Бөрте – Шыңғыс ханның жұбайы» атты повесінде Бөрте ханымның ерекше сипатты көркем бейнесін сомдаған. Би өнерінің хас шебері Шұғыла Сапарғалиқызының орындауындағы «Шыңғыс ханның сүйікті жары Бөртенің биі» хас арудың асыл бейнесі мен асқақ рухын танытады.
Дей-шешеннің көрген түсінде Ай мен Күнді шеңгелдеп ұстаған аппақ сұңқар қолына қонса, ол түстің жоруы өзіне күйеу бала етіп қабылдаған Шыңғыс ханның, одан туған төрт ұл – төрт жиенінің төрткүл дүниені билеуі болды. Ал Бөрте сұлу Шыңғыс ханның басына қонған бақ құсы еді... Ол бағын ұлы қаған аялай білді...
Жанат Аймұхамбет,
филология ғылымдарының докторы, профессор