Шартарапты шыр айналдырған пандемияның қырсығы біздің елді де айналып өтпегені белгілі. Зауал шақтың зардабы тимеген шаңырақ кемде-кем. Індет індеп, қалыпты тіршілігімізден әжептеуір айнып қалдық, қаншама шаруа тұралады. Жыл толған уақытта мемлекет жаманат індетті жамағандардың қатарын азайтуға, ахуалды тұрақтандыруға барынша күш сала жүріп, пұшайман күй кешкен халықтың әл-ауқатын да естен шығарған жоқ.
Былтыр жыл басында коронавирус инфекциясы жер-жаһанға қарқынды жайыла бастағанымен, біздің елге салқыны наурыз айынан бастап сезіле бастады. Сол уақытта індет күннен-күнге өршіп, ахуал күрделеніп, 16 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен елімізде төтенше жағдай режімі енгізілді. Содан бері коронавирус толқыны бірде күшейіп, бірде бәсеңсіп, соған сәйкес карантин дейтін індеттің «бұғауынан» да біржола құтыла қойған жоқпыз. Дегенмен бұл бәлекетпен күрес бір сәт те тоқтамай, елдегі эпидемиялық ахуал ұдайы қадағаланып отыр.
Індеттің таралуы біршама тыйылып, шектеу шараларын әлсіреткеніміз кері әсер етіп, жағдайды қайтадан қиындатып алған кездер болды. Бұған мысал ретінде былтыр 11 мамырдан бастап карантин жеңілдетілгеннен кейін эпидемиялық ахуалдың күрделенгенін келтіруге болады. Содан 5 шілдеден бастап талап-тәртіптің күшеюімен жағдай оңала бастады. Еуропа мен Азияның бірқатар елінде коронавирус инфекциясы күрт күшейіп, індеттің екінші толқыны басталғанда еліміздегі ахуал тұрақталып келе жатқан еді. Бұл Үкіметтің дер кезінде әрекет етіп, шілде-тамыз аралығында енгізген шектеуі індеттің жайылуын айтарлықтай шектегенін көрсетеді.
Індет қос бүйірден қысқан қысылтаяң шақта ең бастысы халықтың амандығы екені анық. Бұл ретте денсаулық сақтау саласына артылған жауапкершіліктің салмағы басым. Жағдайды одан әрі ушықтырмау үшін мемлекеттің күшімен көптеген іс-шара атқарылды. Індет дүрбелеңі басталған осы уақыт аралығында уақтылы медициналық көмек көрсету үшін қалаларда 16 модульдік аурухана салынды және 3 инфекциялық аурухана қайтажаңартылды, сондай-ақ 63 амбулаториялық-емханалық ұйым пайдалануға берілді. Халықты дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданды. 64 оттегі стансасы пайдалануға берілді, медициналық ұйымдар ӨЖЖ аппараттарымен (3 264 бірлік) толық қамтамасыз етілді. 185 аудандық аурухана 100% рентген-диагностикалық құралдармен жабдықталды. Жедел медициналық көмек қызметіне 1 367 автокөлік сатып алынды. Жылжымалы медициналық кешендер паркі толықтай жабдықталды.
Қазіргі уақытта коронавирус инфекциясымен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсету үшін 51 126 төсектік-орын резерві бар. Өңірлерге 100 жылжымалы медициналық кешен жеткізілді. Аудандық ауруханалар уақытылы диагностика жүргізу үшін 53 рентген аппаратымен толық жабдықталды, оның 49-ы отандық «Ақтөберентген» зауытынан сатып алынды.
2020 жылы денсаулық сақтау саласына инвестициялар өсімі 302,5 млрд теңгені құрады. Бұл – 2019 жылдың көрсеткішінен (2019 жылы – 124,6 млрд теңге) 2,5 есе жоғары.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осынау күрделі кезеңде халық алғысын арқалаған ақ желеңді абзал жандарға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті. «Эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлеріне материалдық қолдау көрсетілді. КВИ-мен күреске тікелей тартылған қызметкерлерге 3 тәуекел тобы бойынша 116 млрд теңге мөлшерінде үстемеақы төленді. Барлық дәрігерлердің, медбикелердің, санитарлардың, жедел жәрдем бригадаларының, зертханашылар мен эпидемиологтардың вирус жұқтыру қаупіне қарамастан, індетпен күрестегі ерлігі мен қайсарлығын ерекше атап өткім келеді. Мемлекет басшысының шешімінің арқасында үстемеақылармен қатар, 9 мыңнан астам науқас медициналық көмекке әлеуметтік төлемдер алды. Сонымен қатар 2020 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы 30%-ға, орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 20%-ға өсті», деді министр.
Президент осы жылдан бастап дәрігерлердің жалақысын кезең-кезеңімен көтеру және 2023 жылға қарай орташа жалақыдан екі жарым есе жоғары деңгейге жеткізу міндетін қойды. 2021 жылы 247 мың медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеруге 222 млрд теңгеден астам, 2022 жылы 362 млрд теңге, 2023 жылы 557 млрд теңге көлемінде қаржы бөлу көзделген. Осылайша 2021 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы шамамен 320 мың теңгені құрайды. 2023 жылы бұл көрсеткішті 561 мың теңгеге дейін жеткізу жоспарланған. 2021 жылы орта медициналық қызметкерлердің орташа жалақысы 173 мың теңгені құрайды, 2023 жылы 210 мың теңгеге дейін жеткізіледі. Бұған қоса 2022 жылдан бастап денсаулық сақтау ұйымдарының медициналық емес қызметкерлерінің де жалақысын көтеру мәселесі пысықталып жатыр.
COVID-19 бейдауа індет болған соң осы уақытқа дейін бұл аурумен күрестің жалғыз жолы сақтық шараларын қатаң ұстану ғана болды. Ал биылдан бастап індеттің таралуын біржола тыюға бастайтын вакциналау басталып кетті. Бұл амал коронавируспен күресімізді әжептеуір күшейтті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау басталды. Бірінші кезеңде ресейлік «Спутник V» вакцинасы сатып алынды. Рекордтық қысқа мерзімде Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында «Спутник V» вакцинасы өндірісі жүзеге асырылды. Сондай-ақ сәуір айында өзіміздің отандық QazCovid-in вакцинасын қолдану жоспарланып отыр.
«Халыққа иммунопрофилактика жасау үшін біз e-gov mobile «Вакциналау» сервисін, sms-хабарламаларды, жеке кабинетті пайдалану, сондай-ақ «Цифрлық құжаттар» сервисіне вакциналау паспортын енгізу арқылы IT-технологиялардың мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланамыз. Вакциналау жүргізу туралы деректер министрліктің орталықтандырылған ақпараттық жүйесінде электронды форматта жүргізіледі. Бұл вакциналанғандардың санын есепке алуға және вакциналау көлемін жоспарлау мен сырқаттанушылықты болжау үшін болашақта халықтың иммундық мәртебесін қадағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ министрлік профилактикалық егулерді жүргізу, вакцинаны тасымалдау және сақтау кезінде суық тізбек шарттарын сақтау мәселелері бойынша стандартты операциялық рәсімдерді дайындады және бекітті. КВИ-ға қарсы вакциналау тактикасы және вакциналаудың қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ету бойынша 2 мыңнан астам медицина қызметкері оқытылды. Бүгінде бүкіл әлем тек вакциналау бәрімізге карантинсіз таныс өмірге оралуға мүмкіндік беретінін түсінді. Осыған байланысты барлық өңір иммунопрофилактика мәселелері бойынша халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет», деді А.Цой.
«Үйренген жау атыспаққа жақсы» дегендей, жалпы жағамыздан алған бұл жаманат індетпен қалай күресу керек екенін көпшілік түсіне бастады. Айналамыздағы адамдар бетперде тағып, арақашықтық сақтап, талап-тәртіпті ұстану, ауру жұқтырған күннің өзінде байбаламға салмай, ем-дом жасайтын дәрігерлерге жүгіну сияқты қарапайым ережелерді үнемі қаперінде ұстайды. Оның үстіне қазір бұрынғыдай емес екпе салдыруға ниеттілердің қатары да көбейіп келеді. Мұның бәрі індет таралуын шектеп, эпидемиялық ахуалдың тұрақтануына ықпал етеді.