Байдың да, патшаның да кем тұсын ашып айтып, халқына тірек болып, мұң-мұқтажын алға тартып, тілінен текті сөз шығып, әр қойылған сұраққа тапқырлықпен тиянақты жауап айтпаса, оны ақын деп атаудың қажеті шамалы. Міне, осындай сұрапыл сұраққа көздеп жауап беріп, жерін жырлап, ауыз бірлікке шақырып, елін ынтымаққа жетелеген, жырларын рухани азық етіп, әр сөзі ұрпағына ұран болған ақын Майлықожа Сұлтанқожаұлы.
Түркістан облысы, Арыс ауданы, Қожатоғай ауылында туған Майлықожа атамыздың жырларымен талай ұрпақ тәрбиеленді. Мақам сазын орындап талай өнерпаз елге танылды. Жырларынан нәр алып, бабамдай болсам деп талай ақын үлгі алды. Осындай ғажап жырларды біз де бала кезімізден жанымызға азық етіп жаттап, айтып өстік. Талай той-жиында, үлкен сахналарда Майлықожаның термелері шырқалса жиылған дүйім жұрт сілтідей тынып, толғау да толғау жырларының тұңғиығына батып, ақсақалдар көздеріне жас алып отыратын. Бүгінгі таңда да «Қаратау өлкесінің жыр термелері» деп берілген радио үніне елең етіп, Майлықожа атамызды бірден еске алатынымыз рас. Атамыздың музыкалық мұрасын жалғап, жыр-термелерін дәріптеп жүргендіктен есімі жиі аталса жадырап қаламыз.
Текті термеші өнерге құштарлығының арқасында 14 жасынан қолына домбыра алып топқа түскеннен бастап беделді бола бастады.
Қоқан менен Ташкенге,
Қадам басып жүрілдім.
Халықтан асқан ерлердің,
Назарына іліндім,
Кіндік кесіп кір жуып,
Сыр бойында туылдым – деп өзі айтқандай заманындағы ел жақсылары мен ағымдағы саясаттан да хабары бар көзі ашық азамат болды. Майлықожа 1898 жылы 63 жасында дүниеден өтсе де, артына ұшан- теңіз дүние қалдырған. Бүгінде біздің қолымызға жеткен Жүсіпқожа Қалқожаұлынан, Асанмолда Әсілбекұлынан, Жүнісмолда Сайыпұлынан, Керімбек Әлімбекұлынан, Сейітқазы Шөкенұлынан жазылған қолжазбалармен дастандары жиналып, үлкен кітап болып шықты. Оған мұрындық болған Түркістан облысы.
«Ғылым ордасы» РМК Орталық кітапханасындағы сирек қолжазбалар қорында Қысыраубек Амантаев өз қолымен жазып қалдырған «706 нөмірлі папка» деп аталатын қалың дәптерде ақынның өлеңдері мен дастандары жиналған. Сондай-ақ «337 мен 470» нөмірлі папкалардағы дүниелері осы күні ел игілігіне ұсынылып отыр.
Зерделеуіміздің бұл тарауында біз отаршыл орталықты өті жарылардай өшіктірген ең басты тақырыптағы туындылар туралы, патша өкіметінің Қазақстан мен Орталық Азия халықтарын өктемдікпен құлақ кесті құлға айналдыру әрекетіне деген күнгей әдебиетіндегі әуелгі қарсылықты, осы өктемдіктің қандайлық жымысқы жолдармен жүзеге асырылғанын, кейін келе отаршылық езгіде әл-дәрмені құрыған еңбекші елдің аянышты күйін паш етеміз.
Майлықожа сондай-ақ «Шалқып жатқан елім-ай» өлеңі мен «Қонысты орыс алғаны» атты ұзақ жырына нақты ақиқатты арқау етіп алады да, тарихшыға тән таным-білік танытады. Сол қалпында қолмен қойғандай етіп баяндап шығады.
«Шалқып жатқан елім-ай» жырында жеріміздің керемет көрікті табиғатын кестелеу барысында біраз көтеріңкілік байқалғанмен, сондай әсем де құнарлы қоныстың қолдан шығып бара жатқанына налып, өзекті өртеген өксікті өкініш ақиқат арнасынан тасиды.
«Масаттың басы Күреңсай,
Жайнаушы еді кілемше-ай.
Гүлдер өскен сол жерді,
Орыс алды-ау Құдай-ай» деген күңіреніс пен күрсініске толы көңіл күй сол замандағы қазақтың малшы-дихан шаруасының әр қайсысының көкірек-кеудесін сыздатқан зар-запыран екендігін бірден аңғарамыз.
Ал «Қонысты орыс алғаны» жырында ақынға тән терең сезімталдықпен шежірешіге лайықты салиқалылық танытады. Меркі, Әулиеата, Сайрам, Шымкент, Түркістан, қала берді Ташкент, Хиуа өлкелерінің жаулап алынуы, Иқан, Ақбұлақ маңында Сыздық Сұлтан бастаған қазақ қолы көрсеткен ерлік қимылы, Шымкентті орыс әскерлері жаулау барысында Қоқанның мыңбасы қыпшақ Мыңбай әрекетінің шешуші мәні болғаны нанымды сипаттамасын табады.
Майлықожаның жырларынан ол кісінің діни сауатының тереңдігін де байқаймыз. Тағылымға толы жырлармен бірге имандылық жөнінде діни жыр-термелер жазды.
«Бұл дүние екі жол,
Бірі оң да, бірі сол.
Бірін тұтсаң – бірі жоқ,
Дүние қысқа, ақырет мол,
Аңлап мұны әзір бол».
Бұлардан ақынның ислам дінінің тарихын, пәлсапасын терең білетіндігін ғана емес, сонымен қатар оларды адамның күнделікті өмір-тіршілігімен шебер астастыра отырып пайымдайтыны танылады. Абай айтқан нихаятсыз жолдың жолаушысы екенін толық аңғара аламыз.
Мәселен, ақын білуінше Алла бейнесінде алынған табиғат тұрпаты, оның жасампаз қуаты:
«Алланың соққан имараты,
Өле-өлгенше шыдайды.
Адам соққан имараты,
Аз пұрсатта құлайды» – деген қалыпта керемет тереңдікпен танылады. Ақынша пайымдаған жан дін-шариғат жолы – ақиқат жолы екендігіне көз жеткізеді, шайтанның (қу сұмдардың, алаяқтардың) тіліне еріп бұрыс жолға түсіп кетпеуге тырысады. Майлықожаның айтуынша:
«Бұл дүние екі жол,
Бірі оң да, бірі сол.
Бірін тұтсаң – бірі жоқ,
Дүние қысқа ақырет мол!»
Ал енді осы екі жолдың анықтамасына келсек, олар атам заманнан бері бір-бірімен дамылсыз шарпысып, жағаласып келе жатқан жақсылық пен жаманшылық, адалдық пен арамдық жолдары болып шығады. Адам баласы екі жолдың бірін таңдайды, бірақ құс қанат қысқа ғұмырда адалдықтың оң жолын таңдап, ақыретке азығыңды қамдау жайлы айтады.
«Аңлап мұны әзір бол,
Білініп тұр екі нарқ.
Бір-біріне ісі шарп,
Адал, арам деген бар,
Ажырап тұрған екі парқ» – деп алдын ала сақтандырған.
Майлықожа ақынның қай өлеңдерін, жыр-термелерін алсақ та халықты бірлікке, ынтымаққа, адалдыққа, имандылыққа бағыттап отырған. Жамандықтан бойын аулақ ұстап, жақсылыққа, еңбекке бағыттап отырған жалқаулық, арам іске жаны қас, арғы дүниеге барынша адал пәк болып баруды меңзеп отырған. Сондықтан да Майлықожа шығармаларын түгел оқыған ғалымдар «Күнгей беткейінің Абайы» деп кеткен.
«Қаздай қалқып ерінбей,
Өлең тердім жасымнан.
Майлықожа, Құлыншақ –
Пірім еді бас ұрған» – деп жыр алыбы Жамбыл бабамыз Майлықожаны ұстаз тұтқан.
Биылғы жылды Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев пен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орайластырып «Жамбыл жылы» деп атады. Осы Жамбыл бабамыз пір тұтып, ұстаз қылған, Майлықожа атамыздың атында ауыз толтырып айтар бір мектеп не көше аты жоқ. Қаратау жыршылық өнерінің бастауы болған, толғауы тоқсан қызыл тілінен ұрпағына өсиет болып жыр құйылған Майлықожа атамызға осы Нұр-Сұлтан қаласынан бір көше аты берілсе, бабамызды ұмытпай ұрпағына дәріптеп, есімі ел есінде сақталған болар еді. Өзі туған ауылындағы үлкен мектепке Майлықожа есімін берсе және қазіргі таңда атамыздың ұрпақтары шоғырланып отырған жері Сарыағаш ауданындағы Жаңатұрмыс елді мекені Майлықожаның атымен аталса деген өтінішіміз бар.
Былтыр Майлықожа Сұлтанқожаұлының туғанына 185 жыл толды. Өкінішке қарай, пандемияға байланысты жоспарланған көп мәдени шаралар іске аспады. Түркістан қаласында онлайн түрінде ғана ғылыми конференция өтті. Осындай іс-шараға мемлекет тарапынан қолдау көрсетсе, республика көлемінде кітаптарын шығарып, Майлықожадан қалған мол мұра халыққа жетіп, бабалар алдындағы парызымыздың орындалғаны болар еді.
Әсілхан Оспанұлы жазып жинаған дүниелерді баласы Ералы Әсілханұлы 2005 жылы қыздың жиған жүгіндей етіп, аз көлемде басып, Түркістан облысына ғана таратты. Бұл орайда Тұрсынәлі Айнабекұлы атамыз қолжазбаны аударуда көп еңбек еткенін айта кетпесек қиянат болады. Міне, осы жинақтарды Түркістан облысына экспедицияға барып қолжазбаларды алып келіп, бүгінгі күні баспаға дайындап отырмын. Осы еңбектің жарыққа шығуына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе деген ниетіміз бар.
Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде дәстүрлі жыр бөлімі ашылды. Енді университет студенттеріне Майлықожа жыр-термелерін оқытсақ, Қаратау өлкесінің жыр-терме класының ауқымы кеңейіп, көсегесі көгерер еді. Бұл халықтың рухани қазынасы һәм бабалардың аманаты. Оны қаз-қалпында ұрпаққа жеткізу – біздің мерейлі міндетіміз!
Елікбай ИСА,
жыршы-термеші,
Қазақ ұлттық өнер университетінің жыр-терме
класының ұстазы