• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 04 Наурыз, 2021

Мансура ЖАКЕН: Қалаларымыздың келбеті қазақи болуы керек

437 рет
көрсетілді

Қалалар да адамдар сияқты. Мағыналы өмір сүрген жандар іспетті мазмұнымен, қайталанбас тұтас сұлулығымен тартып тұратын көне шаһарлар бар. Жолы түскендер қайта-қайта оралуды көксеп тұратын сол кенттердің құпиясы нендей? Туристер тартуда, тарихи қалаларымыздың тамаша бейнесін жасауда талантты отандастарымыз не істей алады? Осынау сауал көпшілігімізді мазаласа-дағы, бұл мәселемен нақты айналысып жүрген және оның түйткілдерін білетіндер жоқ емес. Солардың бірі сәулет дизайнері әрі кәсіпкер – Мансура Жакен. Мансура архитектуралық дизайндағы «NeoQazaqStyle» атты тармақтың авторы және негізін қалаушысы. Оның идеясының тұжырымдамасы – заманауи архитектураға қазақтың ұлттық нақыштары мен ерекшеліктерін үйлесімді түрде қосып, симбиоз жасау. Біз осыған байланысты сауалдарды өз авторлығымен қазақтың оюларымен нақышталған есік және үй жиһаздарының коллекцияларын шығарып, еліміздегі бірқатар мәдени ғимараттардың ішкі дизайнының авторы Мансура Жакенге қойған едік.

– Мансура, қазақтың ұлттық сти­лін дәріптеп, қалалар мен ғима­раттарымыздың ұлттық нақышы мен өзіндік келбеті болуы керек деген идеяны алға тартып жүрген дизайнерлер аз емес. Бірақ ол қалай жүзеге асырылады?

– Бұл сұрақты маған таныстарым да жиі қояды. Шынымды айтсам, тұрақты табыс әкеліп отырған өз кәсібім бар. Және өзіме ұнайтын іспен айналысамын. Яғни өз мүмкіндіктерімді жү­зеге асырған адаммын. Бұл идеяны бір басыма пайда табу үшін дәріптеп жүргенім жоқ.

Адам кемелдене келе, өз басының пайдасы мен жұмысының шеңбері­нен шығып, еліне, өзі өмір сүріп жат­қан қоғамға пайда тигізгісі ке­леді. Тың идеяларды халыққа тарата­ды немесе әлеуметтік жобаларды жү­зеге асырады, кей адамдар мысалы қайырымдылықпен айналысады. Мен де өмірімнің сондай кезеңіне жет­кен болармын, бәлкім. Өзім дизай­нер болғандықтан, айналадағы сұлулыққа мән беріп, белгілі бір талғамға әрдайым көңіл аударамын.

Қазақстанның әрбір ғимараты мен әр үйі өз келбетімен қазақтың үйі екендігін білдіріп тұруы керек. Қазақи келбет болуы керек. Бұл ме­нің азаматтық ұстанымым және қоғамның даумына қосқан үлесім. Осыны ауызбен айтып қана қоймай, тұрмысымызға ерекше талғаммен енгізуді сәт сайын ойлаймын. Әрі бұл менің айналысып жүрген кәсібіме де тікелей байланысты.

Намысты қазақтар өз тарихы мен ұлттық болмысын қайта жаңғыртуға құштар. Көп адам үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізгенде неме­се жаңадан үй салғанда оған қазақи нақыштарды енгізуге көңіл бөле­тінін байқап жүрмін. Ұлттық ою-өрнек­термен есіктерді немесе жиһаздарды безен­діру, декордың кішкене элемент­терін ұлттық нақышта әсемдеу сәнге айналып келеді. Сонымен қатар ша­ңырақ немесе кереге сияқты киіз үйдің өзіндік сакралды мәні бар символдарын да үй безендіруде кең қолданып жатыр.

– Мұндай дизайн ерекшеліктері көп қаражатты қажет ете ме? Ұлт­тық нақыштағы дизайнға тапсы­рыс беретіндер қай жастағы адамдар? Және дизайнның қандай эле­мент­теріне тапсырыс береді?

– Жоқ. Ол көп қаржыны талап ет­пейді. Егер сіз стандартты безендіру жұмыстарына тапсырыс берсеңіз де сол қаражат шығады. Бізде көп адамдар арнайы қазақша нақышта жасалған дизайн қымбат болады деп ойлайды. Алайда мүлдем олай емес. Біздің тұтынушыларымыздың арасында қалталы азаматтар да бар, жалақысы орташа адамдар да бар.

Біздің басты мақсатымыз, заманауи ғимарат дизайнына үйлесімді болатын ұлттық нақыштағы элементтерді арнайы таңдап үйлестіру. Сондықтан мен өзім кеңес беремін, ою-өрнектерді тым көп қылмай оларды өз орнымен үй архитектурасына енгізу қажет. Барлығы үйлесімді және жарасымды болуы керек. Қазақстандықтар көбінесе ою-өрнекпен бедерленген есіктерге тапсырыс береді. Есіктердің нақыштарын да біз сол ғимараттың дизайнына сай таңдап береміз. Бір қарағанда есіктің формасы заманауи, ал оған нақыш пен әшекей жасалса, ол қазақи болып шыға келеді. Бұл ғимараттың ішкі дизайнына қазақилық сән берудің ең оңай жолы. Сонымен қатар алтын адам, қазақша киім киген қыз, шаңырақ сияқты мән-мағынасы бар суреттер салынған мозайкадан жасалған панноларға да тапсырыстар көп.

– Мансура, астанамызда тағы бір мәдени орталықтың жобасын жасап жатқан көрінесіздер. Оның тұжырымдамасы қандай болады?

– Иә, елордамызда мәдени орта­лық­тың жобасын жасаудамыз. Әзірге атын айтпай-ақ қояйын. Жоба әлі аяқталған жоқ. Бірақ жобаның басты идеясы – біздің тарихымыз бен философиямызды архитектура арқылы көпшілікке жеткізу.

Бұдан бөлек өзімнің тың идеям бар, ауқымды жоба болғандықтан, оның жүзеге асырылуы біраз уақытты талап етеді. Сондықтан бұл әзірге құпия болсын.

– Қазақстандық тауарлардың, құрылыс материалдарының да сапасы ешкімнен кем емес екендігін дәлелдеймін, деп жүрген кәсіпкерсіз ғой...

– Әрине, сапасы өзге елдермен таласа алатын тауарлар бізде де бар. Және оны жасай алатын қабілетті адамдар да жеткілікті. Ұлттық тұтастық пен даму тек тіл мәселесіне ғана қа­тысты болмауы керек. Қазақылық бар­лық салада көрініп тұруы керек қой. Бұл ресторандық бизнес болсын, сән әлемі, туризм, сахна өнері және тағысын тағыларға да қатысты болып келеді. Бірақ біз көнеден қалған мұрамыздың қазіргі заманға сай және бізді алға қарай жетелейтін тұстарын қолдануымыз керек.

– Бұрынғы кеңестік республика­лардың бірқатарында тәуелсіз­дік жылдарында ұлттық ою-өрнек гро­теск сипатына ие болды. Бі­ре­­гей­лікті іздеу жолында бей­не­­леу, қолданбалы, сәулет өне­рін­де, мемлекеттік рәміздер­де, өнер­­кәсіптік дизайнда ұлттық нақыштарды кез келген жерде пайдалану барынша байқалады. Егер ежелгі дәуірлерде ою-өрнек киелілік, ғарыштық және философиялық мән-маңызға ие болса, қазір жаппай және кейде тіпті, парықсыз пайдаланудың салдарынан татым­сыз сипатқа ие болды, деген де пі­кірлер бар.

– Мен ондай пікірлермен толық­тай келісемін. Ұлттық нақыш пен ою-өрнекті жөнді де, жөнсіз де пайдалану қазір бір үрдіске айналып кеткендей. Кей жерлерде қазақи нақыш беру мақсатында жасалған дүниелер адамның қызығушылығын тудырмай, кері әсер береді. Құдды бізде эстетика мен талғам ешқашан болмаған секілді күй кешесің. Ал шын мәнінде біздің ата-бабаларымыз әр түсті, әр ою мен өрнекті белгілі бір дүниелерге ғана, өз орнымен қолданған. Әр символдың өзіндік мәні мен философиясы болған. Мұның барлығы кеңес дәуірінің ке­зінде ұмыт болған. 

Сондықтан осы іспен кәсіби тұр­ғыда айналысатын жұмыс тобын құрып, оған тарихшылар, архитектор, архелогтар енгізу керек. Сол жұмыс тобы зерттеп, қазақтың ұлттық ерекшеліктерін қамту керек. Мысалы қазақтың кейбір ою-өрнектері тек киімге, кейбір оюлар аттың ер-тұрма­нына салынатын болған. Оларды математикалық есептеулер арқылы дәлдеп салып, архитектураға неме­се үй, киім дизайнына салу керек. Ал бұл кешенді жұмыс. Сол жұмыстың нәтижесі ретінде біз база құруымыз керек. Сол базадағы ою-өрнектерді архитекторлар да, киім ди­зай­нерлері де орнымен қол­данса болады.

– Жалған этностық декора­тив­тік стиль тулар мен елтаңбаларда да, сол сияқты тіпті орындықтар мен қоқыс салатын ыдыстарда да кездеседі. Осы туралы Сіздің не айтарыңыз бар?

– Сұрағыңыз өте орынды. Бұл үлкен мәселе. Әркім қазақша келбет беру мақсатында, кез келген оюды не болса соған жапсыра салады. Ол оюдың мәні мен мағынасы қандай, оны қай нәрсеге жабыстыруға болатынын, яки болмайтынын ешкім байыптамайды. Ал біздің ата-бабаларымыз әрбір ою мен таңбаға үлкен мән берген, әр символдың сакралдық мәні болған.

– Сіздің қиялыңыздағы қазақи келбетке ие қалалардың тұтас бей­несі қандай?

– Менің қиялымдағы қазақи кел­беттегі қала – барлық жағынан сарап­талып, үйлесімді урбанизация талабына сай жобаланып, салынған қала. Ондай қалада архиектуралық ансамбль үйлесімді ұйымдастырылған. Жаңа әрі заманауи технологиялар мен архи­тектуралық шешімдер қазақи стиль­дегі қолданбалы өнер туындаларының стилімен үйлестірілген. Әр ою немесе безендіру өз орнымен жасалып, архитектураның заманауи ағым­да­рымен үйлестірілген. Мұндай қалада арнайы көшелер немесе алаңдарды қазақ тарихының әр кезеңдеріндегі ежелгі қала келбетіне ұқсастырып архитектуралық шешім қолдануға болады. Мысалы, бір алаңды сақ дәуіріндегі «аң стилінде» үйлестіруге болады. Бір-екі көшені орта ғасырдағы Ұлы Жібек жолының бойында орна­ласқан қалалардың стилінде салып, туристер қызығушылық танытатын кафе, дүкендер мен ұлттық қолөнер орталықтары, шығыс моншасы мен базарын алуға болады. Яғни қалалардың әкімдіктерінде шешім қабылдап отырған адамдар ерекше әрі сапалы архитектуралық дизайн енгізем деген ниет танытса, оның барлығын жүзеге асыруға болады. Есесіне елімізге ше­телден келген азаматтар біздің қала­ларымызда өздерін қазақ еліне келгендігін архитектура мен дизайн арқылы бірден аңғаратын болады.

 

Әңгімелескен

Айнаш ЕСАЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ