Ұлттық банктің дерегі бойынша, доллармен сақталған депозиттің үлесі былтыр 37,3%-ға төмендеген. Бұл – 2013 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш. Ал айырбастау пункттеріндегі доллардың нетто сатылымының жылдық көлемі 2020 жылы 4 млрд долларға дейін түскен, яғни 2019 жылмен салыстырғанда 14%-ға төмендеген. Дегенмен де қазақстандықтар тірнектеп жинаған ақшасын теңгеден гөрі доллармен сақтағанды жөн көреді екен.
Теңге тегеурінді болмай тұр
Былтырғы наурызда доллар бағамы шарықтау шегіне жетіп, бір доллар 447 теңгеге көтерілгені белгілі. Осылайша, бір-ақ айдың ішінде ұлттық валютамыз бірден 60 теңгеге құлдырап кетті. Ал қазір жағдай біршама тұрақталғанымен экономикалық ахуалымыз әлденіп кете қойған жоқ. «Теңгенің құнсыздануы, коронавирус пандемиясының өршуі, сатып алу қабілетінің төмендеуі қазақстандықтардың тұрмыс-тіршілігіне ғана емес, ақшалай қор жинау қабілетіне де әсер етті», дейді Freedom Finance Life өмірді сақтандыру компаниясының мамандары. Олардың дерегінше, 2020 жылдың аяғында қазақстандықтардың банктегі шоттарында 10,9 трлн теңгеден аса қаражат жинақталса, оның 77,5%-ы, яғни 8,4 трлн теңгесі мерзімді салымдар үлесіне тиеді екен. Бір сөзбен айтқанда, азаматтардың көбі жинаған ақшасын ішінара алуға болатын депозитке салған. Ал осы қаржының басым бөлігі шетел валютасымен тұр. «Сарапшыларымыз зерттеу жүргізген кезде еліміздің қай өңірі шетел валютасына көбірек сенім артатынын анықтауға тырысты. Біздің сараптамамыз бойынша шетел валютасына алматылықтар ерекше сенеді. Осы өңірдегі жинағы бар тұрғындардың 55,4%-ы ақшасын еуромен және доллармен сақтаған. Жалпы, алматылықтардың мерзімді, жинақты және талап етілмелі салымдарында 4 трлн теңгеден аса қаржы жатыр. Бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіш және елдегі барлық салымның 44%-ы», дейді аталған компания өкілдері. Нақтырақ айтсақ, алматылық әр салымшының депозитінде орташа есеппен 2 млн теңге болса, оның 1,1 млн-ы – шетел валютасында, қалған 900 мыңы ғана теңгемен сақталған екен.
Шетел валютасына сенім артатындар рейтингісінде Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары екінші орында тұр. Елордалықтардың шотындағы қаржының 46%-ы шетел валютасында сақталған. Бұл − 527 млрд теңге деген сөз. Бұдан кейін Атырау облысы – 36,3% (89 млрд теңге), төртінші орында Маңғыстау облысы – 32,6% (74 млрд теңге) және одан кейінгі Батыс Қазақстан облысы 30% жинағын (79 млрд теңге) шетел валютасында сақтап қойған. Шетел валютасындағы ең аз салым Түркістан облысында 16,6% (8 млрд теңге).
Ақшаны қандай валютада сақтау керек?
Ұлттық валютаның тұрақсыздығы халықтың оған деген сеніміне селкеу түсіргені рас. Банкте депозит ашқысы келетін кез келген адам ақшасын қандай валютада сақтайтынын білмей, абдырайтыны бар. Осыған байланысты пікір білдірген Freedom Finance Life компаниясының сарапшылары ақшаны бір ғана валютада ұстау қауіпті деп санайды. Ең дұрысы – салымды әртүрлі валютада сақтау. «Егер салым үш түрлі валютада сақталса, адам ұтыла қоймайды. Өйткені валюталар бірін-бірі толықтырып отырады. Мысалы, доллар мен еуроның құны өссе, олардың қымбаттауы теңгенің құнсыздану орнын толтырады. Керісінше, теңге өсіп, доллар құнсызданса да теңгенің молайған қоры доллардың арзандағанын білдірмей тұрады», дейді сарапшылар.
Мамандардың айтуынша, салымды қандай валютада сақтауды анықтау үшін оның пайдалану мерзіміне де көңіл аудару керек. Егер салымды көп ұзамай пайдаланатын болсаңыз, онда теңге дұрыс. Ал ұзақмерзімді депозитті доллармен сақтаған тиімді. «Депозитке ақша жинаған кезде барлық валютаны аралас қолданған абзал. Теңге – қысқамерзімді мақсаттарға және ағымдағы шығындарға, ал доллар мен еуро – ұзақмерзімді мақсаттар үшін пайдалы. Валюталардың пропорциялары әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, жинағыңыздың 10-20%-ын теңгемен, 30-40%-ын доллармен, 40-50%-ын еуромен сақтаған жөн. Ең тұрақты валюта да еуро болып тұр. Міне, осылайша, ақшаңызды валютаның құнсыздануынан мейлінше қорғай аласыз» дейді Freedom Finance Life мамандары.
Депозиттен гөрі сақтандыру құралы дұрыс
Артық ақшасын үйінде ұстайтын адамдар әлі де барын ешкім жоққа шығармас. Дегенмен де қазақстандықтардың көбі жинағын банкке сақтағанды жөн көреді. Бірақ қаржы нарығын зерттеп жүрген мамандар қаржыны депозитте сақтаған аса тиімді емес деген пікірде. Сарапшылардың айтуынша, депозит пайызы салымды инфляциядан сақтап қалуы мүмкін, бірақ салымшыға аса пайдалы емес. «Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2020 жылдың ресми инфляциясы 7,5%-ды құраған, азық-түліктің бағасы 11,3%-ға көтерілді. Ал депозиттің үстіне беретін банктің сыйақысы әрі кеткенде 13% деп есептесек, бұл ұзақмерзімді табыс көзі бола алмайды. Тіпті шетел валютасымен сақталған қаржының өзі жоғары кіріс әкелмейді», делінген Freedom Finance Life мамандарының мәліметінде.
Ал салымыңыз босқа тұрмай, өзіңізге қосымша табыс әкелу үшін не істеу керек? Сарапшылар ақшаны банк депозитінен гөрі қор нарығына немесе өмірді сақтандыратын компанияларға салған тиімді дейді. Әлбетте, қаржысын қор нарығына беруге біздің азаматтар әлі дайын емес. Есесіне, өмірді сақтандырудың жинақтаушы қоры − айтарлықтай табыс әкелетін қаржы тетігі көрінеді.
«Адам өмірін сақтандыратын компаниялар елімізде көптеп ашылып жатыр. Бұл – халықаралық тәжірибеде бар құбылыс. Еуропалықтар, дамыған елдер оған баяғыда өткен. Мұндай компаниялар салымшының жинағын ғана емес, өмірін де сақтандырады. Ал азаматтар өз кезегінде қаржысын да көбейтіп ала алады: шетел валютасындағы салымның максималды табыстылығы доллармен − 4%, еуромен 1,5%-ды құрайды», дейді Freedom Finance Life мамандары.