• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Наурыз, 2021

Тасқынға – тосқын күн тәртібінен түспейді

257 рет
көрсетілді

Оқырманның есінде болса, ақпанның басы жылымық болып, Солтүстік Қазақстанның төтенше жағдайлар қызметі сол кезден қарғын судың тасқынына қарсы шараларды белгілей бастағанын «Егеменге» жазған болатынбыз. Бірақ ақпан алдап түсірген екен. Басы жұмсақ болғанымен 4-5 күннен кейін 30-35 градусқа дейін жететін аяз болып, ат құлағы көрінбейтін дүлей борандар соғып, ақпан ақырып берді. Үймелеп түскен қармен арпалыс тіпті қарғын суын да ұмыттырып жіберген еді. Алайда наурыздың күні күлімсіреп туып, тасқынның алыста емес екенін қайта еске түсірді. Осыған байланысты облыстық әкімдіктің кезекті отырысы тасқынның алдын алу шараларына арналды. Онда тиісті қызметтер тасқынның өздеріне қатысты мәселелерін баяндап берді.

«Қазгидрометтің» солтүстікқазақ­стан­дық филиалының директоры Қым­­бат Мерғалымованың айтуына қара­ғанда, наурыздың ауа райы тұрақсыз болмақ. Болжам бойынша арасында қар аралас жаңбыр жауатын көрінеді. Айдың жалпы жылымығы жылдағы нормадан 1-2 градус жоғары болмақшы. Үшінші онкүндікте ауа райы кейбір жерлерде 12 градусқа дейін жылынуы мүмкін. Сол­түстік үшін бұл аса қауіпті. Өйткені жер­дің тоңы 114 см-ге дейін қатқан, бұл уақытта ол әлі жібіп үлгермегендіктен қар­дың суы жерге сіңе алмай үлкен тас­қын тудырып, үйлерді, жолдарды басып қалу қаупі бар.

Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков барлық суағарлар ашыл­ғанымен 240 үй су астында қалуы мүм­­кін екенін айтты. Әкімнің айтуына қарағанда, олардың тұрғындарын эва­куа­циялайтын орындар осы бастан сайланып қойылған. Оған әзірге үш мектеп үйі белгіленген. Қаладан қар шығару жұ­мыстары қызу жүргізілуде, алайда жекеменшік сектордың үйілген қары тасылып болатын емес.

Биыл Есіл өзеніндегі қардың қалың­дығы орташа нормадан 60 пайызға артық. Ғ.Мүсірепов және Шал ақын аудан­дарындағы қар тіпті жылдағыдан екі есе қалың. Отырыста облыс әкімі Қ.Ақсақалов қызметтердің басшыларына көршілес облыстармен де ынты­мақтасып жұмыс істеу керектігін ескерт­ті. «Көршілермен тығыз байланысып, жедел ақпараттармен алмасып отыру міндет», деді ол.

Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысы Рамил Камаловтың айтуына қарағанда, Есіл, Шағалалы, Сілеті, Қамысақты өзендерінің тасуы – ең үлкен қауіп. Күзгі ылғалдың жиналуы оларда жылдағыдан орта есеппен алғанда 36 пайыз артық. Солтүстіктегі ең көп су Сергеев су қоймасында. Ондағы су деңгейі қазір 610,8 млн текше метр, ал мұздың қалыңдығы 70 см. Демек, мұз ерігенде судың қоймадан асып кете­тіні қазірдің өзінде белгілі. Өйткені қойманың барлық сыйымдылығы 693 млн текше метр. Қазір департаментте тасқынға қарсы жұмыстарды үйлес­тіретін штаб құрылған. Оған азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлері де қатыстырылуда. Штаб бүгінгі таңда 6 мың тұрғыны бар 79 елді мекенді бақылауға алып отыр. Сонымен қатар 92 елді мекен назарға алынған.

Барлық құқық қорғау органдарының 484 қызметкері мен 155 техникалық құралы тасқынға қарсы күресуге дайын. ТЖ департаментінің өзінен бұл кү­реске 264 адам күші мен 51 техника, Ұлт­тық ұланнан 60 адам мен 3 техника қа­тыстырылады. Ал қалған 160 адам мен 101 техника Полиция департаментінен тартылатын болады.

Жағдай шиеленісіп, шектен шығып, тасқынды құрықтауға күш келмей жатса, жергілікті атқару органдары 1912 адам күші мен барлығы 1478 техника, соның ішінде 316 су айдағыш техника қоса­тын болады. Техникаларға 687 тонна жанар-жағармай дайындалған. Сонымен қатар құм мен топырақ бөгеттерін жасауға 24,8 мың қапшық жиналған. Қаражат күшіне келетін болсақ, әзірге 895,6 млн теңгенің шығыны бекітілген. Қала әкімі Болат Жұмабековтің баяндамасын тыңдағанда облыс әкімі қосымша қаражат керек пе деп сұрады. Наурызда тағы да қар түсетінін ескерген қала әкімі қосымша қаражат қажет болатынын айтты. Құмар Ақсақалов бұл өтініштің қанағаттандырылатынын жеткізді.

Осындайда бәрінен де үрей мен дүрбелең қауіпті. Мұндайды тудырғысы келіп, алақанына түкіріп жүретін байбаламшылар да көп болады. Сондықтан облыс әкімі ақпараттың бір жерден әділетті түрде беріліп тұруын қада­ғалауды өзі­нің орынбасары Ғани Ны­ғыметовке тапсырды. «Қажет болса өзім де күнде БАҚ құралдары арқылы халыққа шығып, жағдайды айтып отыратын боламын», деді ол. Сонымен қатар облыс әкімі өңірдегі барлық 1400 суағар аршылып, су жолдарына кедергі болмауын қатты ескертті.

Қауіп 2017 жылғыдан биыл да кем болмайтын сияқты. Ең бастысы, жердің тоңы жібімей жатып күн ысып кетіп, қар күрт ерісе қатты қауіп сол болғалы тұр. Бірақ сақтанған қай күнде сау болары сөзсіз, сондықтан сақтық жұмыстарын барынша жеделдете берген дұрыс. Ол үшін күрес штабы күндіз-түні жұмыс істейтін болды.