• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Наурыз, 2021

Карантин құрсауы сөгіле бастады

186 рет
көрсетілді

Қостанай облысында көктемнің алғашқы күнінен бастап музейлер, кітап­ханалар, демалыс орындары мен туристік орталықтар толыққанды жұмыс істеуге кірісті. Өңірде азық-түлік дүкендері, қонақүйлер мен ашық сауда орын­дарына да аптаның барлық күндері белгіленген жұмыс кестесінің басынан аяғына дейін толық жұмыс істеуге рұқсат берілді.

Облыстың бас санитарлық дәрігерінің «Карантиндік шектеу шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету туралы» жаңа қаулысына сәйкес, аймақта карантин құрсауын кеңітетін тағы да бірқатар өзгерістер енгізілді. Біріншіден, 1 нау­рыздан бастап мешіт, шіркеу, собор, синагогалардың қызметіне рұқсат етілді. Бірақ діни нысандарда бұқаралық шаралар, мәселен, жұма намазын өткізуге болмайды. Індеттің етек алуына жол бермеу жөніндегі жедел штаб өкілдері мұндай шараларды өткізу әлі ертерек деп отыр. Сондықтан мешіт жанындағы асханалар құлыптаулы күйінде қалды.

Азық-түлік және өзге де тауарлар сататын ашық және жабық сауда орындары, фотосалондар мен гүл сататын дүкендер де санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып жұмыс кестесіне сәйкес белгіленген штаттық режімде жұмыс істеуге көшті. Алайда азық-түлік және өзге де тауарлар сататын жабық сау­да орындарының жексенбі күні жұмыс істеуіне тыйым салынған.

Сонымен қатар осы дүйсенбіден бастап мемлекеттік мекемелердің, ква­зи­­мем­лекеттік сектордың, ұлттық ком­паниялар мен кәсіпкерлік субъек­тілерінің кеңселері де жұмысқа кірісті. Шектеу талабы бойынша, мұндай кең­селерде отыратын мамандар саны 15-тен аспауы керек. Ал қызметкерлердің 60%-ы әлі де қашықтан жұмыс істей береді.

Қостанайда қалалық қоғамдық кө­ліктер аптаның барлық күні жүреді. Жабық спорттық-сауықтыру және фит­нес орталықтары қызмет көрсету мүмкіндігінің 30%-ын пайдалана отырып сағат 7-ден 22.00-ге дейін жұмыс істеп жатыр. Мәде­ниет нысандарында 30 адамға дейінгі ұжымдардың дайындық жұмыстарын жүргізуіне рұқсат етілді. Театрлар мен кинотеатрлар да жұмысын жандандырды. Бірақ көрермен залына 200 адам сыятын театрлардағы спектакль қойылымдарын 40 адам ғана тамашалай алады.

Өткен жұмада облыс әкімдігінде КВИ таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы өтті. Жиында мониторингтік топтардың жұмысы қарастырылды. Мониторингтік топтар 1 қаңтардан бері 3 315 рейдтік іс-шара өткізіп, карантин тәртібін бұзған 351 нысанды анықтаған. Жиын барысында облыс әкімі жаңадан енгізіліп жатқан жеңілдіктерге қарамастан мо­ни­торингтік топтарға өңірдегі сани­тарлық-эпидемиялық талаптардың сақталуын қатаң бақылауды тапсырды. «Облыс тұрғындарынан короно­вирустың таралуына жол бермеу бо­йын­ша қабылданып жатқан барлық санитарлық-эпидемиялық нормаларды сақтауды сұраймын», деді Архимед Мұхамбетов.

Жедел штабтың мәліметі бойынша, ақпанның соңғы күні облыстың 62 тұрғыны COVID-19 жұқтырған. Қос­танай қаласында 42 адамнан коронавирус анықталды. Жалпы, Қостанай облысында 2020 жылғы 3 сәуірден бері COVID-19 жұқтырған 12 374 науқас тір­­келіп, 10 900 адам емделіп шыққан.

 

Қостанай облысы