Шәмші Қалдаяқовтың «Отырардағы той» әні шырқалғанда әуелі Хадиша Шалабаева еске түсетіні анық. Талайды әнімен тамсандырып, қазақ әнін биікте шарықтатқан әншінің бүгінде шығармашылығында қандай жаңалық бар? Саралап көрейік.
Еңбек жолын 1992 жылдан бастап ОҚМПУ-де «Эстрада – вокал» үйірмесінің жетекшісі қызметінен бастаған әнші бүгінде «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы» МКҚК мекемесінде әртіс болып жұмыс атқаруда. Сол баяғы киелі сахна, әуелеген әндер, халық ықыласы. Хадишаны танымал еткен «Отырардағы той» әні жайлы сұрағанымызда:
«Мен өзім Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдірдің тумасымын. Бір күні ауылға Шәмші аға келді деген әңгіме тарады. Ол кезде Шәмші Қалдаяқовтың кім екенін де танымаймын. Мектепті енді бітірген жаспын, баламын әлі. Нағашым Жақсылық Әбуов мектеп директоры болатын. Мені шақырып алып бір әнді нотаға түсіріп хорда айтып шығуымды тапсырды. Әнді хордан бөлек жеке өзім қайта орындап шықтым. Әнімді тыңдаған Шәмші аға, «Осы ән сенің әнің қалқам-ай» деді. Сол кездері ағаның ауырп мазасызданып жүрген уақыты екен. Соңғы рет барғанымда ауруханада «Отырардағы той» әнін маған үйретті. Бұл ән менің маңдайыма біткен, мені Хадиша еткен ғұмырлы ән болды. «Отырардағы той» әні арқылы қазақ еліне танымал болдым», деп әңгімелеп берді.
Әншілік өнерді бойына тұмар еткен Хадиша Шалабаева 2006 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері атағына ие болды. Сондай-ақ біршама байқаулардың жеңімпазы. Бүгінде Шымкент қаласындағы «Шәмші» аллеясында жұлдыздар қатарында есімі жазулы.
Хадиша Шалабаеваның «Отырардағы той» әндерінен бөлек ел аузында жүрген көптеген әндері шырқалып жүр.