• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Наурыз, 2021

«Астана Балеттегі» ғажайып гала-концерт

350 рет
көрсетілді

Көктемнің алғашқы күндерінде «Астана Балет» сахнасында ғажайып гала-концерт өтті. Қатарынан екі күн бойы еліміздің жетекші үш театры – «Астана Балет», «Астана Опера» және Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театрының жетекші солистері, қазақстандық белгілі балет жұлдыздары бір сахнада бас қосып, тамаша өнер туындысын көрерменіне тарту етті.

Екі бөлімнен құралған кеш бағдар­ла­масы негізгі он алты нөмірге топтас­тырылған. Театр әртістері класси­ка­лық мұраға айналған спектакль­дер­дің үзінділерін көркем хореография тілінде шебер орындап шықты.

Бағдарламамыздың өте мазмұнды әрі сан алуан болуына барынша назар аудардық. Тіпті кейбір партиялардың сахнамызда алғаш орындалғанын атап өтуіміз керек. Осы бағдарламаны дайындаған кезде, өз басым, келіп жет­кен көктем шуағын – жаңа өмір тынысын, махаббат пен іңкәр сезім­ді жеткізгім келді. Сондықтан әр би құштарлық, романтикалық, мелан­хо­лиялық сезім иірімдері сынды махаб­бат­тың сан қырын суреттейді, – деді «Астана Балет» театрының көркемдік жетекшісі Нұрлан Қанетов.

Концерттің бірінші бөлімінде Ц.Пуни­дің «Эсмеральда», П.Чай­ковс­кий­дің «Аққу көлі», Б.Асафьевтің «Париж алауы», К.Глюктің «Әуен», А.Аданның «Корсар», П.Масканидің «Diversity», П.Чайковскийдің «Divine» сынды балет­терінен үзінді орындалды. Әсіресе, ал­ғаш­қы бөлімді түйіндеген үш театрдың же­текші солистері, үздік трио – Фархад Бөриев, Бахтияр Адамжан мен Жанел Төкееваның Адольф Адан музыкасына қойылған «Корсар» балетінен көрсеткен көркем ізденісі көрермен қауымның зор ықыласына бөленді.

 Ал ғаламат кештің екінші бөлімін­де «Жизель» балетінен гранд-па, «Кармен-сюита» балетінен дуэт, «Аққу көлі» ба­ле­тінен адажио, Федор Лопу­хов хорео­гра­фиясындағы «Го­пак», «Спартак» балетінен дуэт, «Шопе­ниана» балетінен вальс, Love Fear Loss балетінен дуэт және «Дон Кихот» балетінен па-де-де ұсынылды. Би кешінің жарқын көрінісінің бірі А.Хачатурян музыкасына хореограф Георгий Ковтун қойған «Спартак» балетінен адажио еді. Елордалық театр сахнасына спектакль үзіндісін «Астана Балет» театрының көркемдік жетекшісі, Ресейдің еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Қанетов көшірді. Спартак пен Фригияның бейнесін Фархад Бөриев пен Айнұр Әбілғазина сомдады.

Сондай-ақ аңызға айналған айтулы гала-концертте Татьяна Тен, Қазбек Ахмедияров, Дилара Шомаева, Айжан Мұқатова, Уэсли Карвальо, Эльдар Сәрсембаев, Балжан Әбдірахманова бас­таған «Астана Балет» театрының же­текші солистері мен шақырылған әртістер қата­рын­да өнер көрсеткен – «Астана Опера» театрының премьері Бахтияр Адамжан, Абай атындағы Қазақ ҰАОБТ-ның бірегей бишілері Жанел Төкеева, Рахым Дайыров пен Мәлика Елшібаева өнері елордалық көрермен көңіліне көктемнің ғаламат шуа­ғын дарытқандай естен кетпес ерекше әсер сыйлады.

Өзінің жаңашыл қойылымдарымен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп жүрген «Астана Балет» труппасының көрерменіне наурыз айында ұсынар тартуы мұнымен әсте шектелмек емес. Ұжым осы айда «Вальпургиев түні» және «Гайя» бір актілі балеттері мен Ұлыс­тың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында «Ұлттық хореография кешін» елордалық көрермендер мен қала қо­нақтары назарына ұсынуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар сұхбат барысында театрдың көркемдік жетекшісі сәуір айындағы қойылымдар жайлы да айтып қалды. Көп ұзамай көрермен көзайымына айналған – «Бейбарыс сұлтан», «Махаббат туралы аңыз» және «Жизель» балеттері көрерменімен сахна төрінде қайта қауышатын болады.