• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Бизнес 03 Наурыз, 2021

Алматыда «Чупа-құрт» өнімі нарыққа шықты

1078 рет
көрсетілді

Бүгін Алматы қаласында «Asyl Tas Holding» компаниясы жаңа отандық өнімді көпшілікке таныстырды, деп хабарлайды Egemen.kz

«Asyl Tas Holding» компаниясы кәдімгі майлы құртты нарыққа шығарды. Әсіресе, мұндай өнімдер балалар үшін нағыз дәрумен.

«Бұлай шығарудағы бірінші мақсат – балаларды қызықтыру. Дүкенге барсақ, тәттілердің бәріне химиялық қоспа қосылады. Өкінішке қарай, оның орнына балама жоқ. Міне, біз осы өнім арқылы сол тәттілердің орнын бассақ дейміз. Екінші, таяқшамен үлкен адамдар жесе де, ыңғайлы. Ата-бабамыздың ұлттық дәмін жаңа заманға сай жаңғыртып, креативті форматта ойлап шығардық» дейді өндіруші топ өкілі.Құрт екі түрлі қорапта шығады. Біреуінің сыртында «асыл тасымыздың» қасиеті жайында үш тілде ақпарат бар. Абайдың «Жетінші қарасөзі» де үш тілде жазылған. 

«Ашаршылық, зұлмат жылдарында халыққа талғажау болған тағамның қадірін жете түсініп жүрміз бе? Бүгінде нарықта құрттың түр-түрі бар. Талғамға, дәміне қарап таңдай бер. Бірақ нағыз табиғи дәмі бар құртты аңсайсыз ба? Өз басым шетелге «мынау қазақтың дәмі» деп құрт апарғым келеді. Осы ретте серіктестеріммен бірігіп, «Asyl Tas Holding» өндіріс компаниясын ашуды жөн көрдік. «Asyl Tas Holding» табиғи таза, ешбір қоспасыз, сертификатталған, патенттелген әрі формасы ересектерді де, балаларды да қызықтыратын жаңа құрт түрін ұсынады. Сонымен қатар, шетелге шыққанда қазақ халқының атынан базарлық ретінде ұсынатын құрт түрін шығардық. Мұнда хәкім Абайдың адамзатқа қатысты айтқан қара сөзі, құрттың қазақ тарихындағы маңызы да жазылған. Шетелдік достарыңыз, әріптес, серіктестер қазақтың дәмін татып, тарихымен осылайша таныса алады. Ұлттық өнімді қайта жаңғыртып, ұлттық брендті насихаттау – әрбіріміздің қолымызда. Құрт – біздің асыл тасымыз. Ұлттық өнім шетелдік өнімнен кем түспейтінін дәлелдейік!», – дейді белгілі актер Рахман Омар.Отандық өнімнің тұсаукесерінде сөз алған белгілі актер Досқан Жолжақсынов: «Қазақ жаугершілік заманда малта сорып, аш өзегін әлдендірген. Әрі тамақ, әрі шөлді басатын бұл өнім талайды аштан да алып қалды. Енді оны өз өніміміз ретінде шығару үлкен еңбек. Сондықтан құртты «асыл тас» деп атау бекер емес», деп айтты.