«Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту шаралары мен құралдары» атты республикалық конференцияда баяндама жасаған ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселесіне тоқталды.
– Биылдың өзінде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бойынша 17 орталық ашылып, жұмыс істей бастайды, яғни еліміздің әр өңірінде бір-бір орталық болады, – деді министр.
Орталықтардың ашылуы ұлттық экономика министрлігі, «Атамекен» палатасы және ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия арасындағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бойынша әріптестік және ынтымақтастық туралы қол қойылған келісім шеңберінде көзделіп отыр. Келісім әйелдердің қоғамдық-саяси өмірдегі экономикалық мүмкіндігін кеңейтуді қарастырады.
– Құжат әйел кәсіпкерлігін дамыту, оқыту, кооперация және қажетті құзіреттерді қалыптастыру арқылы олардың экономикалық белсенділігін ынталандыру, сондай-ақ бизнесті қолдау бағдарламалары шеңберінде жеңілдетілген кредиттер мен гранттар беру, әйелдерді жұмыспен қамтамасыз ету, әйелдер мен олардың ұйымдары өндірген тауарлар мен қызметтерді дамытуға жәрдемдесу мәселелері бойынша тараптардың өзара іс-қимылын көздейді» делінген ұлттық экономика министрлігі мәлімдемесінде.
Министрдің айтуынша, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бойынша тиімді шараларды әзірлеу үшін әкімдіктер мен даму институттары жанында жұмыс істеп жатқан әйелдерді қолдау орталықтары мен қызметтерінің жұмысы белсенді зерттелуде.
– Орталықтар әйелдердің кәсіпкерлік бастамасын іске асыруға қуатты серпін бере отырып, әйелдерді ақпараттық және консультациялық қолдаудың негізгі көзіне айналады. Әйелдердің экономикадағы рөлінің күшеюі экономикалық өсу мен қоғамның дамуына ықпал ететініне сенімдімін, – деді министр.
Бизнесті қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар мониторингінің деректері бойынша мемлекеттен қаржылай қолдау алатын кәсіпкер әйелдердің үлесі шамамен 32 пайызды құрайды. Қаржылай емес қолдау жобаларының жартысына жуығы (45 пайыз) – әйел-кәсіпкерлердің қатысуымен іске асырылады. Министрлік пен Еуропа қайта құру және даму банкі арасындағы ынтымақтастық шеңберінде 300-ге жуық кәсіпкер әйел жергілікті консультанттардан консультациялық көмек алып, 35,4 млрд.теңге сомасында 21,8 мың кредит берілген.