Аппақ, мөп-мөлдір зәмзәм суын құйған күміс тостағандай Жөкей көлі жаз бойы майда толқындары бірін-бірі қуып, жағалауға асығып, тебірене тербеліп жатар еді. Бала кезінен осы төңіректі аралап, көгілжім сағымға бөккен, тойған қозыдай томпайып жатқан сансыз адырлардың арғы бетінде не бар екен деген қызығушылықтан арыла алмайтын.
Жөкей көлінің жағасында жарыса, көл жағалауын иектей қарағайлар өсетін. Бірде қарағайлы орманды аралап жүріп құрқылтайдың ұясын тауып алды. Мамықтай жұп-жұмсақ екен. Құстың ғажайып шеберлігіне, кішкентай талшықтарды қиюластырған еңбекқорлығына таңғалған. Тынымсыз тіршілік етсең өз ғұмырың да құрқылтайдың ұясындай жып-жылы болуы бек мүмкін. Ел ішінде құрқылтайдың ұясын тауып алған адамның өмірде жолы болады деген наным-сенім бар. Кәсіпкерлікке көңілі ауып жүрген Индира Әкімбаева ісін бастап кетсе, шаруасының оңынан оңғарылатынына сенді.
Степняк – алтынды өңір. Күні бүгінге дейін шағын қаланың асты сарышұнақтың іні тәрізді тарау-тарау алтын қазған, кен қопарған жолға толы. Ақ қашып, қызыл қуған аласапыранға дейін де ағылшындар алтын қазған. Кейін де берекесі бөгіп жатқан өңірді кімдердің аяғы баспады дейсіз. Әйтеуір, ел ішінде алтын жайлы аңыз да көп. Жолы болып ат басындай кесегін тауып алып, табан астында байып кеткен адамдар жайлы ақылға сыймас әңгіме әлі күнге дейін желдей еседі. «Әкімбаев» шаруа қожалығының басшысы Индира Әкімбаева өзі туған өңірдің жомарттығына ғана емес, «аттылы адам атынан түсіп, жаяулар жатып қарайды» дегендей келісті, көркем табиғатына тәнті. Дәл мынандай жерде тұрған жан несібені басқа өңірден іздемейтін болар. Тек еңбек етсең болғаны.
Степняк қаласындағы орта мектепті ойдағыдай тәмамдағаннан кейін Индира Адыхамқызының алдында көп-көп мүмкіншілік болды. Әуелі Нұр-Сұлтан қаласындағы Аграрлық институтты (қазіргі ҚазАТУ) тәмамдаған, одан соң Қазан қаласындағы мемлекеттік университеттің заң факультетіне түсті. Төртінші курсты енді бітіргенде қиындық алдынан шыққаны. Визасының уақыты бітіп қалыпты. Үш айға елге оралуға мәжбүр болды. Дәл осы уақытта оңы мен солын танытқан, жан жылуымен жылытып, тәлім-тәрбиесін берген аяулы әжесінің өмірден озғаны. Тағдырдың жазуынан аса алмайды екенсің. Жастық оты жалындаған, естен кетпес естеліктерге куә болған шулы, думанды, сәні мен салтанаты көңілін баурайтын көне Қазаннан, көркем Қазаннан уақытша болса да қол үзуге тура келді. Елге келген соң Ербол есімді азаматпен дәм жазып, шаңырақ көтерді. Келер жылы Қазан мемлекеттік университетін тәмамдаған. Жоғары білімді заңгер. Әйтсе де дәм шалғайдағы ауылдан бұйырыпты.
Жары Ербол шаруаға оңқай асықтай жан болып шықты. Есі-дерті дала. Даладағы ер адамның пешенесіне жазылған шаруа – төскейде төрт түлік малды өрістету. Жарының бұл ойына Индира да қосылып құп көрген. Асты алтынға толы өңірдің үсті де сол алтынға пара-пар берекелі болмақ. Тырбанып тіршілік етпекші болып 2010 жылы кәсіпкерлікке бел буған. Кеңащы ауылында 200 орындық дәмхана салды. Шалғайдағы шағын ауыл үшін бұл шаруа ауызбен айтып жеткізгісіз зор қуаныш. Бұрын ойын-тойларын, жаназасын қайда өткізерін білмей, қапылып келген ағайынның көктен тілегені жерден табылды. Жұмыс десе жанып тұратын Индираның арқасында. Заңгерлік білімі бұл тарапта да қажетке жарады. Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың тиімді тұстарын ойша сараптап, нар тәуекелге бел бумай іс бітпейтінін түсінді. Көптеген ауыл жастары несие алсақ, ертең қалай өтейміз деп тәуекелдің қайығына міне алмайтыны бар. Индираның ойынша олқы түсіп жатқан бір жай осы. Екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастарға бизнестің әліппесін, кәсіпкерліктің қыр-сырын, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін үйретіп, саналарына құю керек. Сонда ғана жастар ауылда орнығып қалып, әрқайсысы белгілі бір жұмыспен айналысып, табыс табады.
−Тауар түрі көбейген сайын бағаға да әсер етеді ғой, − дейді кәсіпкер Индира Адыхамқызы. − Қазір ет және сүт өнімдерінің бағасы қымбаттау. Егер барлық ауылда жұмыс таппай қарап отырған жастар мынандай жомарт жерді пайдаланып, жаппай кәсіппен айналысса, бәсекелестік туындап, ауыл шаруашылығы өнімдері біршама арзандап та қалар еді.
Істің көзін тапқан кәсіпкер аудандағы үш ауылдың білім ошағында асхана ашқан. Әуелі ет пен сүтті сатып алып жүрді. Кейін есептеп қараса, өз өнімдерін кәдеге асырған әлдеқайда пайдалы екен. Оның үстіне экологиялық жағынан күмәнсіз, таза өнімдер болмақ. Осы ой жетелеп, «Сыбаға» бағдарламасы арқылы бір табын қара мал сатып алды. Қора салды, құдық қазды, 500 гектар жерге егін еге бастады. Мал азығын өздері дайындамай және болмайды.
– Ауылды жерде қазір механизатор жоқ. Көктемгі, күзгі дала жұмыстары кезінде механизаторды жалынып-жалпайып басқа жерден іздейміз, – дейді кәсіпкер, – бұл да бір ел ағалары мықтап ойланатын жайт. Бұрынғы техниканы тізгіндеген дала тарландары әлдеқашан зейнеткерлікке шығып кеткен. Олардың орнын басатын жастар жоқ. Себеп, бұрынғы қалыптасқан экономикалық байланыстар ыдырап, қиындық белең алған тұста механизатор мамандығы қадірсіз болып қалды. Олар көктемде бір ай, күзде бір ай ғана жұмыс істейді. Қалған уақытта қол қусырып, қарап отырғандықтан, жастардың механизатор болғысы келмейді. Әрі ол тұста механизаторларға жалақы да дұрыс төленбеді. Көптеген шаруашылық басшылары олардың еңбекақысын шөп, сабан, астық қалдығымен берді. Егер ел ішін берекенің қайнар көзі етеміз десек, ендігі арада еңбек адамын қадірлеу керек. Тағы бір жай, ауылда тұрақты жұмыс болу үшін егін шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар міндетті түрде мал ұстаулары керек. Қазіргі қолданыстағы заңда осы мәселеде кемшін тұстары бар. Жердің игілігін көрдің бе, шарапатың елге де тисін. Қысы-жазы жұмыс болса, кіндік қаны тамған топырақты ешкім де тастап кетпейді.
Кейіпкеріміздің айтуына қарағанда, бағдарлама бойынша несие қаражатын алып, ісін алға бастырудың жолында кесе-көлденең жатқан қолбайлау да бар. Мәселен, кепілдік қою. Мемлекеттік бағдарлама өте қолайлы, дегенмен, мына бір жайға назар аударыңызшы, 50 млн теңге несие алу үшін 80 млн теңгенің кепілдемесін табуың қажет. Алған несиеңнен қойған кепілің 0,7 пайыз жоғары болуы керек екен. Ал ауылда мұндай кепілдікке татитын жылжымайтын мүлік қайдан бола қойсын? Рас, несиенің 10 пайызын мемлекет төлеп береді, кәсіпкердің мойнында қалатыны небәрі 4 пайыз қана. Тиімді ме, тиімді.
Ендігісі мал тұқымын асылдандыру. Мал бақсаң, асылын баққан жөн, өнімі жоғары. Сондықтан да Ерболмен екеуі қабырғаларымен кеңесіп барып герефорд сиырларын сатып алған. Ербол бірыңғай асыл тұқымды мал бақса, өзі жергілікті тұқымды өрістетуде.
Тасы өрге домалаған сайын баяғы құрқылтайдың ұясын есіне алып қояды. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген осы-ау. Әлдебір шаруаның ыңғайымен жол жүріп бара жатқанда жұп-жұмсақ, жып-жылы ұяны сипаса, өне бойына жылу тарайтындай. Ол жылу еңбектің отынан себезгілеп тұр-ау.
Ақмола облысы,
Біржан сал ауданы