• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Спорт 04 Наурыз, 2021

Дордрехтегі дода

88 рет
көрсетілді

5-7 наурыз күндері Нидерландтың Дордрехт қаласында шорт-тректен әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Айтулы жарыс барысында спортшылар әдеттегідей 500, 1 000, 1 500 және 3 000 метрлік қашықтыққа жүгіріп, жүлделерді өзара сарапқа салады. Соның қорытындысы бойынша көпсайыстың жеңімпазы анықталады. Одан бөлек, әйелдер 3 000 және ерлер 5 000 метрлік эстафетада бақ сынайды.

Спорттың бұл түрінен әлем чемпионаты 1976 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырлып келеді. Сол кезден бері 45 мәрте жалауы желбіреген жарыста ең көп ол­жаға кенелген команда – Оң­­түстік Корея құрамасы. Сол елдің шорттрекшілері 221 рет жеңіс тұғырына көтерілді. Жүл­делердің 90-ы алтын, 68-і күміс және 63-і қола. Екінші және үшінші орындарды Қытай (64 алтын+43 күміс+40 қола) мен Канада (61+73+61) иеленуде. Үйең­кі жапырақтары елі өрен­де­рінің (195 медаль) жеңіп ал­ған жүлделер саны Аспанасты елі өкілдерінен (147 медаль) әлдеқайда көп. Алайда күміс пен қолаға қарағанда алтынның сапасы артық болғандықтан, қытайлар канадалықтардан озып отыр.

Ал одан кейінгі сатыларға АҚШ (16+16+30), Жапония (13+19+21), Нидерланд (9+13+9), Ұлы­британия (7+10+9), Италия (5+13+20), Ресей (3+2+1), Аустралия (2+5+3), Мажарстан (1+5+3), Болгария (1+2+6), Жаңа Зеландия (1+1+0), Германия (0+1+1), КСРО (0+1+0), Франция (0+0+4) және Бельгия (0+0+4) құрамалары жайғасты.

Жекелеген спортшылар жа­йын­да айтар болсақ, дүние жүзі бойынша осы спорт түрін серік еткен саңлақтардың үшеуі ғана 18 мәрте жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген екен. Олар – Ван Мэн, Виктор Ан және Ян Ян (А). Енді осы мықтыларды өз оқырмандарымызбен жақынырақ таныстырайық.

35 жастағы Ван Мэн – Қы­тайдың Хэйлунцзян провин­циясының тумасы. Айтулы до­да­да ол 18 алтыннан бөлек, 9 күміс және 3 қола медальді мойнына ілді. Барлығы – 30 жүлде. Ван үлкен спорттан әлдеқашан қол үзгеніне қарамастан әйел­дер арасындағы сайыста оның орнатқан рекорд­тарының біра­зы әлі күнге дейін мұрты бұзылмай тұр.

Сеулде туып-өскен Виктор Ан қытайлық Ван Мэнмен түйдей құрдас. Спорттық карьерасының негізгі бөлігін ол өзінің отаны – Оңтүстік Кореяда өткізсе, ке­йіннен Ресейге қоныс ауд­арып, біраз жылдан бері сол ел­дің намы­сын қорғауда. Әлем чемпионатында Ан 18 алтын, 7 күміс және 3 қоланы қанжығасына байлады. Барлығы – 28 жүлде.

44 жастағы Ян Ян (А) да Қы­тайдың Хэйлунцзян провинциясында дүниеге келді. Ол 1994-2005 жылдар аралығында әйелдер сайысында жасындай жарқырап, көптеген биік белестерді бағын­дырды. Бұл спортшының қоржы­нын­да 18 алтын, 6 күміс және 2 қола медаль бар. Барлығы – 26 жүлде.

Ал жеңіп алған жүлделерінің жалпы саны жағынан 36 жастағы Шарль Амленнің алдына түсе­тін ешкім жоқ. Канаданың Кве­бек аймағына қарасты Леви қала­шығының тумасы 2005-2018 жылдар аралығында 32 жүлде олжалады. Оның 9-ы алтын, 13-і күміс және 10-ы қола. Сондай-ақ дүниежүзілік додада молынан олжаға кенелген спортшылар қата­­­рында канадалық Сильви Дэйгл (15+3+1), Натали Ламбер (15+2+3), Марис Перро (8+2+1), қытайлық Фань Кэсинь (10+1+2), Ли Цзяцзюнь (8+3+8), кореялық Ли Хо Сок (8+6+3), Чхве Ын Ген (8+2+3), Чин Сон Ю (8+2+1) сынды шорт-трек шеберлері бар.

Соңғы әлем чемпионаты 2019 жылы Болгарияның бас шаһары – Софияда ұйымдастырылды. Бұл жарыста да Оңтүстік Корея құрамасы шашасына шаң жұқ­тырмай, командалық сайыста жеке-дара көш бастады. Олар 15 (8+5+2) жүлде олжалады. Екінші орында – Нидерланд. Қызғалдақтар елінің спортшылары 5 (4+0+1) мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Сондай-ақ Қытай (0+3+1), Канада (0+2+3), Ресей (0+2+3), Мажарстан (0+0+1) және Жапония (0+0+1) өкілдерінің де қанжығалары май­­ланды. Жекелеген шорттрек­шілер арасында Болгарияда ерлер ара­сында кореялық Лим Хе Джун (5+0+0) және әйелдер сайысында нидерландтық Сюзанне Схюл­тингтің (3+0+1) бақ жұлдыздары жанды.

Қазіргі кезде спорттың бұл түрі Қазақстанда жақсы дамып келеді. Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында жерлестеріміз жеңіс тұғырына сынық-сүйем қалғанда сүрініп жүр. Есесіне әлем кубогы жо­лындағы жарыс­тарда жасындай жарқырап жүр­­ген жігіттеріміз жетерлік. Ең қуа­­ныштысы, бі­лікті бапкер Мә­діғали Қар­сы­беков жаттық­ты­ратын ұлттық команда­мыздың негізін өз қан­дастарымыз құрайды. Ертең Ни­дерландта жалауы желбірейтін жарыста Қазақстанның намысын сегіз спортшы құрайды. Олар – Мадина Жанбосынова, Яна Хан, Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Мерсаид Жақ­­сыбаев және Еркебұлан Ша­мұханов. Біздің өрендер осы әлем чемпионаты қарсаңында Ре­сейде оқу-жаттығу жиынын өт­­кі­зіп, Қызғалдақтар еліне жақ­сы бабында және көтеріңкі көңіл-күй­мен аттанды. Енді біз жер­лестерімізден жеңіс күтеміз.