Жақында Испания сыртқы істер министрлігі Қырғызстандағы оқиғаларға байланысты ресми Мадридтің көзқарасын білдіретін баспасөз коммюникесін жариялады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі. Онда былай делінеді:
“Испания үкіметі Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевтің ел аумағын тастап шығуға мүмкіндік беретін келісімді қаперге алады. Мұнда өзге де салмақты халықаралық ойыншылардан бөлек, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы уақытша үкіметпен және экс-президент Бакиевпен арадағы келісімге қол жеткізу шеңберіндегі келіссөздер аясында шешуші рөл атқарды. Испания үкіметі экс-президенттің елден кетуі Қырғызстандағы саяси өмірді қалыпты деңгейге түсіруге ықпал ететін болады деп үміттенеді”.
Испания үкіметі ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасының Қырғызстандағы жанжалды реттеу бойынша күш-жігеріне қолдау көрсете отырып, Қ.Саудабаевтың осы елге ресми сапары Қырғызстандағы саяси жағдайды қалыпқа түсіруге кепілдік беру мақсатында негізгі саяси күштердің қатысуымен бітімгершілік және ұлттық үнқатысу үдерістерін ілгері жылжытуға өзінің сенімін білдіретінін де атап айтады. Бұл өз кезегінде белгіленген мерзімде сайлау өткізу жолымен елге қалыпты демократиялық ахуалды қайта оралтуға мүмкіндік берер еді. Баспасөз коммюникесінде Қырғыз Республикасы бұл міндетті жүзеге асыруда Испанияның қолдауына үміт арта алатыны да көлденең тартылады.
ЕЛДІКТІҢ ҮЛКЕН ҮЛГІСІ
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қазақстан қырғыздарының атынан Ш.Исмаилов хат жолдапты. Ол өзінің хатында былай дейді:
Біздер, Қазақстанда тұратын қырғыздар Қырғыз Республикасында болған жағдайды күйзеле де, қинала да қабылдадық. “Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Алтау ала болса, ауыздағы кетеді” деген даналар сөзі расталды.
Ежелден белгілі, тарих дәлелдеген жайлар бар: қашанда, қай істе болсын ханы мен халқы бір болып, тұтастық құрғанда мемлекет нығайып, ел ырысы тасады. Ал халқы қолдамай, ханы халқын қорғамай, өзімшілдік өктемдік алып, өзара талас-тартысқа түскенде мемлекет әлсіреп, ел ырысы қашады.
Кешегі қанды қырғын, жастайынан қиылған өмірлер, аңыраған аналардың зары, жетімдердің көз жасы кімге пайда әкелді? Енді жанға түскен жарақатты, жараланған жүрек пен зердені жазу қандай қиын десеңізші.
Қырғыз елінің басына түскен қасірет Сіздің қарапайым да терең ойларыңызды тағы бір түйсіктеуге мүмкіндік берді. “Ел туралы жадағай ойлау, халықтың тағдырымен ойнау – түбі жақсылыққа апармайды. Елі мұратқа жетпей, ері мұратқа жетуші ме еді? Сондықтан елдіктің қамын ең алдымен ойламай болмайды”, деген сөздеріңіз бен атқарып жатқан істеріңіз бүгінгі Қазақстан халқының бейбіт өмірінің негізін құрап отыр. 130-дан астам ұлт пен ұлыстың басын қосып, олардың өзара тату-тәтті өмір сүруіне жағдай жасап, үлкені мен кішісін бөле-жармай басқару – мықты ұлттық ділі мен әлем ұлағатын бойына сіңірген адамның ғана қолынан келетін іс.
Сіздің “Елдік те ерлік сияқты сын сағатта танылады”, деген сөзіңізді енді түсіндік. Бүгінгі таңдағы Қырғызстанның қайғы-қасіретін бірдей бөлісіп, көрші елдің халқына бейбіт өмір орналастыруға бар күшіңізді салып жатқаныңызға мың да бір рахмет. Еңсесі түскен елдің есін жиғызып, жапа шеккен, зар жылаған халықтың көз жасын тыйғызу елдіктің ең үлкен үлгісі. Азаматынан айрылған арғымаққа қайтадан ер салдыру, тұтастық туын қолға қайтадан алдыру – ерліктің үлгісі.
Біз бүгінгі бейбіт тірлігіміз үшін, Қазақстан деп аталатын мемлекеттің жер бетінде барлығы үшін, осы елді басқаратын Сіз сияқты Азамат бар екендігі үшін Аллаға мінәжат етеміз.
Қазақстан қырғыздары атынан: Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, “Қырғызстан-Астана” қоғамдық бірлестігінің басшысы Ш.А.ИСМАИЛОВ.