Батыс Қазақстан облысында 27 елді мекенді су басу қаупі жоғары. Бұл жөнінде облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашев мәлімдеді.
Бүгінде облыс аумағындағы барлық өзен-көл қатып жатыр. Дегенмен, көп жылдық мониторингке қарасақ, 36 мыңнан астам халық тұратын 85 елді мекен су тасқыны қаупіне ұшырауы мүмкін. Ең қауіпті аумақ – Орал қаласы, Тасқала, Қазталов және Бәйтерек аудандары.
– Біз өңірдегі тасқын ықтималдығын үш деңгейге бөлеміз. Мәселен, облыста су басу қаупі жоғары 27 елді мекен бар. 50 елді мекен – су басу қауіптілігі орташа деңгейге, тағы 8 елді мекен қауіптіліктің төмен деңгейіне жатады, – дейді Жасұлан Жұмашев.
Облыс тұрғындарына ең үлкен қауіп трансшекаралық өзендерден келеді. Бұл бастауын Ресейден алатын өзендердің мол суына ғана емес, көрші ел аумағында орналасқан су қоймаларынан жіберілетін су көлеміне де байланысты. Өйткені өздеріне қауіп төнгенде мол суды төменге қарай жібере салу өрдегі көршілеріміздің байырғы әдеті.
Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшылығы ресейлік әріптестерімен, атап айтқанда, Саратов және Орынбор облыстарымен су тасқыны жағдайы бойынша жиі хабар алмасып отыратынын, соның ішінде Ириклин және Варфоломеев су қоймаларын қауіпсіз және өзара тиімді пайдалану мәселелері бойынша өзара болжамдық және жедел ақпарат алмасу тұрақты негізде жүргізілетінін айтады.
«Қазгидромет» филиалының мәліметіне қарағанда, облыс аумағында биылғы жауын-шашынның мөлшері қалыпты. Қардың ең қалың қабаты 31 см болса, топырақтағы тоң 35-69 см-ге жетеді. Шыңғырлау, Шежін-2, Өлеңті және Шідерті өзендерінің бассейндерінде ылғал қорының көлемі қалыпты деңгейде болса, Деркөл мен Шаған өзендері бұған дейінгі көп жылдық көрсеткіштерден 13-16%-ға төмен екен. Әрине сақтықта қорлық жоқ. Қар күрт еріп, жаңбыр мол жауатын болса, елді мекен тұрғындарына қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан өңірде су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында кешенді іс-шаралар жүргізілуде. Ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу жоспары бекітіліп, облыстық, қалалық және аудандық су тасқынына қарсы комиссиялар мен штабтар құрылған.
Жергілікті билік орындары елді мекендер ішіндегі қарды, аулаларды тазарту ісін қыс басталғалы назарға алып келеді. Соның ішінде қала көшелері мен өндірістік нысандар аумағынан қар шығару жұмысын ұйымдастыруы, еріген судың еркін ағуы үшін арықтардың тазалануы, жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін шатырды қардан және сүңгіден тазарту жұмысы жүргізілуі қажет. Бұл талаптарды орындамаған тұлғаларға заңды шара да қолданылады.
– Әкімшілік кодекске сәйкес аумақты абаттандыру ережелерін бұзғаны, оның ішінде қарды уақтылы жинамағаны үшін 22 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы.
Соңғы мәліметтерге қарағанда, облыс аумағындағы елді мекендерден 593 480 текше метр қар шығарылып, 1150-ден астам текше метр еріген су сорылған. Ең көп жұмыс, әрине Орал қаласында атқарылуда. Облыс орталығында күні бүгін 537 233 текше метр қар қала аумағынан аулаққа шығарылған. Соның 3866 шаршы метрі – соңғы тәуліктің жұмысы. Көктемде болуы ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу және жою үшін жалпы саны 2591 адам, 734 техника, 45 жүзу құралы және 295 мотосорғы дайындалған.
– Наурыз айының 4-5-і күндері «Көктем-2021» атты республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Іс-шара барысында күштер мен құралдардың дайындығы тексерілді. Батыс Қазақстан облысы көктемгі су тасқыны маусымына сақадай сай, – деп хабарлады облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Бәкизат Мағзенова.
Жалпы, осы көктемде болуы ықтимал түрлі сипаттағы төтенше жағдайларды жою үшін облыс бойынша 1,5 млрд теңге қарастырылған көрінеді. Бүгінгі таңда 443 тонна жанар-жағармай, 88 мың дана қап, 22 мың тонна инертті материалдар қоры дайындалған. Мұзжарғыштар бригадалары үшін – 6,820 млн теңге, тікұшақ көмегімен аэрозерттеу жүргізу үшін – 16,7 млн теңге, қосымша қаптар сатып алу үшін – 2,895 млн теңге көлемінде шарттар жасау мақсатына қаражат көзделген.
Өткен жылдардың тәжірибесі көрсеткендей, Батыс Қазақстандағы су тасқынының деңгейі облыстағы жағдайға ғана емес, Ресей аумағындағы ауа райына да байланысты болады. Сондай-ақ бір тәулік ішінде жауын-шашынның айлық нормасы түсуі мүмкін, бұл су тасқыны жағдайының туындауына соқтырады. Сондықтан төтенше жағдайлар қызметі «сақтансаң – сақтаймын» деген қанатты сөзді басшылыққа алып, кез келген оқиғаға дайын тұруға тырысады.
Батыс Қазақстан облысы