Солтүстік Қазақстанда тек өткен бір аптада 15 өрт оқиғасы тіркелген. Отты абайсыз қолданудың кесірінен 1 адам көз жұмды. Ал тағы бір елдімекенде өрт сөндіру көлігі тазаланбаған жолдардың кесірінен өртеніп жатқан үйге жете алмаған, деп хабарлайды Egemen.kz
Төтенше оқиға Аққайың ауданы, Ленинское ауылында болды. Кешкі 18:30-да өрт сөндірушілерге жеке үйден өрт шыққаны жайында хабар келіп түскен. Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, өрттің аумағы 1 шаршы метрді құрады.
«Оқыс оқиға отты абайсыз қолдану, яғни тамақты газ үстінде қалдырудың салдарынан шыққан. Төтенше жағдайлар қызметкерлері келгенге дейін ер адамның жансыз денесін оның әйелі үйден алып шыққан. Қазіргі уақытта өлімнің нақты себебі анықтау үшін, марқұмның мүрдесі сараптамаға жіберілді», – деді облыстық ТЖД мемлекеттік өртті бақылау бөлімінің басшысы Дмитрий Растихин.
Тағы бір оқиға Қызылжар ауданы, Надежка ауылында орын алған. Жекеменшік үйден өрт шығып, үй иесі екі алақанын күйдіріп, 2-дәрежелі күйік алған. Өрт сөндіру бөлімі жеткенге дейін жер үйде газ баллоны жарылып, салдарынан үй өрттен толығымен қирап, жақын маңда тұрған ВАЗ-2199 автокөлігі де жанып кеткен. Мамандардың сөзінше, жолды қар басып кеткеннен, отқа оранған үйге бірден жету мүмкін болмаған. Салдарынан өрт құбыршегін алыстан тартуға тура келді. Кейін қар тазалайтын техника жолды тазартып шықты.
«Өткен күндері қар көп түскен. Ал қар тазалайтын техниканың негізгі бөлігі Боголюбово ауылында болған. Өрт сөндірушілер оқиға орынына жеткеннен кейін, бұл техника, яғни Т-150 ауыр бульдозер және МТЗ, 10-15 минуттың ішінде бірден жолды тазарту үшін келген», деді Қызылжар ауданы әкімі аппаратының бас маманы Ахметжан Тобылбаев.
Солтүстік Қазақстанда жыл басынан 145 өрт оқиғасы тіркелген. 22 адам қаза болып, 29-ы түрлі жарақат алған. Ал ауа-райының бұзылуына байланысты өңірде 7 республикалық және облыстық маңызы бар жолдар жабылды.