Қызылордада «Жаса Агро» деп аталатын бау-бақша орталығы ашылды. Ғылымды кәсіпке айналдыруға болатынын дәлелдеп жүрген ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосановтың бұл бастамасы жергілікті бағбандар үшін тиімді болып отыр.
Оның айтуынша, бүгінде Сыр бойына бау-бақша тұқымдары мен көшеттер, қаламшалар көршілес облыстардан жеткізіліп отыр.
– Бұл орталықты ашудағы мақсат – облыс халқын сапалы тұқымдармен қамтамасыз ету, аймақ тұрғындарының егіншілікке деген қызығушылығын ояту. Бұрын жеміс-жидек пен көкөністің неше түрі егілген өңірде бақша шаруашылығын өркендетуді көздейміз. Бұл үшін тұқымның сапасына ерекше мән беріп отырмыз. Өндірушілермен тығыз байланыс орнатып, тұқымдарды оригинаторлардан алуды жолға қойдық. Тұқымды шет елдік компаниялармен қоса көршілес Шымкент қаласынан, сондай-ақ Жаңақорған ауданындағы «Сыр табиғаты» тұқым бағынан да алып отырмыз. Жаңақорғандық әріптестеріміздің жергілікті жеміс және сәндік екпе ағаштарын облыс орталығына жеткіземіз, – дейді «Жаса Агро» орталығының басшысы Самалбек Қосанов.
Орталықта бау-бақшаны тамшылатып суару үшін қажетті құралдар, тыңайтқыштар, жылыжайға керекті жабдықтарға дейін бар. Кәсіпкер орталық жанынан жылыжай да салып қойған. Биыл түрлі көкөністердің 50 мың көшетін нарыққа шығармақ, алдағы уақытта оның көлемін 150-200 мыңға дейін арттырады. Көшеттерден кейін жылыжайға қияр егіледі екен.
Кәсіпкер-ғалым орталықтан тұқым, бау-бақшаға қажетті өзге де заттарды алғандарға түрлі кеңес беріп, өнімді одан әрі жетілдіруге көмек көрсететінін жеткізді.
Бұдан бөлек алдағы уақытта Жұмыспен қамту орталығымен тығыз байланыс орнатып, жұмыссыз жүрген жандарды бағбандықтың қыр-сырына үйретуді, оларға біліктілігін айқындайтын сертификаттар беруді көздеп отыр.
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов бірнеше жыл бұрын өңір диқандары үшін бау-бақша өнімдеріне субсидия алу үлкен мәселеге айналғанын айтады. Палата облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесе отырып, бұл проблеманы министрлікке жеткізген. Осының нәтижесінде аймақ тұрғындары 2019 жылдан бері жеміс-жидек, бау-бақша өсіргені үшін мемлекеттік қолдауға ие болып келеді.
– Бүгінгі ашылған орталық өңірде жергілікті өнімдердің қатарын арттыруға, егістік алқаптарды әртараптандыруға үлкен үлес қосады деп сенеміз. Кәсіпкерлер палатасы бұл бастаманы қолдайды, алда да көмек көрсетеміз, – деді П.Сыздықов.
Қызылорда облысы