• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Руханият 03 Наурыз, 2021

Адамнан адамның айырмасы

2013 рет
көрсетілді

Қоғамдық пәлсапалық һәм танымдық тұрғыдан қарағанда «адам» ұғымы аса күрделі. ХІ ғасырда өмір сүрген түрік ғұламасы Мәулана Руми: «Адамның болмысы – ішінде әртүрлі аңдар мекендейтін орманға ұқсас. Біздің бойымызда таза-лас, жаман-жақсы, имани-хайуани сияқты мыңдаған қасиет бар. Егер ішкі жан шаһарыңда қасқыр үстемдік ете бастаса, адамның қасқырға айналғаны. Жақсылықтар мен жамандықтар да жасырын жолдармен жүрекке құйылып тұрады. Сәт сайын адамның жүрегінде бір нәрсе бас көтереді. Сол себепті адам кейде періште, кейде шайтани сипатқа айналып отырады» деген екен.

Сол секілді әйгілі философ Марк Орэл өзінің «Ойлар» атты кітабында: «Күн­де таңертең адамдар арасына барып қосылғанда: бүгін мен адам бейнесіндегі кейбір жыртқыштармен кездесем, оларды ызаландырмай, өзім таланбай, үйіме аман-есен оралуым керек» деген пайым ұсынам деген екен.

Ал көне қытай ойшылдары адамнан адамның айырмасы жайлы әртүрлі пікір­лер айтқан. Мысалы, данышпан Күңзі (Кон­фуций) адам баласының қасиетін үш топқа жіктеп: дана адам – асып-таспайды, жақсы адам – күй талғамайды, батыл адам – қорықпайды десе, қытай жұртының тағы бір ғұламасы Чжан Цзы өзінің арғы тегінен ажырамайтын адамды Аспан адамы, рухани бастауынан бөлінбеген адамды Қасиетті адам, шындықтан бөлінбеген адамды Кемел адам деген тұжырым жасаған. Тағы да осы шығыс ғұламалары даналық өсиеттерінде:

Ештеңе білмейтін, бірақ ештеңе біл­­мей­тінін түсінбеген адам – ақымақ. Оны ай­налып өт. Ештеңе білмейтін, бірақ өзінің біл­мейтінін түсінген адам – шәкірт. Оған ілім үйрет. Барлығын білетін, бірақ білгенін іске асырмайтын адам – ұйқыдағы жан. Оны оят. Барлығын білетін, білгенін іске асыратын адам – данышпан. Оны ұстаз тұт, деген екен.

Еуропалық ілім иелері болса, адамның адами қасиетін көп жағдайда тұрмыстық-әлеуметтік, мәдени құбылыстар арқылы бағалаған. Мысалы, немістің атақты философы Артур Шопенгауэр адамдарды туабітті бекзада, қалталылар аристократия­сы, таланттың тектілігі деп үшке бөлсе, орыс жазушысы Лев Толстой пенде баласы үшін даналыққа (адами ұлы қасиетке) жетудің үш жолы бар, депті. Біріншісі – ой арқылы жету, бұл шапағатты жол, екіншісі – тәжірибе арқылы жету, бұл ауыр жол, үшіншісі – еліктеу арқылы жету, бұл ең жеңіл жол, деген екен.

Жалпы, адамнан адамның артықшылығы туралы да мұсылман ілім иелері ой бөлісіп, шариғи тұрғыдан баға берген. Айталық үлкен ғалым Әли Мұртада пенде баласын үш топқа бөліпті. Біріншісі – раббани ғалымдар, екіншісі – құтқарылу жолына түскен ілім іздеушілер, үшіншісі – әркімге еліктеп өзін нұрландыра алмаған тобыр.

Сол сияқты атақты хорасан шейхы Кушайри кемелденуін, яғни толық адами қа­сиет­ке ие болуын оның тақуалық сипатымен өлшейді. Әрі шынайы тақуалыққа жеткен адамды танып, білетін белгілері ретінде мынаны айтады: шынайы тақуа – байлық бітсе өзін пақыр сезінеді, билікке жетсе – ұстамды болады, даңқы шықса – жасырын жүреді дейді.

Тағы бір Шығыс данасы – өзіміздің баба­мыз әл-Фараби болса, адамды кемел­ден­ді­ре­тін екі нәрсе, олар – тәрбие мен білім деп қараған. Тіпті тәрбиесіз берген білімді зиянды деп көрген. «Адамды ғалым әрі кемел етіп тәрбиелеудің басты құралы – оның жүрегіне иман қуатын сіңіру» деген екен өзінің трактаттарында.

Сол сияқты, Абай атамыз да адамдықтың деңгейін дәл осы иман қуатымен өлшеген. Қара сөздерінде «Толық мұсылман болмай – толық адам болмайды» деп кесіп айтқан. Осы орайда, адамның адамнан айыр­ма­сы жайлы қазақ ғұламасы «Абайдың өлшемі» қандай болды деген пайым туары анық.

Айталық, Абай атамыз адамға ең қажет асыл дүниелер: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек дейді. Осы үш қасиеті бар адамды абзал адам қатарына жатқызып, адамнан адамның айырмасы қандай деген сұраққа, дана атамыз «әуелі адамнан адамның артық­шылығы – оның ақыл, ғылым деген нәрселерімен өлшенеді» дей отырып, ал адам баласы «Алланың хикметін біреуден-біреу анығырақ сезбекпен артылады» деген екен.