• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Наурыз, 2021

Тәуелсіздік көшесінің тұрғындары тізеден балшық кешіп жүр...

940 рет
көрсетілді

«Егеменнің» Алматы облысындағы тілшілер қосынына Іле ауданына қарасты Қоянқұс ауылының тұрғындары хабарласып, өздері тұратын елді мекендегі бірқатар мәселе туралы айтқан еді. Ағайындарды он жыл бойына жөндеу көрмеген ауыл ішіндегі жолдың жайы алаңдатады.

Қоянқұс ауылы – Алматы қаласы­ның іргесіндегі ірі елді мекеннің бірі. Урбанизация үрдісі тоқтаусыз жүріп жатқан аймақ ретінде ауыл іргесі жыл сайын кеңейіп, жаңа құры­лыс аумағы да жылдам бой көтер­уде. Демек, жыл сайын салынған жаңа тұр­ғын үй кезекті әлеуметтік мәсе­­ле­нің туындауына арқау болып отыр­ғаны анық. Оның ішінде жол, ауыз су, жарық, көгілдір отынмен қам­ту проб­лемасы өткір мәселе болып тұр. Тұрғын­дар­дың ем­ханаға тіркелуі мен оқу жасын­дағы бала­лардың мектепке орна­ласуы да бөлек жыр. Ал журналис­терге шағым­данған адамдардың базы­насы осы мәселенің ішіндегі ең күр­д­е­лісі болып отырғанға ұқсайды. Өйткені ауылдың бірнеше көшесі он шақты жылдан бері жөнделмей, тұрғындар көктем мен күз айларында тізеден балшық кешіп жүреді екен. Әрі бұл жағдайдан жергілікті биліктің бұрыннан хабардар екенін айтқан жұрт нақты ше­шім қабылдауға келгенде тиісті орын­дар­дың құлықсыздық танытатындары­на наразы. Істің аяқсыз қалуынан шар­шаған тұрғындар БАҚ өкілдерінен ауыл көшелеріндегі көріністі көзбен көру­­ді өтініп, арнайы келуімізді сұра­ған бо­латын. Жағдаймен танысу үшін об­­лыс­тық «Жетісу» газетінің тіл­шісі Қуат Қай­ран­баевпен бірге Қоян­құс ауы­лы­­ның Тәуелсіздік көше­сіне келдік.

– Он жылдан бері жаза-жаза жа­уыр болған, айта-айта «құрғақ уәдеге» тойған Тәуелсіздік көшесі тұр­ғын­дары­ның жанайқайына құлақ түріп, түйт­кілді мәселенің түйінін шешу­ге қолұшын берсеңіздер, газет оқыр­маны ретінде қуанып қалар едік. Ауыл­дың Тәуелсіздік және Бруси­лов­ский көшелерінің «лай-батпақ» көшесі атанғанына талай жыл болды. Себебі айрандай езілген көшеде аяқ басар жер жоқ. Әсіресе балаларымызды мектепке апару қиынға түсіп отыр. Облыс, аудан әкімінің сай­ты­на қанша жазғанымызбен, құр­ғақ уәде­ден өңге жауап естімей келе­міз. Сондықтан ауылымызға келіп, қалып­тасқан жағдайды өз көздеріңізбен көріп, халықтың жанайқайын тиісті орындарға жеткізулеріңізді сұраймыз, – дейді Қоянқұс ауылындағы Тәуел­сіздік көшесінің тұрғындары атынан сөз алған Рауза Әбдікерімқызы.

Жалпы, сырт көзге Қоянқұс ауылы­­ның жаңа қоныс аумағында басы артық мәселе жоқтай көрінеді екен. Үйлерде жарық бар, орталық су құ­быры тартылған, көгілдір отын да жа­нып тұр. Алайда тұрғындар бұл же­тіс­тікке өз күштерімен қол жет­кіз­генін айтады. Өйткені жарыққа қосы­лу, су құбырын үйге жалғау және газ желісін тарту үшін әр үй қомақты қаржы жинаған. Мәселен, бұл маңның тұрғындары жарық үшін 150-200 мың теңге, су құбыры үшін  100-180 мың теңге және көгілдір отын үшін 350 мың теңге көлемінде ақша жұмсаған. Ал көшені жөндеуге қарапайым адам­дардың күші жетпейтіні анық.

– Біз де қарап жатпай, өзіміз тұратын ауыл болғасын қолдан келген шаруаны атқарып жатырмыз. Үй-үй болып есік алдына, ортақ көшеге тас төсеуге тырысып-ақ келеміз. Бірақ біз төккен тас пен құм жерге сіңіп, жол болып жарытпай тұр. Қазіргідей көк­темде жаяу жүру қиямет. Көліктер де жиі батып қалады. Міне, мектепте сабақ өтуге рұқсат етіліп, бастауыш сы­нып оқушылары барып жатыр. Олар­ды үлкен жолға дейін жетелеп апарып, аяқкиімдерін ауыстырып ки­гіземіз. Мектеп жақын әрі жаңа­дан салынған. Тек аралықта қала­ға өтетін үлкен жол бар, сол тұс­тан ба­ла­­лар өтетін жаяу жүргінші жо­ла­ғын са­лып беруді сұраған едік, әкім был­­тырғы есеп беруінде уәде еткен, әлі орын­далған жоқ, – дейді ауыл тұрғыны, зейнеткер ұстаз Күләш Бабылханова.

Тәуелсіздік көшесі тұрғындары­ның базы­насын тыңдауға Байсерке ауыл­дық округі әкімінің орынба­сары Дәулетхан Жетеуов те келген екен. Лауазым­ды шенеунік ауылдағы мәсе­лемен етене таныс екенін айтып, өз уәжін жеткізді.

– Байсерке ауылдық округіне бұл ауылдан басқа, Көктерек, Жаңаталап, Жаңадәуір, Әли, Ынтымақ және Байсерке елді мекендері кіреді. Мұнан бөлек 23 саяжай тағы бар. Үлкен аумақ болғасын, проблема да көп. Оның барлығын бір сәтте шешіп тас­тау мүмкін де емес. Ал көшелерді асфальттау бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Кезекте 200-ге жуық көше бар. Қоянқұстағы Тәуелсіздік көшесі ғана емес, сонымен қатар Айманов, Брусиловский, Мұратбаев, Уәлиханов атындағы көше­лер де кезек күтіп тұр. Өткен жылы округ бойынша 30 көшеге то­лық­тай жөндеу жұмысы жүргізілді. Биыл тағы жалғасады. Біз өз тарапы­мыздан бюджетке тапсырыс беріп қойдық. Ол ұзақ процесс және нәти­же­сі қалай болатыны бізге қазір бей­мәлім. Негізінен мамыр айында жұмыс бас­талады, сол кезде арнайы келіп, тұрғындармен тағы да кездесеміз. Мүмкіндікке қарай, ауылдағы барлық көшелер жөнделеді, – дейді Байсерке ауылдық округі әкімінің орынбасары Дәулетхан Жетеуов.

Ал тұрғындар билік өкілінің уәжіне тоқтап, уәдесіне сенген кейіп таныт­қанымен, жағдайдың жақын арада шешімін табатынына бәрібір күмәнмен қарайды. Сол себептен де бұл мәселені БАҚ назарында ұстаса екен дейді. Енді, биыл 30 жылдығы тойланатын ел Тәуелсіздігінің құрметіне аталған көше тізеден келетін балшықтан тазарып, көрікті мекенге айналады деген үміт ақталса игі...

 

Алматы облысы