Қарағанды қаласында баласын тастап кеткен әйел іздестіріліп жатыр. Майқұдықтың 15 ықшамауданындағы көпқабатты тұрғын үйдің подъезінен екі айлық бала табылды, деп хабарлайды Egemen.kz
Түнгі сағат 00:15-де кіреберістен жылаған баланың даусын естіп шыққан тұрғынның бірі еденде жатқан нәрестені көрген. Бала көрпешеге оралған, үстінде жылы киімі де бар екен. Алғашқыда сәбиді көріп шошып қалған тұрғын сол маңнан баланың ата-анасын іздейді, таппаған соң полицияға хабарласыпты.
Полиция қызметінің мәліметінше, нәрестеге шамамен 1-2 ай. Жедел жәрдем дәрігерлері қарап көріп, ауруханаға алып кетіпті. Олар сәбидің денсаулығы жақсы дейді.
«Аталған факті бойынша ҚК 119 бабы 1 бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта баласын қауіпті жерге қалдырып кеткен ана іздестіріліп жатыр, әзірге табылған жоқ», деп мәлімдеді Полиция департаментінің баспасөз қызметкері Бақытжан Құдияров.