• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Наурыз, 2021

Қаратауда қараусыз қалған үй көп

888 рет
көрсетілді

Кезінде өркендеген өндірісі арқылы өңірде ғана емес, елімізде де әйгілі болған Қаратау қаласының тоқсаныншы жылдары құлдырағаны баршаға мәлім. Сол кездегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың салқыны жергілікті халыққа да оңай тиген жоқ. Сөйтіп Жамбыл облысындағы өндіріс ошағы мол бірден-бір қала қайта құрудың құрбанына айналды.

Күнкөріс қиындаған соң, қала тұрғындары біртіндеп жан-жаққа көше бастады. Тіршілік қамын күйттеген қарапайым халық өз несібесін өзге жақтан іздеуге мәжбүр болды. Сондай күрделі кезеңде Қаратау қаласын­дағы көп қабатты тұрғын үйлер қарау­сыз қалғандықтан, бұл жер кейіннен қаңғыбастардың мекеніне айналды. Күн көрудің өзі қиындық тудырған кезең­де баспанасын тастап, бас сауғалап кеткен елдің көбінің Қаратауға қайта оралуға құлқы да, ниеті де болмаған. Бұл жағдайды қазыналы Қаратауды жайлап отырған қарапайым жұрт­тың бәрі біледі. Көшкен елдің жұртын­дай болып қалған сол үйлер кейіннен әртүрлі жағдайлармен талан-таражға түсіп, әлдекімдердің меншігіне айналып шыға келген. Бұл күнде еліміздің жағдайы түзеліп, дамудың даңғыл жолына түссе де, аталған мәселе сол күйі толығымен шешімін таппай келеді.

Еліміз егемендік алған алғашқы жылдарда Қаратау қаласында барлығы 202 шағын және көп қабатты тұрғын үй болған екен. Алайда 1996 жылдар мен 2000 жылдар аралығында қала­да өнеркәсіп өндірісі тоқтап, жұмыс­сыздық белең алған. Содан халық жаппай көшіп, соның салдарынан қалада бірқатар үй иесіз қалған. Бұл күнде Талас ауданының орталығы саналатын Қаратау қаласында қаңқасы ғана қалған тұрғын үйлер көп. Қарт Қаратаудың сілемдерін бойлап, еңіске қарай құлағанда қаланың көркіне нұқсан келтіріп тұрған тұрғын үйлер бірден көзге шалынады. Есік-терезесі жоқ, тозған, ескірген үйлердің дені еліміз тәуелсіздік алғалы отыз жыл болса да, әлі толық қалпына келті­рілмеген. Аталған мәселе туралы Талас ауданының әкімі Бақыт Қазан­басов­тан сұрағанымызда, ол «Мо­но­қала­ларды дамытудың 2020 жыл­ға дейінгі бағдарламасы» аясында 2013-2015 жылдары аралығында жөн­деуге келмейтін, адам өміріне қауіп төн­діріп тұрған апатты жағдайдағы 41 көп қабатты тұрғын үйлердің бұзылып, орындары тегістелгенін айтты. Әкімнің айтуынша, кезінде қаладағы көптеген үй­ді есебін тапқан әлдекімдер жеке­шелендіріп алыпты. Енді аудан әкімдігі тарапынан қаражат бөліп, иелерінен сол үйлерді қайта сатып алайын десе, олар елде жоқ бағаны айтып отыр екен. Содан қымбат қаражатқа сатып алуға мүмкіндік болмаған соң, біраз тұрғын үйлер қаңырап әлі күнге дейін бос тұр.

Бүгінде Қаратау қаласында 4 741 пәтерлі 148 шағын және көп қабатты тұрғын үй бар. Оның бірқатары кезінде жекешеленіп кеткендіктен, қазіргі кезде не бұзуға, не жөндеуге келмей отыр. Дегенмен, қалада пәтер кезегінде тұрған азаматтардың көп­ті­гін ескерсек, оларды жөндеп, бас­па­на­ға мұқтаж жандарға түрлі жеңілдік­тер арқылы беруге болады. Қаратау қала­сы бойынша бүгінде пәтер кезегінде 1 753 адам тұр екен. Үйсіз жүрген қала тұрғындары әлі де жақсылықтан үміт­ті. Мәселен, қала тұрғыны Аягөз Жаңа­тай мұнда баспанаға мұқтаж жан­дар­дың көп екенін, алайда көптеген тұр­ғын үй жөнделмей жатқанын жет­кіз­ді. Бұл жергілікті жұртшылықты жиі ойландыратын мәселенің бірі. Ал аудан әкімдігінің мәліметінше, тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында тиісінше жұмыстар жүргізілуде.

«2012-2019 жылдар аралығында «Қол­жетімді баспана-2020» мемле­кеттік бағдарламасы аясында қаланың үшінші және бесінші шағын­ аудан­дарындағы және Б.Момыш­ұлы мен Ә.Ақшораев көшелеріндегі 9 көп қабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтіп, кезекте тұрған қала тұрғындарына берілді. Сондай-ақ көп балалы және аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылы сот шешімімен коммуналдық меншік құқығы танылған 3-шағын аудандағы №3 44 пәтерлі көп қабатты жатақхана күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Қайта жаңғыртуға қажетті 199 млн теңге облыстық бюджеттен бөлінді. Сонымен қатар өткен жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3-шағын аудандағы №22 және 5-шағын аудандағы №26 2 көп қабатты тұрғын үй қайта жаңғыртылды. Бұл 115 пәтерлі тұрғын үйлердің жалпы ауданы 7 294 шаршы метрді құрайды. Аталған үйді қайта жаңғырту жұмыстарына бюджеттен 711 млн 755 мың теңге бөлінді. Жаңғыртудан өткен құрылыс нысаны өткен жылдың желтоқсан айында қабылданды», дейді аудан әкімінің орынбасары Қайрат Серимов.

Сонымен қатар былтыр қаладағы жекеменшік құқығындағы, бірақ бос тұрған көп қабатты тұрғын үйлерді сатып алу жұмыстары басталған. Бүгінге 3-шағын ауданындағы 44 пәтерлі №5 «А», 44 пәтерлі №6 «А» және 80 пәтерлі Б.Момышұлы көшесі №17 көп қабатты тұрғын үйлер меншік иелерінен сатып алынған. Аталған үйлерді алу жұмыстарына бюджеттен 55 млн теңге қаржы қарастырылған. Сол сияқты бюджеттен бөлінген 196 млн теңгеге 3-шағын аудандағы 40 пәтер­лі №75 көп қабатты тұрғын үй мен­шік иесінен сатып алынып, бү­гін­гі таңда кезекте тұрған қала тұр­ғындарына берілуде екен. Алайда мәсе­ле мұнымен шешілмейді. Әлі де Қара­тауда қаңырап бос тұрған үй жетер­лік. Бүгінде қаладағы бос тұрған 5 көп ­қабатты үй мен 1 қонақүй меншік иелерінен сатып алуды қажет етеді.

Жамбыл облысының Қаратау, Жаңатас және Шу қалаларында тұрғын үйлерді жөндеу мәселесі әлі де өзекті. Мәселен, Қаратаудағы бірқатар үй жекешеленіп кеткендіктен, оны иелері не өзіне, не өзгеге бермей отыр. Аудан бас­шылығы олардың баға­ны аспандатып отырғанын айтуда. Деген­мен, үй иелері әкімдік берген 20-25 млн теңгенің көлеміндегі қаражатқа иелі­гіндегі мүліктерін сатса, осы күнге дейін күрделі болып келген мәселе оң шешімін табатын еді.

 

Жамбыл облысы,

Талас ауданы