• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Наурыз, 2021

Алматы облысында былтыр 281,2 млрд теңгеге тамақ өнімдері өндірілді

272 рет
көрсетілді

Алматы облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында 373 кәсіпорын жұмыс істейді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша 8 процент өсіммен барлығы 281,2 млрд.теңгеге тамақ өнімдері өндірілді, деп хабарлайды Egemen.kz 

Мұнда дәнді дақылды, қант қызылшасын, майлы дақылдарды, жемістер мен көкөністерді, ет пен сүтті өндіру және терең өңдеу бойынша ірі экожүйелер қалыптасуда. Бұл туралы бүгін Алматы облысының әкімі А.Ғ. Баталов Үкімет отырысында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың негізгі бағыттары және инвестициялық жобаларды іске асыру туралы сөйлеген сөзінде айтты.Облыс басшысының айтуынша, өсімдік шаруашылығында егіс алқаптарын әртараптандыру бағыты қолға алынған. Өткен жылы қант қызылшасы 2 мың гектарға (16,1 мың га), жүгері - 4,5 мың гектарға (86,3 мың га), жем-шөп дақылдары 4,7 мың гектарға (250,8 мың га) ұлғайтылды. Сондай-ақ 2025 жылға қарай 30 гектар алаңда 12 жобаны іске асырғанда жылыжай көкөністерін өндіру 52 мың тоннаға дейін ұлғайтылатын болады.

Бұл көрсеткіш 2020 жылы 35 мың тоннаны құраған.Тамақ өндірісіндегі ірі кәсіпорындардың бірі - "Маревен Фуд" ЖШС. Астықты терең өңдеу зауыты қазірдің өзінде жақын және алыс 8 елге 65 өнім түрін экспорттайды, 2020 жылы бесінші өндірістік желі іске қосылды. Оның қуаты жылына 55 мың тонна дайын өнімге дейін жеткізілді.

Сол сияқты жеміс-көкөніс өнімдерін сақтау қуатын арттыру үшін жалпы қуаты 21 мың тонналық екі жоба - "Фроско", "Иссык Фуд" жобалары іске асырылады. Облыс аумағында нысандарды орналастыру бойынша "Бауман", "Тайсон Фуд" және басқа да ірі халықаралық компаниялармен тығыз жұмыс жүргізілуде.

Өңірде он құс фабрикасы жұмыс істейді. Оларда 2020 жылы 85,1 мың тонна құс еті, 994,8 млн. дана жұмыртқа өндірілген. Ал мал шаруашылығында 2025 жылға дейін 22 тауарлы сүт фермасын, 30 бордақылау алаңын ашу жоспарланып отыр.

Алдағы бес жылға агроөнеркәсіп кешенінің инвестициялық портфелінде жалпы сомасы 138,4 млрд. теңгеге 136 жоба бар, оларды іске асыру ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 1,3 трлн. теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік береді.