• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Наурыз, 2021

Кәсіп иелері несібесіз қалған жоқ

692 рет
көрсетілді

Былтыр пандемия барлық саланы сергелдеңге түсірді. Әсіресе, экономика, кәсіпкерлік секторы едәуір шатқаяқтап қалды. Дегенмен де мемлекет дағдарыстың салқынын сездірмес үшін қолдан келген шараларды жасады. Бизнесті қолдау үшін субсидиялар бөлді. Кәсіпкерлердің алған несиесі қайта қаралды. Ауыл шаруашылығы, сауда және өңдеу өнеркәсібіне де көңіл бөлінді.

Отандық бизнесті қолдау үшін Үкімет дағдарысқа қарсы іс-шаралардың барлық тиімді тетігін қарастырды. Соның ішінде «Бәйтерек» холдингі мен оның еншілес ұйымдары да кәсіпкерлік саласын күрделі кезеңнен алып шығу жұмыстарына жұмылды. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпхановтың айтуынша, холдинг коронавирус өршіген тұста да жұмысын тоқтатпай, қызмет көрсетуді қа­шықтан ұсынған. «Вирус тарал­ған кезде халықты сабылтпас үшін қызметтің бәрін онлайн ұсындық. Өтініштердің қарау уақыты мен керекті құ­жат­тардың санын қысқартып, елге неғұрлым жедел қызмет көрсетуге тырыстық. Ресімделген құжаттар да онлайн нұсқада иесіне жіберіліп отырды», дейді А.Әріпханов.

Орта және шағын бизнес­ке көр­сетілген қолдаудың үл­кені несиені қайта қарау болды. Қазақ­станның Даму банкі 2020 жылы кәсіпкерлердің ғана емес, инвестициялық жобаларға берілген несиені де қайта қарап, мерзімін ұзартып, мөлшерлемесін азайтты. Айталық, былтыр 16 нау­рыз бен 31 желтоқсан аралы­ғында «Даму» қоры «субсидиялау» тетігі бойынша шағын және орта бизнестің 4 179 жобасының кредитін қайта қарап, жеңілдіктер берген. Осы кезең ішінде қор «кепілдік беру» құралы бойын­ша 3 291 жобаның несиесін қай­та құру жөніндегі ұсынысты ма­құлдаған. Сондай-ақ «Даму» қоры кәсіпкерлердің жобаларын қаржыландыру үшін оларға қолдау білдіріп отырған.  Былтыр кәсіпкерлердің 9 984 жобасы қор тарапынан қолдау көрген. Бұл − 2019 жылмен салыстырғанда 19%-ға артық көрсеткіш.

Аяқ астынан болған пандемия жағдайы бизнес саласына ауыр соққы болса да Үкімет тарапынан жасалған батыл қадамдар оларға әжептеуір қолдау болғаны анық. Мысалы, дағдарысқа қарсы шаралардың бірі − «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасына кәсіпкерлікті қолдаудың жаңа бағыттары ен­гізілді. Соның нәтижесінде биз­нес субьектілеріне мөлшер­ле­ме­сі 6%-дан аспайтын субсидия бөлін­ді. Айналым қаража­тын толық­тыруға – 5 млн тең­геге дейін, ин­вес­тициялық мақсат­тарға 20 млн теңгеге дейін қаржы бері­ле бастады. Оның кепіл мәсе­лесін «Даму» қоры мойнына алып, жалпы қарыз соманың 85%-на дейінгі мөлшеріне өздері кепілдік берді.

Сонымен былтыр «Бизнестің жол картасы – 2025» аясында субсидиялау тетіктері негізінде жалпы кредит мөлшері 411,5 млрд теңге болатын 5 808 жобаға қолдау көрсетілді. Бұл ретте 35,1 млрд теңгеге жуық субсидия төленгенін атап өткен жөн. Бұған қоса, жалпы көлемі 214,8 млрд теңге болатын 6 782 жо­баға қордың кепілдігімен қол­дау көр­сетілді. Берілген кепілдік­тер­дің жалпы мөлшері 81 млрд теңгені құрады.

Ал 2020 жылдың қазан айын­да COVID-19 пандемиясы кезін­де экономиканың ең көп зардап шеккен салаларда жұмыс істе­ген шағын және орта бизнеске субсидия беру бағдарламасы қабыл­данды. Оған экономиканың 29 сек­торы қамтылды. 8 454 жоба­ға қолдау көрсетіліп, кредит порт­фелінің жалпы көлемі 426,8 млрд теңгені құрады. Осы бастама шеңберінде субсидиялар 2020 жылдың 16 наурызынан бастап берілсе, биылғы 15 наурызға дейін жалғасады.

2020 жылдың қорытындысы бойынша «субсидиялау» тетігі бойынша келіп түскен барлық өтініш­тің 96,7%-ы онлайн рәсім­делген. Айталық, 2019 жылы бар-жоғы 678 жоба, яғни Элек­тронды үкімет арқылы жолдан­ған жалпы өтінімнің 28%-ы ма­құл­данса, 2020 жылы бұл көр­сет­к­іш 90,5%-ға жеткен. Осы ретте кәсіп­керлікті қолдауға б­ағыт­талған бағдарламаларға қа­ты­су­ға өтініш білдіргендерден ке­ліп түскен жоба саны 2019 жыл­мен салыстырғанда 1,3 есеге артып, 24,3 мыңнан 32,5 мыңға көбейген.  

Үкімет пандемия кезінде жеке құрылыс салушыларды да назардан тыс қалдырған жоқ. Былтыр коммерциялық кредит­тер­дің құны арзандатылып,  23 млрд теңгеге жеке құры­лыс салу­шылардың жобалары субси­дия­ланған. Сондай-ақ Мемле­кет басшысының тапсыр­масын орындау мақсатында «Отбасы банк» пен «Қазақстан ипо­текалық компаниясы» айып­пұл­дар мен өсімпұлдарды есеп­­темей, негіз­гі борыш пен сыйақы төлемдерін 90 күнге кейін­ге шегеруге мүм­кін­дік берді. Осылайша, 34,7 мың азамат­тың төлемі шегерілген. «Қазақстан ипотекалық компаниясы» меншігіндегі жылжымайтын мүлік нысандарын жалдау ақысын 2020 жылдың соңына дейін тоқтатқаны да жеке кәсіпкерлерге біраз қолдау болғаны анық.