Батыс Қазақстан облысында 1-5 сынып оқушыларына 25 адамға дейін бір сыныпта жиналып оқуына рұқсат берілді. Биылғы оқу жылының ІІ-ІІІ тоқсанынан бері олар әр сыныпта 15 балаға дейін ғана оқып келген еді.
Өңірдің бас мемлекеттік санитар дәрігері «Батыс Қазақстан облысы аумағындағы карантиндік шектеу шаралары туралы» қаулыға бірқатар өзгеріс енгізді. Осылайша өңірде карантин талабы біраз жеңілдеп отыр. Мәселен, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары штаттағы адам саны 15 және одан көп болғанда қызметкерлерінің кемінде 60%-ын қашықтан жұмыс нысанына ауыстыруды ұсынып отыр. Бұған дейін бұл талап 80 пайыз болатын. Сондай-ақ санитар дәрігер облыстағы жеке кәсіп нысандарына да қызметкерлерінің кемінде 50%-ын қашықтан жұмыс істеуге шақырды.
«Бірінші кезекте 50 және одан жоғары жастағы қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеуге ауыстыру, жиналыстар, кеңестер, семинарлар, конференцияларды офлайн режімде өткізбей, тек селекторлық режімде және бейнеконференцбайланыс арқылы өткізу ұсынылады» делінген қаулыда.
Жаңа қаулының өзгерістері, әсіресе білім саласындағы тәртіпке біраз өзгеріс әкеліп жатыр. Мысалы, 2020-2021 оқу жылының үшінші тоқсанында оқушылар саны 300-ге дейін контингенті бар, сыныптардағы балалар саны 15-ке дейін болатын қалалық және ауылдық мектептер дәстүрлі форматта оқытуға көшті. Сондай-ақ 2021 жылғы 1 наурыздан бастап жалпы білім беретін мектептерде 1-ден 5-сыныпқа дейін, халықаралық мектептерде 1-ден 7-сыныпқа дейін аралас оқытуға кіріседі.
Ал оқу бітіретін 9, 11 (12) сыныптар аптаның 6 күні аралас оқитын болды. Соның ішінде пәндердің 70%-ы штаттық режімде, 30%-ы қашықтан оқытылады. Олар сыныпта 15 адамнан артылмай, әлеуметтік қашықтықты сақтап, «1 сынып – 1 кабинет» қағидаты бойынша білім алады. Мектепте бір уақытта болатын оқушы саны жобалық қуаттың 30%-ынан аспауы, санитарлық-дезинфекциялық режімді, маска режімін күшейту талап етіледі. Білім беру мекемесі әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға рұқсат берілді.
– Егер мектеп оқушысы коронавируспен ауырып қалса, ол оқитын сынып жабылады. Ал бір мектептен екі немесе одан да көп мұғалім, немесе әр сыныптың оқушылары covid-19-бен тіркелсе, онда мектеп уақытша жабылады, – деп түсіндірді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев.
Колледждер мен жоғары оқу орындарының I курс студенттері үшін екінші семестрден бастап штаттық оқуға рұқсат берілген болатын. Олар бүгінде пәндердің 70%-ын штаттық режімде, 30%-ын қашықтан оқып жатыр.
Өңірдегі көпшілік орындар үшін де карантин талаптары жеңілдеді. Мысалы, азық-түлік және азық-түлік емес жабық базарлар сағат 09.00-ден 17.00-ге дейін апта бойы үзіліссіз істей алады. Бұрын олар жексенбіде жабық болатын. Сауда үйлері мен орталықтары бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес, адам санын шектей және санитарлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып қалыпты қызмет кестесіне көшті.
Нұрлыбек Мұстаевтың айтуынша, жақын күндері облысқа «Спутник-V» вакцинасының 3 мыңнан аса екпесі келмек. Бұл өңірдегі медицина қызметкерлеріне және мұғалімдерге арналған.
14-наурыз – Қазақстанның батыс өңірінде бір-бірімен қол алысып, құшақтасып амандасатын дәстүрлі «Көрісу» мейрамы болатын. Бірақ санитар дәрігерлер осы дәстүрден биыл тыйыла тұруды ұсынып отыр.
Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысы – коронавирус індетінің таралуы бойынша елімізде «сары аймақта» қалып отырған өңірдің бірі.