Атырау облысында былтырғы 27 наурыздан бері 17,5 мың адам коронавирус инфекциясын жұқтырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оның ішінде 1073 медицина қызметкері бар.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, коронавирус инфекциясын жұқтырудың алғашқы дерегі былтырғы 27 наурызда тіркеліпті. Сол күні 3 адамнан қауіпті вирус анықталған.
«Атырау облысында Сovid-19 пандемиясы басталғалы бері 17,5 мыңнан астам тұрғын қауіпті вирусты жұқтырды. Оның ішінде 1073 медицина қызметкері бар. Арнайы комиссияның шешімімен 777 қызметкерге 2 миллион теңге көлемінде өтемақы төленді. Өкінішке орай, 14 медицина қызметкері кәсіби міндетін орындап жүріп, коронавирус инфекциясын жұқтырғаннан қайтыс болды. Қайтыс болған әріптестеріміздің туыстарына 10 миллион теңгеден астам өтемақы төленді» деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев.
Оның айтуынша, мұнай компанияларының демеушілігімен 60 миллион теңге көлемінде көмек көрсетіліп, комиссияның шешімімен 260 медицина қызметкеріне төленіпті.