«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры 1 наурызда Мәдениет және спорт министрлігі және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігімен бірлесіп, елордалық дәрігерлерге арнап қайырымдылық акциясын өткізді.
П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» спектаклінің премьерасы театр сахнасында 2019 жылы 8, 9 ақпан күндері өткен еді. Опералық туынды «Астана Опера» солистері мен оркестрінің, хоры мен балетінің, сондай-ақ балалар студиясының қатар қатысуымен құнды. Қоюшы дирижері – театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алан Бөрібаев. Бас хормейстері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов, қоюшы хореографы – Елена Шерстнева.
«Евгений Онегин» операсы әлемдегі ең ірі репертуарлық қойылымдардың бірі саналады. «Астана Опера» сахнасына бұл туынды қоюшы-режиссер Давиде Ливермордың бірегей тұжырымдамасымен ұсынылғаны мәлім. Оқиға желісі егде жастағы Татьянаның Евгений Онегинмен өткізген жастық шағын еске алуымен өріледі. Отандық өнер саңлақтары әзірлеген қойылымның ерекшелігі сценографиялық әсерлерден де айқын аңғарылады: хикая кейіпкерлері қас пен көздің арасында сахна астына жасырынып, автоматты платформада сахнаның түкпірінен пайда болады, ал 3D-проекциялар табиғаттың әсем көрінісін, кейіпкерлер бейнесінің қосарлануын айшықты бедерлейді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, белгілі суретшілер Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгуновтың шаруалардың түрлі-түсті костюмдерін, сол дәуірдің сәнді стилін, Петербург балы мен Лариндер үйіндегі мерекені жеткізудегі шығармашыл ізденісі айрықша атап өтуге тұрарлық.
– Алғыс айту күні 2016 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жарияланған болатын. Елордалық медицина мекемелері қызметкерлеріне Алғыс айту күні құрметіне мерекелік тарту ретінде ұсынылатын П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» қойылымы арқылы әлемдік классика жауһарына біртабан жақындай түсуді мақсат тұттық. Адамдардың бір-біріне қолұшын созуы, қолдау көрсетуі мен қайырымдылығы, мейірімділігі мен жомарттығы сияқты адамзатқа ортақ асыл құндылықтар барлық қазақстандықтың көңіліне жарқын болашаққа нық сеніммен қарауға сенім ұялатады, – деді «Астана Опера» театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.
Еске сала кететін тағы бір жайт, театр 2019 жылдың қазан айында Дмитрий Хворостовскийдің бірінші фестиваліне қатысып, ресейлік көрермендер тарапынан да жоғары бағаланған болатын. Өнер шебері құрметіне өткізілген мәдени шара көрнекті әншінің мәдени мұрасын сақтауға және қолдауға арналған. Қазақстандық әртістер Д.Хворостовский атындағы Краснояр мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында ұлы композитордың 180 жылдығы құрметіне П.Чайковскийдің жауһар туындысын ұсынған еді.